Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 110,9 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6,4 мың — ымдау тілі қызметін, 24,1 мың — жеке көмекшінің, 3,8 мың — санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды. 


Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асады.

Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арба беруді қамтиды.

Бүгінгі күні порталда 885 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 658 ОТҚ жеткізуші, 29 мыңға жуық жеке көмекші, 734 ымдау тілі және 112 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған портал жөніндегі комиссияға жаңа өкілеттіктер берілген:  мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Порталды пайдалану бойынша консультацияны байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады.

Дереккөз: ҚазАқпарат