Мырзашова Лязат Мырзашқызы : 1987 жылы, 9 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қызылсай ауылында туған. Тараз қаласы, Жамбыл ауданындағы  Б.Бесбаев атындағы орта мектебін 2005 жылы бітірді. 
2005-2009 ж.ж. М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінде психология бағыты бойынша білім алды.

 
2009-2013ж.ж.  Тараз каласы Ақпараттану, байланыс және технологиялар колледжі психологы қызметін атқарды.

2017-жылдан Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының жанынан ашылған «Оңалту орталығының» психологы қызметін атқарды.                                                       

2015-2018 ж.ж.    Арабаева атындағы Қырғызстан Мемлекеттік Университетінде педагогика- психология бағыты бойынша магистратуралық білім алды.

2018 ж. Туркия елінде Коньия қаласындағы Неджмеддин Эрбакан университетінің доркторанты.

Мектеп жасынан аудандық ақындар мүшеайрасының жеңімпазы.

Қазіргі таңда Кайсери қаласындағы Ержиес университетінің доктаранты , Ержиес университетінде PhD дін психолониясының десертациялық кезеңінде.

 

- Лаззат Мырзашқызы , жақында «Экзистенция психологиясының этюдтары»  деген жаңа кітаптың тұсауы кесілді құтты болсын !
 
 Кітабыңыздың тұсаукесері Маңғыстауда өтуінің сыры неде ?
 
- «Шұғыла »атты алғашқы кітабымның тұсаукесері Тараз қаласында өтті. Бұл кітаптың Маңғыстауда тұсауы кесілуінің сыры- Маңғыстау менің кіндік қаным тамған жер. 
 
- Қазақ тілінде  психологиялық кітаптар аз. Халыққа түсінікті етіп, қарапайым тілмен  ,  талдау жасапсыз. Қазынамызды толтырар құнды дүние болып, оқырманға тура жол сілтер темірқазық бола берсін !
 
- Рақмет !
 
-  Кітапты оқып, зерделеп қарасақ  практика мен теорияны әдемі қабыстырып тың дүние жазып шыққансыз . Адам жанын зерттеу , адам болмысының мың сан қырымен танысу оңай дүние емес.Кітап жазуда қандай қиындықтар туындады ?
 
- Шетелдік ғалымдардың еңбектерін игеріп, қазақы ой орамына түсіру қиындық тудырды.
 
- Кітап жазу үшін Түркияны таңдадыңыз ба ? Немесе жәй сәйкестік пе ?
 
- Мен Туркияда Phd доктарантурада оқып жатырмын. Кітап сол оқу барысында дүниеге келді.
 
- Экзистенциалды психология -  қандай бағытты қамтиды ?О қырманға айтар ойыңызды осы кітап арқылы толық жеткізе алдыңыз ба ?
 
-  Экзистенциалды психология  - тіршілік психологиясын қамтитын бағыт. Экзистенция- тіршілік ету, яғни адамның өмір сүру тәжірибесіне сүйенетін, адамның болмысының ашылуы тұрғысынан адам жанын зерттейтін психологиялық бағыт. Оқырманға бұл кітап арқылы ойымды толық жеткізе алған жоқпын. Өйткені бұл әлі де көп зерттеуді талап ететін күрделі сала. Мен соның бір тамшысын ғана игердім деп айтуға болады. 
 
- Кітапта батыс авторларына сілтеме жасап қоймай, қазақы болмыспен қарапайым тілмен ой өрнектейсіз. Қазақ қоғамында қазір ажырасу ең өзекті мәселе болып тұр.Бұл тұрғыда не айтасыз ? 
Ажырасу- қазақ қоғамындағы отбасы институтының қирауының басты белгісі. Ол жалпы қоғамдық дағдарыстың, қоғам саулығының төмендегенінің айқын көрінісі. Жастар, олардың ата- аналары отбасы мәселесінде әлі де  дайындықтарының нашар екендігін көрсетеді. Адамдардың бір-бірін жете танымай құмарлықтың жетегіне кеткендіктен, махаббатпен құмарлықты айыра алмағандықтан да осы мәселе туындап отыр. Рухани тәрбиенің аздығы да бұл мәселеде көп роль атқарады. Адамдар құмар болып үйленгеннен кейін уақыт өте келе бір- бірінен жалығады, ақыры ажырасып тынады. 
 
- Психологиялық сәйкессіздік  болса, мінездері жараспаса ажырасып тынғандары жөн дейсіз.Үйдегі ұрыс -керісті  көріп өскен ұл -қыздың мінез құлқы дұрыс болмайды -депсіз. Бұл сөзіңіз «шықпа жаным, шықпа »деп жүргендерге қамшы болмай ма ?Бала, толық қанды  отбасында өмір сүру керек емес пе ?
 
