Ибрагим Нұрпейіс Кенжеғалиұлы

Болған оқиға желісімен

  Ол заман сондай еді, бір құдықтан адам да, мал да су іше беретін. Ертеңгісін апамыз шай дайындап жүріп, сырттағы ер кісілердің шуылдаған дыбысын құлағы шалып қалды.

Тыныштық болар деп сыртқа шығып қараса, құдық айналасы бір топ ер кісі, құдыққа түскен тайыншаны шығара алмай әлек болуда екен. Үйден жеңіл киініп шыққан апамыз бұларға мырс күліп, бұйыра сөйледі. Арқанды дұрыстап тартыңдар – деді, де өзі үйге кіріп кетті. Тәрбие ме, ол кезде үлкен кісінің айтқан сөзі талқыланбайтын.

Дегендей ақ ер кісілер, төрт аяқтап құдыққа түскен тайыншаның төсі мен шабының арасынан арқан салып дайындағаны сол еді, апамыз беліне көрпеше орап құдық жанына келді. Арқанды беліне айналдыра тартып, екі қолмен арқанды екі жақты ұстап, аяғын құдық ернеуіне тіреп көтеріп лақтырып жіберді. Әдепкіде ер кісілер тек «ап»  деген айқайды естіген. Қараса тайынша құдықтан әрі сұлап жатыр екен. Ер кісілер ұялдыма ылдым-жылдым тайыншаны арқаннан босатып, апамызды демеп үйіне  жеткізіп салды.

    Жаз айы. Апамыз таңғы салқынмен көкемізді шөп оруға шығарып салғалы жатыр. Үлкен ыдысқа айран құйып, қант бауырсағын дайындап,  көкемізге күлімдеп ұсынып тұрып, ашығып қалмаңыз жолыңыз болсын деді. Көкеміз де қарап тұрмай езуін тарта күліп, ашыққаны несі ер азығы жолда емеспе деп кемпірінің ұсынған асын алып, күріштік жағасына шөп оруға кете барды. Жалпы  көкеміз де алапат күштің иесі еді, өте ірі денелі кісі болған. Ат үстінде отырғанда тізесі жылқының басына жететін. Жылқы жануар жан жағына басын бұра аламай тікесінен тік жүріп кете беруші еді. Күніне мың бау қамыс шөп оратын орасан күш иесі, бір керсен айранға шөлі қанбайтын.

      Жоғарыда айтылған  қара күш иелері  көкеміз бен анамыздан қасиетті жұма күні  Жұмабай есімді алып сәби дүние есігін ашады.  Қызылту колхозында (қазіргі Ы .Жахаев ауылы)  күн күркіреп, аспан әлемі бір тынымсыз күйге түскен. Ақсақалдар бұл күнді жақсыға болжап, бұл бала халықтың баласы десіп көкке қол жайып алладан сұрап бата тілескен.  Ана сүтін ес білгенше еміп өскен бала Жұмабай қазақтың жыр дастандары мен күйлерін тыңдағанды өте жақсы көретін. Домбыраны  өзі үйреніп қазақ күйлерін  керемет шеберлікпен орындайтын.   Жұмабай,  Ибрагим көкесі ашқан мектептен, сол кісінің қолынан (қазіргі № 149 Қызылту) сауатын ашып білім  алды. Мектеп жасында өте алғыр, зерек еді. Жастайынан ерте есейіп, ер мінезді болып өсті. Қазақ халқы ашаршылықты бастан өткізіп енді ес жиған алғашқы он жылдықта жау жағадан алып, соғыс басталған тұста, соғысқа өзі сұранып кетті. Соғыста жүріп ер Жұмабай талай фашистерді жер жастандырды. Соғыста қолма – қол ұрысты ұнататын. Шабуыл кезінде оқ тізе тұсынан тиіп жараланған еді. Сол жарақаттан бір аяғы бүгілмей қалды. Дәрігерлерден құралған коммисия соғысқа жарамсыз деп тауып елге қайтарады. Жасаған ерліктері үшін орден медальдарын тағып өзінің туған ауылы Қызылтуға келген. 

