Өткенді еске алсам Ильич шамы

 

Дереккөз: el24kz

Өткен ғасырдың 1960 жылдары ауылда «Ильич шамы» жоқ, оның орнында керосин шамы болды. Осылай керосин шамына шомылған ауыл қараңғылыққа тұншығып, кешкі тіршілік басталатын. Шам жарығымен балалар сабаққа дайындалады, әкеміз бітпей қалған шаруаларына кіріседі. Анамыз пеш жағып балаларына тамақ дайындайды, жыртылған киімдерімізді жамап, бүтіндеп береді.

Осылай керосин шамына шомылған кешкі ауыл тіршілігі басталатын. Маңайымыздағы ауылдарда да осындай жағдай. Ал электр жарығы тек аудан, совхоз орталығында ғана бар деген үлкендердің айтқандары бізге ертегідей естілетін.

1968 жылы әкемнің 2 дүниежүзілік соғыс жылдары «Біләл» мектебінің директоры болған Нұржан Әуелбекұлының осы аталмыш мектепте оқыған баласы Еркін Нұржанұлы «Көкшетау» облысының 1 хатшысы болып келгенін мақтанышпен айтып, мүмкін біздің ауылға да бір шарапаты тиіп қалар деген үміті, бізге қанат бітіргендей болатын. Ал балалардың арманы ауылда «электр светі» болса деген тілек қой.

Кезінде «Қаратал» колхозы қуатты шаруашылық болатын: ауылда жел диірмен, наубайхана, құс фермасы, мыңғырған төрт түлік малы болды. Негізгі құралдар ауыл шаруашылық жұмыстарын атқаруға жеткілікті еді. Бірақ Хрущевтің ауыл шаруашылығын ірілендіру саясаты кезінде 1961 жылы колхоз тарап, «Заветы Ильича» совхозының бөлімшесі болып қалды. Халық жан - жаққа үдере көшіп, ауылда 20-30 үйдей қалған кез.

1968 жылы ақпан айында ауылға Әуелбеков Еркін келіп, ауыл басшыларымен кездесіп, өзі оқыған мектептің қирағанына қынжылып, ауылдың атқамінерлеріне «тым болмаса мұражай қылып неге сақтамадыңдар» деп ұрысса керек. Содан ауыл жұртшылығымен сөйлесіп, олардың тілек - мұқтаждарын тыңдап, оны орындауға уәде береді. Жаз шыға ауданнан электриктер келіп бір күннің ішінде электр бағаналарын орнатып, ауылда тұңғыш рет электр жарығы жанды. Әсіресе балалардың қуанышында шек болған жоқ. Өз басым үйдің электр жарығын күндіз - түні сөндіртпей қойғаным бар, өйткені жарықты сөндірсем жанбай қалатындай қорқыныш болды. Тіптен анам енді жарық сөнбейді десе де сенгім келмеді... Бірақ, сол күннен бастап ауыл электр шамының нұрына бөленді.

Осылай Ленниннің 1917 жылы «коммунизм - бүкілді елді электендіру» деген саясаты Қаратал ауылында 1968 жылы маусым айында Әуелбеков Е.Н. пәрменімен жүзеге асты. Электр желісі ауыл өміріне тың серпін берді, ауылда су торабы, бу қазандығы, кір жуатын машиналар, тоңазытқыш, теледидарлар, автокөліктер т.б. пайда бола бастады... Бұл ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартты.

Тағы бір айта кететін жайт Еркін Нұржанұлы 1969 жылы 23 тамызда құруға шақ тұрған алты қазақ ауылының басын қосып «Қаратал» кеңшарын құрды. Бұл ауыл үшін тарихи уақиға болды. «Қаратал» кеңшары 35 мың бас қойы, 2 мың бас жылқысы, 1200 қара бас малы болған ірі шаруашылық дәрежесіне көтерілді. Бір өкініштісі тәуелсіздік жылы қабылданған шала экономикалық реформа шаруашылықты құрдымға жібергені...

...Көкшетау қаласында оқыған кезде «Ленин сарайының» төбесінде облыстың үкіметке тапсырған астығының мөлшерін көрсететін табло тұратын, оқудан шығысымен сарайдың жанына «әдейлеп» барып, тапсырған астықтың көлемі ұлғайғанын көріп қатты қуанамын. Өйткені Еркін ағаның абыройы көтерілгенін қатты қалайтынмын...

Ерсін Ерғалиев

 

 

 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев екі жаңа заңға қол қойды

 

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Заң халықаралық іскерлік операцияларда және осыған қатысты мәмілелерде трансферттік баға белгілеу ісін жетілдіруге бағытталған.

