Ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы – күрделі мәселе. Панацеялық рецепт болуы мүмкін емес. Жер бетінде қанша жұп болса – сонша тағдыр. Алайда солардың бәріне ортақ бір қағида бар: жұбайлық өмірдің қызығына құмартқан екенсің, шыжығына арқаң дайын болсын. Үй болам деген жұпқа ширатылған ширақтық, шылбырдай төзім, тастан да ауыр салмақтылық қажет.

Қыздар, жер шарын он айналсаңдар да, мінсіз жігіт таппайсыңдар! Өзің күзеп, түзеп ал! Ер адам үйленгенге дейін – анасының, үйленгеннен соң әйелінің тәрбиесіне өтеді. 40 жастан кейін әйелдің алдында туы жығылмайтын еркек болмайды. Тізгінге таласудан қалады. Сен одан пана іздесең, ол сенен сезіміне сая іздейді. Тәтті қылығыңмен, балдай тіліңмен, жұмсақ мінезіңмен аялай біл, жайылып түспесе әкел қолыңды!) Ақылды әйел бетінің әрі мен ерінің арын қатар сақтайды. Ерінің бойындағы ұсақ-түйек кемшіліктерді «үтіктеп» жібереді. Жұбайына өз қалауын өткізе біледі.

Әйелге қол көтерген еркек – надан, қол көтеруге жеткізген әйел одан да сорақы. Маскүнем, нашақор, нақұрыс болмаса, ешуақытта ер адам «соғысты» бірінші бастамайды. Көп жағдайда әйелдер тілінен, ал еркектер «суыт жүрісінен» ұшынары белгілі. Жұбайлардың әрқайсысы өз міндетін жете түсініп мінсіз атқарса, бір-бірінің абыройын асқақтатып пір тұтса, балаларының, ағайын туғандарының алдында бірін-бірі эталон етіп көрсете білсе, отбасы жарастығы көрініс табары даусыз.

Ер азаматқа аузыңнан ақ май ағызатын асыраушы «өгіз» ретінде емес, шаңырақтың иесі, киесі ретінде табын. Ал әйелді ұрпағыңды ұлықтар ана, жаныңа нұр сыйлап, шаңырағыңа жылулық әкелер жар ретінде төбеңе көтер. Тастан берік, гүлден нәзік болып келетін әйел табиғаты аялы алақанға зәру. Ақ жаулық иесі жетіскенінен «атқа шаппайды». Әлсіз жаратылыс «соқаға» жегіліп, үнемі арқаланып жүрсе, ері қолшатырмен қалқаланып жүрсе, ондай күйеу асыл емес масыл күйеуге айналады.

Мұндайда әйелдің ашынғаннан тілі шығып, қысылғаннан жыны шығады. Сілелеп жүрген жарың сілесі қатқан бала тумай қайтсін. «Әйел – үйде, еркек түзде» деген табиғи қағиданың тепе-теңдігі бұзылған жерде бала қараусыз, күйеу күтусіз, қазан қайнаусыз қалады. Әйелдің қайраткерлігі қайратын пайдаланушыға ғана тиімді.
«Еркек байыса екі дамбал алады», «қатын байлыққа есірсе, есінен айырылады» деген дана сөз бар.

Артық дәулет бас жарып, артық байлық алқымыңнан алды дегенше ерлі-зайыптылардың арасындағы пәк сезім мен мінсіз адалдық жойылып, желігі басылғанша – әйелдің әуейі, сүйегі шашылғанша еркектің әуейі үдей береді.
Отбасы бақыты – екі жұптың өз кеудесінде. Ғашық жүректер ғана өмірдің қаттысын жібітіп, жұмсағын әлдилейді. Ал есеппен қосылғандардың отбасылық ғұмыры – бір тұтам, баянсыз, бақытсыз.


Гүлмариям Барманбекова  фейсбуктегі парақшасынан

 

Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.