     Соғыс қазақты әбігерге салғанмен қоймай, елде ересек ер адам қалмаған тұста, қатын қалаш, жасөспірім балалар күрек ұстап, советтің ауыр техникасын тізгіндеп, егін егіп кеткен уақытта  Сталиннің сенімсіз ұлттар деген желеумен депортацияланған өзге ұлт өкілдерін жер аударған екен. Қазақ оларды жатырқамай үйлерінен орын беріп, бір жапырақ нанды бөлісіп қамқорлық көрсетті. Халық арасында әртүрлі адамдар болатыны белгілі кішкене жағдайлары жақсара бастағасын ұрлық істеп қанжарын көрсетіп, басына бастағандар пайда болды. Тіпті кейде ашық түрде жалғыз малын алып кететін кездері де болған. Қаусаған кемпір шал үйлеріндегі жасөспірім баладарына ойбай бармаңдар  пышақтап кетеді деп шығармайды. Осындай жағдайда Жұмабайдың оралғанына ауыл жұрты қуанып рухы көтеріліп қалды. Жұмабай да елге қорған болып колхоз жұмысына бел шеше кірісіп кетеді. Тау халқының өкілдері қанша жахәль, қайсар болсада «Өзіңнен күшті шықса екі көзі сонда шығар» дегендей кәдімгідей басылып қалған еді.                                                                   

  Жұмабай Қазалыдағы малдәрігерлік қысқаша курстан өтіп ауылы Қызылту колхозында мал дәрігері болып жұмыс істеп жүрген. Бір ай бұрын Хасан деген өте ірі денелі шешеннің өгізін қарызға пішіп берген болатын, қарызын сұрауға құнанына мініп, есік алды бақшасында кетпен шауып жатқан Хасанға келді. Ассалаумағалейкум деген сәлемін де алмады. Жұмабай ей шешен қарызыңды қайтар деді. Қазақ, мә саған қарыз деп кетпенін сілтеп тұра ұмтылды.. Бұл сәтте Жұмабайда қарап қалмай кетпенді қамшымен осып жіберіп еді, шешеннің қолындағы кетпені ұшып кетті. Шешен тағы ұмытылған сәтте арқа тұсынан қамшымен тағы осып кеп жіберген. Осы сәтте соққының ауырлығынан шешен екбетінен құлап түсті  де еңбектеп барып  үйіне қарай тұра қашты. Жұмабай бұл сәтте  атының басын үйге қарай бұрып келе жатты. Терезе желдеткішінен үй иесінің әйелі ақшасын шығарып Жұмабай, Жұмабай деді. Жұмабай мырс күліп ақшаны алып кете барды.