- Күнде айқай- шу,  ұрыс-керіс болып жатқан отбасы толық отбасына жатады ма?! Маған хабарласатын келіншектер өздерін аша алмаған, болмысын таба алмаған кісілер. Отбасылық өмірде мән-мағына қалмағандықтан, мәнсіздік өмірге мән жүктей алмаған ерлі- зайыптылар бір- бірін кінәлап, балаларының алдында ата- аналық беделі түседі. Әйелі отыз жыл бойы күйеуіне “басқа байға тигенім жақсы еді, кетіп қаламын, кетіп қалуым дұрыс еді” деген сөзді айтып өзін бір жаралап, балаларының жанын жаралағаннан гөрі, кетіп қалғанның өзі жөн ғой деп санаймын. Өйткені,  оның зардабы әуелі балаларының жанын жарақаттап,   кейін олардың  отбасылық өмірінде зиянды көрінісін береді. Ондайды  көріп өскен ұл мен  қыз да мінездері бұзылып, өз отбасылық өмірінде бұл келеңсіздіктерді қайталайтын болады. 
 
-Өмірде қиындыққа кездескендердің бәріне ажырасқан жөн деп жол сілтеу бір жақты ой түйіндеу емес пе ? Ұрыс -жанжалдың себебін тауып соны жою жолын қарастырған тиімді болмай ма ?
 
- Қиындықты жаңа бір мүмкіндік деп қарайтын, одан сабақ алатын адамдар кемде- кем. Керісінше адамдар отбасында қиындық туса бірін-бірі кінәлай бастайды, арты жанжалға ұласады. Бір күн ұрыс болған үйден  қырық күн береке қашады деген.
- Жанжалдың себебін тауып, оны жоюға болады әрине. Алайда, бір бірінен суып кеткен ерлі- зайыптылар берекесі қашқан отбасыларын тастап кете алмай, балалар үшін өмір сүріп жатырмыз деп өздерін алдайды. Сөйтіп неврозға ұшырайды, өз-өздеріне, өз жандарына  қайшы әрекет жасаған соң іс- әрекеттерінен өмірге көңіл толмаушылық, бір-біріне деген салқындық есіп тұрады. Ондай отбасы үлгісін көрген баланың тағдыры әрине аянышты. Балаға ата- анасының арасындағы махаббатты көруден асқан бақыт жоқ. Ересектер өздерін де, ең бастысы балаларын да алдамау керек, бәрі бір ол олқылық әрекеттерінен,  мінез- құлқынан көрініп қалады.
 
- Психолог — жантанушы дейміз. Дәл қазір  сізге қандай мәселемен көбірек хабарласады?Психологқа баруды ар санайтын немесе қалтасы көтермейтіндер көп. Сіздің қабылдауыңыз  халыққа қаншалықты  қол  жетімді ?
 
- Дәл кәзір маған бала тәрбиесі жайлы өте көп хабарласады. Балаларыма айқайлап, ұрысып, ұрып қоямын, өзімді басқара алмаймын дейтін аналар көптеп жазады.
Психологқа баруды ар-намыс санайтындар бар, олар әдетте өз атынан емес, баласының атынан, яғни балама психолог немесе жолдасыма психолог керек еді деп хабарласады. Кейіннен психологтың баласынан бұрын анасына керек екендігі анықталып жататын жағдайлар көп кездеседі. Әр кезде ананың психологиялық жағдайы отбасы мүшелеріне әсер етпей қоймайды, сондықтан үйде әйелдің, ең алдымен әйелдің психологиялық саулығы дұрыс болуы керек. Ол үшін әйел өзіне не керек екенін нақты біліп, айналасына сезімдерін жеткізе алуы қажет. Үнсіз қалмауы тиіс. Және ең бастысы, өзін қабылдауы қажет. Өзін қабылдай алған адам отбасын да, өзгені де қабылдай алады. 
Менің психологиялық көмегім барлық адамдар  үшін қол жетімді. 2021 жылдың басынан бері 500 ден аса адамды еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінен тыңдап, қолымнан келгенінше көмек бердім!
 
- Бұл кітап,  тығырықтан шығар жол таппай сарсаңға түскен , өмірдің сан тараулы жолында адасып өз соқпағын таба алмай жүрген жандар үшін мол қазына болмақ. Алдағы істеріңізде сәттілік болсын !
 
- Әумин, айтқаныңыз келсін рақмет!
 
Сұхбаттасқан : Айсұлу Кеңесбай