Ағамның жалдамалы пәтеріне жиі барып тұрамын. Жеңгей екеуі жұмыста. Үш баласына бас-көз керек. Олар тұрып жатқан аудан - қаланың ескі аумағы. Көпқабатты үй - Кеңес заманынан қалған басқалқа. Сол «хрущевкаға» қарама-қарсы жұрт «малосемейка» атайтын жатақхана типтес ғимарат тұр. Сонда барған сайын бір көрініс алдымнан шығады: қарсы беттегі үйдің үшінші қабатындағы терезе алдында 4-5 жасар қыз баланың қалқайып отырғаны. Қашан көрсем солай.

Кейде қыз әйнектен сыртқа үңіліп тұрады; кейде қуыршағымен ойнайды; кейде сурет салады; кейде сол терезенің подоконнигінде бүк түсіп жатады. Үстіне қызыл көрпеше жамылғанын байқаймын. Бүлдіршіннің тұрағы - терезе алдындағы табанша тақтайдың ернеуі. Ал ағаш жиекті терезе – көненің көзі.

Күрең перде түсірулі – кішкентай қыз өз әлемінде. Сырттағы адамға перденің бергі жағындағы қыздың құпия мекені - қуыршақтар театрының сахнасы іспетті. Бірақ, қыз тағдыры – қуыршақ емес. Ол өзіне сондай шағын әлем жасап алғандай... оны соншалық шағын әлемге енгізіп жібергендей. Қоңыр қонжығын қонжитып қойып, әңгімелескенін балконға шығып тыңдаймын. Ашық желдеткіштен жіңішке үні естіледі:

- Балпағым, мен өскенше, екеуіміз терезенің алдында ұйықтаймыз. Әйтпесе, бәріміз төсекке сыймаймыз ғой. Сосын әкем, үлкен үй сатып алады, сосын менің үлкөөөн бөлмем болады. Сосын сені өз төсегіме алып жатам.

Кенет жабық тұрған перде ысырылып, ар жағынан бала көтерген әйел шықты.

- Қызғалдақ, жүре ғой, шәйіңді іш.

Балкон төртінші қабатта болғандықтан, бәрі алақандағыдай көрінеді. Үй-жайлары  уысыма сыйғандай-ақ екен. Бір бөлмеде: кереует, шкаф, үстел. Үстел басында тағы екі адам отыр... Терезенің тұсынан қоңыр жел күрсінді.   Пəтерден пияз салып қуырған картоп пен жөргектің иісі аңқыды.

 

Ал көрші əйнектің алды қаптаған гүл. Оларды орыс кемпір суғарып, баптап жүр. Кейбірінің түбін қопсытып, тамыр жайғандарын үлкенірек гүлсауытқа отырғызып әлек.

Терезенің алдында жайқалған гүлдермен қатар күн көзіне таласа талпынып қызғалдақ қыз желкілдеп өсіп келеді.

Сан терезе – сан тағдыр.

 

Айбек Оралхан

qamshy.kz