  Бірде аудан орталығындағы депода жұмыс істейтін екі жігіт,  жұмыстарын бітіріп асханаға келіп ас ішіп отыр еді, сырттан шешен ұлтының екі жігіті кіріп бұларды орнынан тұрғызып өздері жайғасып ас іше бастады. Бұл шешен ұлтының қазақты әбден басынған шағы. Жас жігіттер амалсыз терезе жақтауына ыдыстарын қойып ас ішуге мәжбүр. Бұл уақытта Жұмабай «Қызылту»дан аудан орталығына бірер шаруа бітірмекке шыққан. Түс ауа күн ысып кеткен соң, орталықтағы асханаға кіріп ас ішіп тынығып алмаққа бел буған болатын. Ақырындап аяғын ақсап басып асханаға кіріп еді, көзіне төрдегі терезе жақтауында ас ішіп тұрған інілері түсті. Інілерінің бірі асқар таудай  ағасын көріп қуана амандаса кетті. Жұмабай зор дауыспен неге терезе жақтауында отырсыңдар деп сұрады? Інілері мән жайды баяндап берді. Ашуланған Жұмабай әлгі екі шешенің басын екі қолымен ұстаған бойда бір-біріне қатты соқты. Қатты соққыдан естерінен танып көздері айналып кеткен еді.    Соққыдан естерін  жиған  тау  жігіттері орындарынан тұрып әзер кетті. Көп ұзамай сырттан айқай шу естіле бастады. Терезеден қараған жас жігіттің бірі  өлген жеріміз осы шығар есік алды қаптаған шешендер қолдарында пышақ деді, дір-дір етіп. Шын соғысты көрген Жұмабай байыппен астарыңды жақсылап ішіп алыңдар, келсе келе берсін жау артымнан келмесе болды деді. Жұмабай екі інісімен астарын жақсылап ішіп алып сыртқа шыққан болатын. Асхана есігін жапқанша болған жоқ төбелес бастала кетті. Жұмабай арқасын есікке тіреп алған. Алдынан пышағын жалаңдатып екілене жетіп  келген жігіттің білек тұсынан қолының қырымен соғып қалғанда пышағы ұшып кетті де, өзі қолын ұстап ыңырсып жата кетті.  Екінші жігіт ұрмақ болып жұдырығын сермеп қалған тұста, Жұмабай білегінен шап беріп ұстап шешенді шоқпар ретінде көтеріп келесі адамды  ұрды. Тағы біреуі қызара кеп жұдырықтамақ болып қолын созған сәтте, Жұмабай қолының қырымен балташа шауып кеп жіберген. Жұмабайдың қаруы пышақтай өткір қолының қыры еді. Қолы ортасынан морт сынған шешен жан ұшыра айқайлады. Сол жерде Қызылтудан келген шешен қатындары ойбай мынау  Жұмабай ғой, Жұмабай деп шу ете қалды.  Бұндай төбелесін көрген қазақ әйелдері сол сәтте Жұмабай, Жұмабай, Жұмабай деп айқайға басып ұрандатып кетті. Өзге ұлт өкілдерінің әлімжеттігі өтіп кеткен бұлардың қазақтан да батыр шықты деп қуануы жәй емес еді.  Шешендер әдепкідегі қарқынынан қайтып кері шегінді.

   Бұл төбелес біраз жұрттың есінде қалды, біразы әлі күнге айтып жүр.  Бірде  Жұмабай жалақысы  тиіп, аудан орталығындағы  дүкендерге қарызын төлеп, достарымен кездесіп біраз ішкен еді. Кеш болып кеткен соң кино көрмек болып мәдениет үиіне бұрылды. Мәдениет үйінің маңында құжынаған халық, тау жігттерінің бір-екі қазақ қызын қолтықтап киноға кіріп бара жатқанын байқап қалды.   Содан соң мәдениет үйінің жанында жиналып отырған бір топ жас қазақ жігіттерімен біраз сөйлесіп тұрды.  Ішікі дүниесі намыстан өртеніп тұрған Жұмабай.   Неде болса мәдениет үйінің кино залынан бәрін қуып шықпаққа бел буған еді. Бұл уақытта мәдениет үйінде кино көрсетіліп жатқан. Жұмабай тау жігіттерінің қазақ қыздарына қол сала бастағаны намысына қатты тиіп, мәдениет үйіне қарай ақсаңдай басып жақындады.   Мәдениет үйіне кірген бойда айқайлап залдан шығыңдар  деп еді, еркек біткеннің бәрі орнынан атып тұрып төбелес басталып кетті. Жұмабай осы кезде бір - біріне жабысып қалған, темір жақтаулы үш орындықты еденнен шегесімен жұлып алған. Құмырсқадай қаптаған ірі денелі жігіттерді бір ұрғанда ақ сұлатып түсіріп жатты. Мәдениет үйінің іші айқай шу. Кино жайына қалған. Мәдениет үйіне жауап беретін райком  басшыларының бірінің әйелі тәлпіш,  бір нашар кісі еді. Тек ақшаны ойлайтын ұрысқақ, арызқой болатын. Шәңкілдеп Жұмабайды тоқтатпақ болып еді ашулы  Жұмабай мұның құйрығынан бір теуіп, екбетінен құлатып түсірді. Бұл түн басқа ұлт өкілдері үшін қиын болды. Бірі қатты соққыдан жарақат алса, бірі қолын сындырған.

