«Өзі тұратын пәтерді сатып жіберіп, сатып алған адамнан қайта жалға алған» 
 
Аға тұтынып, жақын араласатын таныс ағайым бар еді. Біраздан бері денсаулығы болмай жүрген. Инфаркт алып, ауруханаға түсіпті дегенді есітіп, жағдайын сұрамақ болып ауруханаға бардым. Ағайым қан-сөлсіз төсегінде жатыр екен.
 
Мен барған соң басын сәл көтеріп, біраз уақыттан кейін менімен бірге сыртқа шықты. Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Сол жолы ағайым өкінішін, күйінішін, жіберген қате-кемшіліктері туралы көп әңгіме айтты. «Сенің жазу-сызуға ебің бар еді ғой. Мына әңгімемді жазшы. Бәлкім бұл біреулерге сабақ болар» деп өтініш жасаған соң, мұқият тыңдап, жазып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
 
Тегінде адам адамға ұстаз ғой, бірінен болмаса екіншісінен сабақ аласың. Сондықтан ағайымның жіберген қателігі өзгелерге де ой салар деген ниеттеміз.
 
«Менің ең үлкен қателігім, қызымның айтқанына еріп, оны күйеуінен ажыратып алғаным болды, - деді ол кісі.
 
– О баста дұрыс таңдау жасамады. «Сүйем, күйем» деп оқымаған, тұрмыс жағдайы нашарлау отбасының жігітіне тұрмысқа шықты. Өзімнің қызметім, облысқа азды-көпті танымал атым бар, сөйте тұра сөзімді тыңдамай, тұрмысқа шығып кете барғаны арқама аяздай батты. Дегенмен іштей ақ батамызды бердік.
 
Кейде «байлар ондай, кедейлерді менсінбейді» деп айтып жатады ғой. Бірақ кейде байдың да, кедейдің де ішінен араласуға тұратын да, тұрмайтын да адамдар табылады. Біз құда-құдағимен араласа алмадық. Тұрмысы, үй-жайы емес, таным-түсініктері төмен болды. Екі жас бас қосқан соң күйеу баланы таныстарды араға салып жұмысқа кіргізіп бердім. Содан бір күні құда інісіне жұмыс сұрап келді. Оны да үйтіп-бүйтіп орналастырдық. Бір күні құдағидың сіңлісін алып келіпті. Бұл жолы да бетін қайтаруға ұялдым. Бірақ құданың араны ашылып кеткен бе, апта сайын біреуді сүйреп келуді әдетке айналдырып алды.
 
Ақырында «бізбен туған-туысыңызға жұмыс табу үшін құда болған сияқтысыз ғой, бұлай болмайды. Мен жұмыс беретін мекеменің басшысы емеспін» деп бетін қайтарып тастадым. Сөйтсем құда қызыма барып «әкеңнің көкірегіне нан пісіп кеткен, бізді төмен санап, өктем сөйлейді» деп жамандапты. Сол жағдайдан кейін олармен тек той-томалақта ғана кездесіп, алыстан сыйласа бастадық. Сөйтіп жүргенде қызым екі баланың анасы атанды.
 
«Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп жастайынан құлағына құйып өсірмедік пе, әлде жоқшылық көрмей өскен қызым олардың бірде бар, бірде жоқ тұрмысына үйренісе алмады ма, қыңқылдап, төркініне қайты келуі жиілей берді.
 
«Күйеуім анау-мынау» деп жамандай берген соң біз не дейміз, «шындап ажырасқың келсе сотқа арыз бер, қайтеміз» дестік. Бірақ бұл әйелім екеумізге оңай тимеді. Қанша дегенмен елдің көзі, сөзі бар. Қолда кіші ұл мен келінім тұрады. Үйімізден қонақ үзілген емес. Сондықтан екі баласымен ажырасып келген қызыма қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер әперіп, ішін дүние-мүлікке толтырып, балаларының бірін жақсы мектепке, екіншісін бақшаға орналастырып бердім.
 
«Жұмыс істегім келеді» деп еді, «екі балаңды үйірмелерге апар, мектебіне тасы, ақша жағын уайымдама» деп отырғызып қойдым. Өзім апта сайын үйіне барып, керек-жарағын әперіп, бала-шағасына ақшамды ұстатып кетем.
 
Бір сөзбен айтқанда ештеңеден таршылық көрген жоқ. Бірақ жұмыстың жоқтығы, тамақтың тоқтығы адам баласын аздырады екен ғой. Айналысатын ісі жоқ қызым өзінен үш жас кіші жігітпен көңіл жарастырыпты. Кейін оны үйіне кіргізіп алған. Менің одан хабарым жоқ, «папа, ақша керек еді» десе картасына сала салам. Сөйтсем ол әлгі оңбағанға сауынды сиыр болған екен.
 
«Екеуміз бизнес бастаймыз» деп басын айналдырып, үйді сатқызыпты. Сөйтіп үйді сатып алған адамнан қайтадан жалға алған. Пәтердің ақшасын түгелімен әлгі жігіттің қолына ұстатыпты. «Қытайдан тауар тасимыз, оптом өткіземіз» деп өтірікті соғып, ақыр-аяғында ізін суытқан. Қызыма ренжіп, күйетінім, осы жағдайды маған айтып, дер кезінде көмек сұраса болады ғой. Ал ол керісінше, бір өтірікті екіншісімен жамамақ болған. «Әкемнің аты пәленше, ол мынандай қызметте істейді» деп біреулерді жұмысқа кіргізетін болып, біреулерге мүгедектік тағайындап беретінін айтып, енді біріне жер, үй, пәтер алуға көмектесетінін айтып ақша жинап алыпты.
 
Оны қайда жұмсағанын айтпайды. Сұрасақ тілін жұтып қойғандай...
 
Ақыр-аяғында қызыма ақша беріп, алданып қалғандар кабинетіме келе бастады. «Менің ондай қызым жоқ, түтіп жейсіңдер ме, асып қоясыңдар ма, сотқа бересіңдер ме, өздерің біліңдер! Мен сендерден ақша алмадым» деп әрең құтылдым. Осылай деп айтуын айттым-ау, бірақ іштен шыққан шұбар жыланның тағдырына бәрібір алаңдайсың ғой. Әлгі адамдар жиналып қызымның үстінен сотқа арыз тастапты. Оны естігенде жүрегім ұстап, қан қысымым көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шықтым».
 
Ағай әңгіме арасында қызының еркелігін тыймай, күйеуінен ажыратып алмағанда осы проблемның бірі де болмас па еді дегенге келтірді. Ол кісіге не деп жауап қатарымды білмедім. Бірақ кейін, ойлана келе «шыққан қыз шиден тысқары» деп бекер айтылмаса керек, күйеуге шыққан қызға «не көрсең де барған үйіңмен бірге көр» деп оның өміріне араласпаған да дұрыс-ау деген ойға келдім.
 
Әрине, енді күйеуі ұрып-соғып, күнде қырғын салып жатса, оның жөні бөлек. Ал сіздің пікіріңіз қандай, ой бөлісе отырыңыз, оқырман! Айтпақшы, осы оқиғаны жазып жатқанда әлгі ағайдан хабар келді. Қызына сот үкім шығарыпты. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Бәлкім, оған бұл жағдай сабақ болған шығар. Солай болар деп үміттенейік.
 
Дереккөз: Ernur.kz