Сымбатты жігітпен танысып, ол сізге ұнап қалды ма? Қолында неке жүзігі жоқ екен деп, оны бойдақтар қатарына қосуға асықпаңыз. Көп еркектер неке сақинасын таққанды ұнатпайды. Бірден үйленген-үйленбегенін сұрай кету де ыңғайсыз. Алданғыңыз келмейді. Сондықтан мына белгілерге назар аудара жүріңіз.

Жігіттің бойдақ екеніне күмән келтіріп жатсаңыз, оның қылықтарына, өзін ұстауына назар аударыңыз. Бет-әлпетінің, қолының қимылдары да өтірік айтып жатқанынан белгі беруі мүмкін.

Төмендегі белгілер жігіттің бойынан табылып жатса, үйленгенін сізден жасырып тұр:

Жасырын белгілер

Бір орында отыра алмай, үстінің шаңын қақыштап, беті мен шашын түрткілеп, қолындағысымен ойнап, қолын ысқылай беріп, ернін тістеп не қайта-қайта темекі шеге берсе, ішінде жасырғаны бар.

Телефонына келген қоңырауларға жауап бермей, ұялы телефонын сөндіріп тастап, сіздің сұрақтарыңызға жалтақтап жауап берсе, әйелі қоңырау шалып қалмасын деп сақтануда.

Егер ол абдыраған түрмен әр бес минут сайын «жұмыс бабымен» біреуге қоңырау шалу үшін не жауап беру үшін шығып кете берсе, әйеліне «есеп беру» үстінде.

Жан-жағындағы адамдарға қарағыштап не біреудің көзінше өзін сізден алшақтау ұстаса, таныстары көріп қалмасын дегені.

Үйленген, бірақ, неке сақинасын тақпайтын еркектер үнемі бейсаналы түрде оң қолын сол қолымен жасырып жүреді.

Үнемі демалыс күндері шаруасы көп болғандықтан тек жұмыс күндері ғана кездесетін болсаңыздар, аңқау болмаңыз, демалыста серіңіз отбасынан босай алмайды.

 

Айқын белгілер 

Мәдени-романтикалық бағдарламаны ұсынады: саябаққа, кафе-ресторан, кино сияқты ғашықтарға арналған орындарға шақырады. Өйткені, отбасында өзіне сондай жылы қатынас, сыпайылық, сезімталдық жетіспейді.

«Сен — өмір бойы мен іздеген әйелсің», «Сені тапқаным қандай бақыт!», «Біз бұрыннан таныс сияқтымыз» және т.с.с. тәтті сөздермен шын ықыласын білдірген болады, оған қоса, өзі сол сөзге сене бастайды.

Еркектер сезімнің сөзбен емес, көздің «сөзімен» — көзқарас, мимика, ыммен жеткенін жақсы көреді. Сондықтан, олар көзіңізге бар ықыласын сала қарайды. Жиі, ұзақ қарайды. Әсіресе, сізден біраз нәрсені жасыратын жігіттер сіздің көзіңізге көбірек «үңіледі». Сендіргісі келеді.

Екеуіңізге ортақ жоспар құрады, бірақ тым жақын күндерге ғана. Алайда, үнемі уәдесін қандай да бір себептерге байланысты орындай алмай қала береді. 

Қамқорлық танытып, үй шаруасына ебі бар екенін көрсетеді. Сізбен бірге тамақ әзірлеп, кір жаюға көмектеседі, ұзақ уақыт дүкен аралайды. Ол өзінің бар істі дұрыс атқаратынын өзіне дәлелдегісі келеді.

Үйінде әйелі «қолынан түк келмейтінін» айтып, миын ашытқан болса, сізді әр ісіне рахмет айтып, бетінен сүйетін мейірімді фея көреді.