  Бұл жағдайдан кейін мәдениет үйінің әкімшілігі милицияға арызданып, Жұмабайды қаматпақ болды. Сот үш жылға үкім шығарғанымен Жұмабай түрме есігін көрген жоқ. Соғыс ардагеріне аудан басшысы басқа жаққа кетіп қалуын өтінген. Сөйтіп Жұмабай үш жылын Арқадағы ағайындар арасында  өткізеді. Қайтадан Қызылтуға келсе мұндағы жағдай басқаша болып жатыр екен. Ауылда мал ұрлық күшейіп қазақтар мал жанында түнеуге көшкен. Түрік пен шешендер бірігіп барымта жасауға шыққан. Таңертең Жұмабай үйінде дем алып жатыр еді, көршісі келіп ойбайға басты. Малымды ұрлап әкетті, басынғаны сондай қорада сойып әкетті деді. Жұмабай.. Кім екенін білесіңдерме деді. Білдік қой, бірақ мойындамайды. Таңертең қар жауып қарға малдың қаны үйіне дейін тамшылап барыпты оны бәріміз көрдік бірақ анау күштілікке салып мойындамайды деді. Жұмабай дереу киініп әлгі кісінің үйіне барды. Әрі бері шапалақтап ұрып еді, мойындамады. Жұмабай мұндайларды қалай мойындатуды көрсетейін деп, жанындағы серігіне балта мен арқан ал, көлге барамыз деді.  Көктемгі тоң әлі кетпеген. Қасындағы серігі ылдым жылдым мұзды ойыпта үлгерді. Жұмабай әлгі ұрыны арқанмен байлап мұз ойылған суға тастады. Суға бір батырып шығарып көріп еді мойындамады. Өй әкеңнің суға ағызып жіберейін сені деп қалтасынан шапасын шығарып арқанды кесіп жатқанда,сөйлеуге шамасы келмей қалған ұры қолын көтеріп мен дегендей ымдады. Сөйтіп ұрланған малдың құнын төлетті.

   Алла Жұмабайға алапат күш,батыл жүрек  қайсар мінезбен бірге дәулескер домбырашылық, ақындық қасиеттерді де берген екен. «Қызылту» колхозындағы өнерлі інілерін Шайхслам, «Қызылту» вальсының авторы Серікбай, Тойбек, Темірәлі т.б. өнерлі жігіттерден « Алтын дән» деп аталатын қазақтың ұлтық аспаптары оркестрін ұйымдастырады. Бұл жұмыстың нәтижесі оркестрді, Алматыға шақыртылып, концерт қойып лауреат болып оралуы еді. Бұл Жұмабайдың өнерге байланысты бір қыры еді. Ол өз алдына айтылар, үлкен әңгімеге өзек болар  бөлек тақырып. Сондықтан әңгіменің негізгі желісіне көшелік.                                                                