Заңда нарық бағасын айқындау тетіктері қайта қаралып, тауар биржаларындағы трансферттік баға белгілеу мәселесіне бақылау енгізілді.

Сондай-ақ мәмілеге қатысушы тараптарды өзара байланысты деп тану критерийлері кеңейтілді және өзара байланысты резидент емес тұлғалармен мәмілелерге қатысушылар үшін жергілікті есептілікті ұсыну міндеттемесі енгізілді.

Аталған түзетулер мен толықтырулар нарықтағы әділ бағаны айқындау және мемлекеттік бюджетке түсетін қаржының жоғалып кетуіне жол бермеу үшін жасалып отыр. Сонымен қатар Заң трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша бақылау жүргізу кезінде тексеруші органдар мен салық төлеушілердің әкімшілік шығындарын азайтуды көздейді.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Cонымен қатар, Мемлекет басшысы «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарланды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Жылқы іздеуге шығып, далада түнеген екі атыраулық аман табылды

 

Атырау облысының Махамбет ауданында тұратын ер мен әйел бір күн бұрын мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Құтқарушылар жоғалған екі адамды бүгін тапты- деп хабарлайды el24.kz тілшісі  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, екі адам 24 наурызда «Нива» көлігімен жылқы іздеуге шыққан. 

Алайда, кері оралмай, хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы туыстары хабар берген. «25 наурызда сағат 08:20-да Махамбет ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары 1977 жылғы азамат пен 1983 жылы туған әйелді іздестіру жұмысын бастады.

Құтқарушылар Махамбет ауылынан 9 шақырым қашықтықтағы «Сейтек» шайханасына қарай далалық аумақтан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Алайда, аталған маңнан жоғалған екі адам табылған жоқ. Жоғалғандарды іздестіру одан әрі жалғастырылып, Құтқарушылар қырға қарай іздестіру-құтқару жұмыстары 46 шақырым қашықтағы «Әбен қыстағы» учаскесіне дейін жалғасты. Дәл осы қыстақтың маңында батпаққа батқан «Нива» көлігі мен ер мен әйел табылды. Олардың жағдайы қалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», - деп хабарлады қоғаммен байланыс тобы.

Жылқы іздеуге шығып, далада түнеген екі адамды іздестіру жұмысына №11 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкері, 1 техника тартылды. Төтеншеліктерге Махамбет аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері 2 техникамен, ауыл тұрғындарынан 3 адам көмек берген.

Алматыда күзетшіні жантүршігерлік азаптап өлтіру оқиғасы болды

 

Алматыда элиталық тұрғын үй кешенінде,елді дүрліктірген аса ауыр қылмыс орын алды.Күзетшіні көлікпен бірнеше рет соғып, содан кейін көліктен түсіп басынан теуіп, жұдырықтай бастаған-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.


Элиталық тұрғын үй кешенінің тұрғыны күзетшіні бірнеше рет көлігімен соққан. Оқиға видеоға түсіп қалды. Үй тұрғындарының айтуынша, шабуыл жасаған ер адам ұзақ жылдар бойы ата-анасымен осы тұрғын үй кешенінде тұрады.

Тұрғындар ер адамның нашақорлыққа шалдыққанын айтады. Сол түні ол үйіне келген. Күзетші қақпаны жаба бастағанда, джип мінген ер адам оны бірнеше рет әдейі қағып, артынан көліктен түсіп оны жұдырқтай бастайды.

Елді дүрліктірген қылмысқа "Меркур Таун" тұрғын үй кешенінің тұрғындары куә болған. Күзетші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. "Ол джиппен оны бірнеше рет соғып, содан кейін түсіп, ер адамды сабап, басынан тепкен.

Осыдан кейін көлігін қойып, үйіне қайтқан. Оның айғайын естімеу мүмкін емес. Оның тамырлары жыртылып, аяғы жұлынып, өкпесі езіліп, жансақтау бөлімінде көз жұмды", - дейді үй тұрғыны.

Марқұмның артында үш баласы қалған.

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. "Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғын үй кешенінің күзетшісі мен тұрғыны арасында жанжал шығып, нәтижесінде 45 жастағы ер адам күзетшінің өміріне сәйкес келмейтін дене жарақаттарын келтіріп, күдікті ұсталып, уақытша қамауға алынды. Қылмыстың басқа да мән-жайлары анықталып жатыр", - деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.


