Еркектер әйелдерге қарағанда тез әрі жиі ғашық болады. Әйелдер көзі түскен еркекпен болашақтағы қатынасын елестетіп болғанша, еркектердің жүрегі «жараланып» үлгереді. Ойнақшыған көз, әдемі аяқ, сұлу мүсін еркектің назарын еріксіз өзіне аудара түседі де, ойлануға мұрша бермейді.
      Еркектер әйелдерге қарағанда кемінде сегіз жыл аз өмір сүреді және денсаулығына көңіл бөлгенді ұнатпайды. Еркектердің көбісінің ойынша денсаулығына шағым айтып, дәрігерлер алдына жүгіре беру – еркекке тән іс емес. Еркекті аурудың түрі не күтінудің жолдары жайындағы ешқандай да әңгімемен қызықтыра алмайсыз, одан ситуацияға құрылған шытырман оқиғалар әлдеқайда қызық.

      Психикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да жігіттерге қарағанда қыздар төзімді. Әйелдерде организмнің қорғану күші жоғары болады, ал психикалық төңкерістерге мықтап төтеп береді. Себебі, көкіректегі қиындықтарды көз жасының көмегімен азайтып алу қасиеті бар. Тіпті апат бола қалған жағдайда көбіне нәзік жандылар басым санмен аман қалып жатады. Бұл еркектердің әйелдерге құрмет көрсетіп, бірінші құтқаруынан емес, әйелдер қиын жағдайдан шығудың жолын тез табады, жаңа оқиғаға бейімшіл.
      
Еркектердің терісі қалың. Сондықтан оларда әжім аз болады. Еркекті өзімен бір жастағы әйелмен салыстырғанда, жас көрінеді, сырт көркі ғана. Ал жас көрінген еркектің қауқары төмен болуы мүмкін. Себебі, әр он жыл сайын физикалық кедергіге төтеп беру мүмкіндігі әйелдерде екі пайызға кеміп отырса, еркектерде он пайызға кеміп отырады.

       Еркек пен әйел әр түрлі ойлайды. Ми жұмыс істеуінің жынысқа қатысты айырмашылығы бар және бұл – тек адамдарға ғана емес, хайуандарға да, жануарларға да тән құбылыс.Еркек бір уақытта екі жұмысты істеуге қабілетті. Мысалы, машинасын жөндеп тұрып, газеттен оқыған мақаласын талқылауы мүмкін. Машинасының бұзылған тетігін түзеу үшін миының жарты бөлігі қызмет етсе, қалған жарты бөлігі мақаланы талқылауға жұмыс жасайды. Ал әйелдер бір ғана істі тындыру үшін миының екі жартысын да біріктіреді. Бұл берілген тапсырманың орындалуының жылдамдығын ғана арттырмайды, тиянақты болуын қамтамасыз етеді. Әйелдің қырағылығы кез келген өтірік әңгіменің шындыққа жанасымды болуына септігін тигізеді. Сондықтан еркектерді сендіру оңай.
        «Барлық еркек – бала». Коко Шанель осылай айтқан. Бұл сөздің астарын түсінген әйел бәрін де түсінеді. Еркектер 50 жасында да ойға сыймайтын істерді істеуі мүмкін. Немересімен доп теуіп, асыр салып ойнауы да қалыпты. Басым бөлігі 40-тан асқанда бозбала секілді ғашық болғыш келетін көрінеді.
       Ең қызығы, әйелдерге қарағанда, еркектер өмірлік серігіне көбірек көңілі толмайды екен. Айтпаса да, түсінікті. Қыздар қауымы ақылға салса, кімге күйеуге шығатынын, болашақта қалай болатынын біліп, болжап, іштей дайын болады. Ал еркектер сезім мен сұлулықтың шырмауынан шыға алмай, өзін жақсы көріп, аялап, еркелетіп жүргені жеткілікті деп ойлайды. Жыл өткен сайын әйелін жаңа қырынан көрген сайын таңырқай береді.
       Отбасын құрған барлық еркектер шыдамсыздана мұрагерін күтеді. Баланың дүниеге келуі әйел мен ердің арасын неғұрлым жақындатса, соғұрлым алыстата түседі. Айтылған «бауы берік болсындар», құттықтаулар, «жуу», тойлау, өзін әке сезініп, марқайып қалу сияқты қуаныштардың арты баланың түні бойы жылап, сан рет ұйқыдан оятуы, төсегінің, киімдерінің «былғануына» ұласады. Оған қоса, әйелінің бар назары баласына ауып, еркектер бүкіл ықыласын шаранасына арнаған әйелін іштей қызғанады. Тұңғыш баласы қыз болып туылса, ұл дүниеге келгенше, еркектер шыдамсыздана күтетін көрінеді.
      Еркектерде табысқа ұмтылыс басым. Мақсат, карьера, мол ақша – еркектер үшін өте маңызды. Жұмыссыз қалу не қаржы қорының ойсырауы – отағасына үлкен трагедия. Жағдайының төмен болуы намысын қытықтап, өзін-өзі іштей «жеп қояды». әйелін, баласын асырау үшін мол табыстың болуына ұмтыла түседі де, оған жетудің жолдарын ұтымды таба біледі.
       Еркектер «қыдырудан» бас тартпайды. Егер ол сүйікті әке, құлай сүйген отағасы болса да, сұлулыққа, жастыққа сүйсініп, ойнап-күлуден қашпайды. Жан-жаққа «көз тастауы» 40-50 жас шамаларында көп орын алады екен. Отбасының күйбең тіршілігінен бірауық тыныштықты аңсап, «даладан» жылу іздеп, жаңа романдарға ықыласын аударуы мүмкін. Күйеуіңіздің бұл еркелігін кешірімділікпен түсіне білсеңіз, шаңырағыңыздың шайқалмауына, күйеуіңіздің одан сайын қадірлей түсуіне жол табасыз.
        Төсек қатынасынан соң неге бірден ұйқыға кетеді? Бұл – дөрекілік, сізді сыйламағандық не ойында басқа бір арудың тұруында емес. Тән ләззәтін алған еркектерде аз секундтар ішінде ұйқыға тартатын зат бөлінетін көрінеді. Ол үшін ашуланбастан, жай ғана ұйықтатпауға тырысыңыз.
         Еркектер жайлы қандай тақырыпта сөз қозғасақ та, біздің оларсыз күніміз жоқ.

 

 

 

Баннер 2 поз