Бүгін Жұмабай  ауа райы жақсы болған соң сыр бойындағы малды дәрілемек болып дария жағасындағы фермаға келген. Әдеттегі үйренген жұмысын аптықпай тып- тыныш орындап жүр еді. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз жолы сұйықтау қыдырымпаз жігіттердің бірі жетіп келіп,  алақ – жұлақ етіп мұңын шаға бастады. Ойбай Жұмабай  ауданда сұмдық бір дәу орыс жігіті  пайда болды, өзі бірнеше рет сотталған рецедевист бұзақы  екен, жастарға күн көрсетер емес, көшеде жүріп дәмханаға кіруден қалдық, қатты басынып барады сен бізбен аудан оталығына жүре қал деп жата жабысты.   Жұмабай малын дәрілеп болған соң  әлгі құрдас жігіттің сөзін қимай ілесіп аудан орталығына  келді. Түс ауып кеткен соң, Сырдан келген Жұмабай тамақтанып, жүз грамм ішіп демалуға  вокзал маңындағы дәмханаға кіріп жайғасады. Біршама уақыт өтіп қыза бастаған шақта бірнеше нөкерлерімен әлгі орыс жігіті есікті теуіп ашып айналасын қағып соғып кіріп келе жатты. Іштегі адамдар мен  дәмхана қызметкерлерінде үрей пайда болды. Жұмабайлар отырған стол қасынан өтіп бара жатып біреуінің тамағын аударып кетті. Жұмабайдың алдындағы стаканға құйылған араққа қол салып еді ,Жұмабай қолынан шап беріп ұстады. Әлгі десант орыс езуін кектене тарта күліп, ей шал сенің ақсақ аяғың мен сау аяғыңды бір етікке тығамын деді де. Жұмабайдың қасындағы ерітіп келген жігітті құлаштап келіп ұрып шалқасынан түсірді. Сосын Жұмабай әлгінің басбұзарлығына шыдамай былай деді. Ей, сен өзі қай жерде жүргеніңді білемісің деп еді, әлгі орыс  қазақтар қойсыңдар, мен сендерді қойша бауыздаймын деп орысшалады. Бұл сөзге шыдамаған Жұмабай орысты алақанымен жақтан ұрғанда әлгі орысың жерге құлады.   Жойқын күштен сасып қалған орыс қайта тұра ұмтылды.  Орыстың шашынан ұстап тізерлетіп отырғызғанда, әлгі кектеніп жүрген құрдасы Жұмабайдың қолына өткір шаппаны ұстата қойып еді, қазақты қорлаған сөзге қатты ашуланған Жұмабай сен ба бізді бауыздайтын, мен сені қойша бауыздайын деп орыстың тамағынан орып кеп жіберді. Қол күшінің күштілігі сондай пышақ ұшы жұлынға жетіп орыс сол жерде тіл тартпастан өліп кетті.  Жұмабай болған іске болаттай берік болып сабырмен асхана алдындағы орындыққа барып жайғасты. Айнала қып қызыл қанды көрген адамның бәрі қашып кеткен. Жұмабайдың қолына кісен салмаққа келген милицияның қолдарында пистолеті бар, бірақ анадай жерде қашып жүр. Жұмабай темекісін тартып алған соң, милиция  көлігіне өзі барып отырды.

  Аудандық сот Жұмабайды өлім жазасына кеспек болып шешім қабылдағалы жатыр деп аудан халқы шулап жүр. Өйткені орыс ұлтының өкілін өлтіру, мейлі ол қылмыскер болсын, тек өлім жазасы еді. Бұл кезде ауыл ақсақалдары  даңқты дихан Ыбырай  атамызға  Жұмабайды ату жазасына қимайтынын айтып өтініш қылды.  Ыбырай атамыз жоғары соттың мүшесі жерлес ақын ағамызға өтініш айтты.  Көптеп көмектеп ақша жиналып еді ақын ағамыз бұл ақшадан бас тартып Ыбырай атамызға сіздің келгеніңіз мен үшін құрмет, ауданымыздан шыққан  қазақтың  жанашырын құтқару парызымыз,сіздің бір ауыз сөзіңізді жерге қалдырмаймыз лайықты жазасын алар, бірақ өлім жасасынан құтқаруға күш саламыз деген еді. Сөйтіп сотты райынан қайтарды.  Өлген орыстың ағасы жоғарғы шенді әскери кісі екен сот болар алдында інімді бауыздаған адамды көрейін деген өтініш түсіреді, өтініш қанағаттандырылып тәртіп бойынша қол жетпейтіндей қашықтықтағы ұзын столдың екі шетіне екеуін отырғызады.Ұзақ үнсіз қарап отырып, сен де мен сияқты соғысқа қатысушы екенсің, інімнің қылмыс жолына түскенін, артының жақсылыққа апармайтынын ескерткенмін, дегенмен ерекше жаратылған мынадай тұлғаңмен қару қолданбай жалаң қолмен ақ істі тындыруыңа болатын еді  деп айтқан деген сол жерде отырған конвойдың әңгімесі тарады. Бұл кісі Жұмабайға адамгершілікпен қарап кешірім берді.   Сот Жұмабайды 15 жылға түрмеге жапты.