 

Абай облысындағы тағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланды

 

Абай облысы Ақсуат ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Ақсуат аудандық жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онда тасқын су салдарынан келген залалды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімінің шешімімен «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 48-бабына және 50-бабына сәйкес жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

- Жиында қарғын су салдарынан жол қатынасы үзілген ауылдарды қажетті деңгейде азық-түлікпен, басқа да күнделікті тіршілікке қажеттіліктермен қамту мәселесі пысықталып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, кеше Ақсуат ауданындағы Боғас өзенінде су деңгейі көтеріліп кеткен. Соның салдарынан Уаң ауылында орналасқан бөгет шайылып, тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Ауылдағы 25 адам, оның ішінде 5 бала 2 шақырым қашықтықтағы Жантікей ауылының Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебіне жеткізілді. 400 бас мал ауыл шетіне айдалды.

Бас прокуратура: Бишімбаев ісінде алқа билерді сатып алуға жол берілмейді

 

Бишімбаев ісіне қатысатын алқа билерді сатып алуға жол берілмейді. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев қазақстандық алқа билер тізіміндегі азаматтардың адалдығына сенім білдіретінін мәлімдеді- деп хабарлайды  el24.kz тілшісі, КТК телеарнасына сілтеме жасап. Жауапты міндетті мойнына алғандар әділетсіздікке жол берсе, заң алдында жауап береді деп кесіп айтты.


Мәжіліс қабырғасында алқа билердің құзіреті кеңінен түсіндіріле бастаған тұста олардың атқарылған жұмысына алатын ақысы да ашық айтылды.

Өзінің ай сайын алып жүрген жалақысы сақтала отырып, билерге 30 күн еңбегіне 180 мың төленеді. Сонымен алқа билердің міндеті қандай? Елімізде алқа билер соты 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Билер алқасына артылған жүк те ауыр.

Сот процесінің басынан үкім шыққанға дейін басы-қасында жүретін бұл азаматтар айыпталушының кінәлі, не кінәсіз екенін шешеді. Дегенмен түпкілікті шешімді тек судья шығарады. Қоғамда үлкен резонанс туғызған «экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін алқа билер қарайтын болды» дегелі, халықтан маза қашқан. Дегенмен Президент құзырлы органдар басшыларына бақылауға алуды тапсырған істе Мәжіліс төрағасы да соттың әділ өтуін қадағалаймыз деп отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: — Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызған, шынында жантүршігерлік оқиға. Қоғамның ерекше бақылауында деп айтамын. Президент осы іс бойынша тергеуді дұрыс жүргізуге тапсырма беріп, өз бақылауында ұстап отыр. Алқа билер сотына 25 жасқа толған, мойнында жаза мерзімі жоқ, судья я күш құрылымдарында қызмет етпеген кез келген азамат қатыса алады.

Әр өңірде мұндай талапқа сай келетін резервте 300 адам қарастырылған. Сайдың тасындай тізілгендердің ішінен жеребе арқылы 25 адам таңдалып алынады. Ең қызығы, негізгі сот отырысында қос тараптың таңдауымен осы 25-тен негізгі 10 алқа би мен екі қосалқы қатысушы таңдалады. Залға ілі-шала кіре сала, тек адал үкім шығаруға ат салысамыз деп ант берген алқа билердің уәдесінен тайқитындай басы екеу емес дейді мәжілісмен Абзал Құспан.

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты: —Алқа билер дегеніміз олар да қоғамның бір өкілі. Бұл жерде кәсіби судья қатысады. Қандай да бір сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтырмай ма, яғни оны қандай да бір жолмен сатып алмай ма деген сөзді айтып отырсыз.

Енді қараңыздар, бір адамды сатып алған оңай ма, 10 адамды сатып алған оңай ма?! Қарапайым сұрақ. Сонда кім үкім шығарады, біз бір судьяға сенбесек, алқа билер сотына да сенбесек?! Сондықтан құрығы ұзын тараптың алқа билерді сатып алу мүмкіндігі бар деген нұсқаны мүлдем қаперлеріңізге алмаңыздар дейді Бас прокуратура.

Ал өз заманында ең жас министр атанған Бишімбаевқа сот залында ерекше жағдай жасалған ба дегенге прокурордың жауабы осындай. Әсет Шыңдалиев, Бас прокурордың орынбасары: — Бишімбаев қамауда отырған адам.

Қарауылшы жасақ отырған адамды соттан осылай алып кетеді. Сотта ең алдымен тәртіп қамтылады. Сот телешоу немесе ток-шоу емес. Бұған дейін алқа билердің қатысуымен қаралған есте қалған екі іс бар. Ол 2016 жылы Астанада өлтірілген студент Ерасыл Әубәкіровтің ісі мен танымал продюсер Баян Мақсатқызының экс-күйеуі Бақытбек Есентаевқа қатысты қылмыстық іс.

Ал қамауға алынған күннен алып-қашпа әңгімелерге толы Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша негізгі сот 27 наурызда басталады.