Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының өсуін тежеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Үкімет басшысы атап өткендей, ұлттық экономикада сенімді өсу серпіні байқалады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,4%-ға дейін жылдамдады.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,7%-ға өсті. Соның ішінде, машина жасауда 22,8%, автомобиль құрылысында 31,6%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 50,5%, құрылыс материалдарында 10,1%, фармацевтикада 38,1%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 31,4%, киім өндірісінде 14%, жиһазда 14,9%, дайын метал бұйымдарын шығаруда 17,2%-ға өсім байқалады, - деді Мамин.

Қызмет көрсету секторы да карантиндік шектеулердің азаюйына байланысты сенімді түрде қалпына келіп жатыр. Қазір ол сауда мен байланыстағы жоғары өсу қарқыны есебінен 2,9%-ды құрады.

Құрылыстың өсу қарқыны 9,7% деңгейінде. 9 айда елде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға көп. Инвестициялардың қалыпқа келуі 2% болды. Ал тау-кен өндірісін есептемегенде – 15,1%-ды құрап отыр, - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар негізгі капиталға инвестициялардың жоғары көрсеткіштері құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, саудада, ауыл шаруашылығында, жылжымайтын мүлік операцияларында, қаржы қызметінде, ақпарат пен байланыста байқалды.

Ол іскерлік белсенділікті одан әрі қалпына келтіру және сапалы даму үшін инвестициялар тарту жұмысын жалғастырып, одан әрі күшейтудің маңызы зор екенін атап өтті. 

6 негізгі көрсеткіш бойынша өсім жеті өңірде байқалады. Бұл - Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарымен Нұр-Сұлтан қаласы. 5 көрсеткіш бойынша оң динамика төрт өңірде - Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Батыс Қазақстан облысының көрсеткіштері ең төмен, - деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар елде инфляция өсіп жатыр, тамызда 8,7% болса, қыркүйекте 8,9% болды. 

Инфляцияның өсуіне ең көп үлесті - азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы қосып отыр. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының өсуі 0,2%-ды құрады. Бағалар Нұр-Сұлтанда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында елеулі өсті. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер экономика секторларында өсу қарқынын ұлғайту, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын өсуін тежеу бойынша жұмысты күшейтуі қажет, - деп тапсырма берді Асқар Мамин.

Сонымен қатар Үкімет басшысы әріптестеріне бюджет қаражатының уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Дереккөз : baq.kz