  Түрме іші тар әрі дымқыл, сасық бір ауасы қолқаны алатын. Кең жерде емін -  еркін өскен Жұмабай үшін бұл жер арыстанды торға қамағанмен бірдей еді. Түрмеде сотталғандардың көбісі жастар. Алғашқы түрме күні бір жылдай болып өтті. Жұмабай енді алдағы күндері қалай өтеді, соны ойлап керуетте жатыр еді, қасына бір жігіт келіп әңгімесін бастап кеп жіберді. Осы жерді тұрғызып жатқызатын бір жігіт бар. Өзі осы зонаның паханы есімі Қаршыға. Сіздің қандай статиямен келгеніңізді жақсы біліп отыр.Дегенмен қарсы келмегеніңіз дұрыс шығар деді. Талай құқайды көрген Жұмабай сәл езу тартты да қойды. Оның айтқанымен жүріп тұратын ойы да жоқ еді. Әлгі пахан нөкерлерімен келіп түрменің жаргонымен кіжіне сөйлеп Жұмабайға тиісе жөнелді. Жұмабай жай ғана  сен баламдай азамат екенсің өмірің алда ғой, мен фашистермен соғысып қан көрген адаммын, не қыласың сіз- біз десіп ағалы інідей болып жүрейік деді.  Не қылған  аға, мен осы түрменің сұңқарымын менің айтқаныммен жүресің, хайуан деп пышақ сілтеп  тұра ұмтылды. Қолын қағып үлгерген  Жұмабай мойнын қарымен қысып бұрап қалғанда әлгі сылқ етіп құлап түсті. Бұл қас пен көздің арасында болғандықтан нөкерлері  не істерін білмей сасқалақтап қалды.     Қаршыға сол құлағанынан қайта тұрмады. Түрменің кезекшілері Қаршығаны зембілге салып алып кетті.

  Жұмабайды бұл жағдайдан кейін, түрме басшылары Шымкент түрмесінен Ақтөбе түрмесіне ауыстырып жіберді. Ақтөбе түрмесіндеде бір дөкей бар екен. Өзі тау ұлтының өкілі, пілдей  өте ірі денелі, лақап аты Медведь, адамды мал көретін. Ол ас ішіп отырғанда  бір сотталушы столға отырмайды  және бір жаман әдеті асқа түкіреді. Жұмабайды бауырларының мұндай жағдайда жүргені қаты қапаландырды. Ас ішетін уақыт келгенде  аяғын сылти басып столдың бір шетіне барып отырып тамақ ішуге кірісті. «Медведь »бұның тегін адам емес екеннін білді ,үнсіз тамағын ішіп отыра берді. Столдың бір шетінде «Медведь»екінші шетінде Жұмабай отыр . Тек ыдыстың ғана тықыры естіледі. Бұл дауыл алдындағы  өлі тыныштық  еді. Біршама уақыттан кейін екеуінің бірінің қалатыны белгілі болып еді. Сол жердің жазылмаған тәртібі бойынша каптерка дейтін жерде жекпе –жек өтеді екен, кезекпен бір - бірін ұруға келіседі, құлағаны бағынады. Бірінші кезекті Медведьтің өзі алады. Ол да өте күшті ауыр салмақты жігіт еді. Бар күшімен салмағын сала құлаштап ұрғанда Жұмабай бір сәтке көзі қарауытып сау аяғын артқа тіреп  барып есін жиып алды. Мұндай ауыр соқыны бұрын соңды алмаған еді. Кезек Жұмабайға келеді. Жұмабай былайғы кезде майып қылудан қорқып жүдырықпен ұрмайтын. Бұл жолы иектің астын ала күш салып жұдырықпен қатты соқан еді. Тау қозғалғандай, қабырғаға соқтығып барып тізерлеп екбетімен гүрс етіп құлады. Мойын сүйегі сынып кеткен «Медведь» тіл тартпастан өліп кетті. Бұл жолы талайды жазықсыз жер жастандырған қаныпезердің денесі каптеркадан жансыз шықты.

  Әдеттегі жағдай бойынша түрме басшылары Жұмабайды Ақтөбе түрмесінен, Маңғыстау  түрмесіне ауыстырды. Бұл жолы Жұмабай Маңғыстау түрмесіне пахан зона болып келген еді. Соғысты жоқшылықты көрген Жұмабай аса астамшылыққа салынбайтын. Әрдайым қазағым деп жүретін  Жұмабай кей мәселелерді адамгершілікпен шешетін еді.. Қасындағы камералас достарына Жұмабайдың жақсылығының өткені сондай, түнде Жұмабай ұйқыға кеткенде, кезекпен отырып таңға дейін күзететін. Осылайша Жұмабай алты жылын осы түрмеде өткізді. Күн көзін көрмей күнделікті бір ғана тамақ пен қызыл шәй ішіп, темекіні тарта берген соң ба, ауыздағы бүкіл тіс өздігінен түсіп қалды..

   Кесілген 15 жылының 13 жылын  түрменің тар қапасында өткізген Жұмабай амнистияға ілініп елге оралды. Халық Жұмабай келіпті деп шулап жүр. Үлкендер үйіне барып амандасуда. Кішкене балалар аты аңызға айналған кісіні көреміз деп шапқылауда. Дегенмен өмірге жаңа буын келіп  заман өзгерген еді. Халық соғыстан кейінгі қиыншылықтан құтылып тоқырау кезеңі басталған. Тарихи себептеріне терең үңілмей Жұмабайды адам бауыздаған қанішер деп ұғатын кейінгі ұрпақ пайда болған. Отбасылы болмағандықтан кейде ішіп көшеде аяғын сылти басып келе жатқанда, әсіресе жастар жағы тапырлай қашатын. Кейде кеңседегі кейбір қызметкелер мен басшылардың терезеден қашқан кездері де болған. Бұл жағдай Жұмабайға өте ауыр тиіп жүрегіне салмақ салушы еді. Апырмай бір кездері өзім қорған болған ауылдастарым  мені бөжек көрді ау деп көше шетіндегі дөңбекке  отырып қалатын.

  Ұлы отан соғысы ардагеріне  (мүгедектікке)  үкіметтен бөлінетін «запорожец» көлігін  кезексіз беруі де бір уақиға .  Бірде ауылда  Ыбрай Жахаев атамызға  қатысты бір үлкен іс -шара болады. Халық тарап, ауданнан келген басшылық қызметкерінің бірі көлігіне мініп жүргелі жатыр. Көлік мұз үстінде тұрғандай жүрмейді. Жүргізуші көліктен түсіп қараса Жұмабай машинаның  бамферінен ұстап көтеріп тұр екен.  Ауданнан келген басшы дереу көліктен түсіп амандасады.  Сонда Жұмабай көлікті тек сендер мінулерің керекте, соғыс мүгедектері жаяу жүру керек пе деді. Ол бұл көліктердің бірінің руліне отырмайтын, рульге көшеде кездескен жастарды отырғызып ауданды аралап жүре беретін

    Ол кезде колхоздың басшылық жұмыстарына сырттан мамандар жіберілетін. Сондай басшылардың бірі белсенділеу жігіт болса керек, жүгері орымын көрмеке келеді. Жұмабай сол кезде жүгеріге қарайды екен, сәл қызулау жұмыс жасап жатқандарды жинап әңгіме айтып тұрған. Сырттан келген әлгі маман машинадан түсе сала неге жұмыс істемей тұрсыңдар деп айқайға басады. Дігірлеп қоймағасын Жұмабай бір қолымен желкесінен екінші қолымен тамақтан ұстап көтеріп қалғанда өзі толықтау кісі көгеріп кетіп, аяғы жерге тимей қалады. Белсенді, адам қолына асылып қаламын деп мүлде ойламаған еді. Жұмабай қайтадан жерге қоя салды. Әлгі белсенді басшы көлігіне келіп шоферінен мынау кім еді деп алқыны сөйледі. Орысты бауыздаған Жұмабай ғой, оған колхоз басшылары да  ләм демейді. Кейде колхоз көлігін жүргізушісімен тізгіндеп бір екі күнге Жаңақорған, Түркістанға достарына сапарлап кететіні де бар деді сәл жымия. Сол уақиғадан кейін белсенді Жұмабайды көрсе алыстан айналып өтетін болды.

  1986 жылдың желтоқсаны. Ауылдағы Мәдениет үйінің қора есігіне сүйенген  Жұмабай көз жасына ерік беріп дауыстап жылап тұр. 9- май мерекесіне сыйлыққа берген транзисторын тыңдап отырып Азаттық деген радиодан желтоқсан оқиғансын естіп келген еді. Кеңсе мен  Мәдениет үйі қарама қарсы орналасқандықтан адамдар жұмысқа тапсырма алуға жиналатын. Жұмабайдың бұрын соңды көзіне жас алып жылағанын көрмеген адамдар,  ау Жұмеке не болды деп ентеледі. Айналайын, балаларым мен қыздарымды итке талатып, шашынан сүйреп сабап жатқанда мына жерде дәрменсіз жүргеніме  күйінемін. Үш лагердің аққұлақтарын тырп еткізбей ұстап едім,  енді солардың бауырларымды қорлағаны өтіп барады, жас кезім болғанда қол жинап көмекке мен жетер едім деді. Жұмеке қалың солдатқа не істеуге болады деп, бір кісі жұбатқан болып жылыстай берді. Бұл Жұмабайдың көп қиындықтардан бауыры сыр беріп жаралы жолбарыстай ауру меңдей бастаған кезі еді.

   Көлік ішінің ауасы тарылып барады, Жұмабайдың көз алдына анасы елестеп өзіне шақырғандай әсерде болды. Бағана жолға шығар алдында Тойбек пен тағы бір інісі Жұмабайдың азған тәнін көлікке зорға көтеріп жайғастырған еді. Сонда әлгі екі інісі ағамыздың сүйегі өте ауыр екен, екеуміз екі шетінен демеп көтеріп едік, құр сүйегі қалған ағамыздың салмағы иығымызды темірдей қиып жіберді ғой.  Жұмабай жайғасқан көлік Алматыға дәрігерге жол тартқан еді бірақ тым кеш...   Ұзын жолдың бойымен келе жатып Жұмабай бұл дүниені тастап ана дүниеге кете барды.

 Ақсақалдар Жұмабай дүниеге  заманынан кеш келген,  жаугершілік заманда туылса елін қорғар батыр болар еді, бір басына өнерді де, алпат күшті де батырлықты да аямай берген азамат қой, әттең мына заманға сыймай,  жолы да тар соқпақтарға түсіп кетті деп отыратын.Сондықтан Жұмабай ресми түрде айтылмағанмен, халық ұмытпай жадында сақтап,басынан өткен уақиғаларын бір-біріне ауызша тарап кеткен аңыз адамға айналған еді.

  Ақпараттық дереккөз : el24.kz