Затымыз әйел болғасын әйелдермен әңгімелесіп, сыр бөлісіп жүреміз ғой. Сондай әңгімелерден байқағаным, көп отбасыларда әдетте үйдің бар жауапкершілігін әйелдер арқалайды екен. Үй салу, той жасау, қара қазан мен сары баланың қамын да бүгінде әйелдер ойлайтын болыпты. Тіпті денсаулығын құртып, өмірін сарп еткендерді де көріп жүрміз. Сондай отбасылардағы еркектің жауапкершілігі қайда? Жатыпішер, масыл ер қайдан шығады деген сұрақ көкейді еріксіз мазалайды екен.  Сөзім құрғақ болмас үшін өзім сырына қанық әйелдердің өмірлері жайлы жазуды жөн көрдім. 

Әйелі ауырып жатқанда алаңсыз арақ ішіп жүрді

Осыдан екі-үш жыл бұрын ғой деймін, бірде жұмыстан шығып, үйге жетем дегенше төңіректі қараңғылық басып қалды. Күз кезі болатын. Үйім аялдамадан бірталай жерде. Жүріп келе жатып байқадым, алдымнан ілби басып бір әйел кетіп барады. Жүрісі баяу. Телефонмен әлдекімге: «Бақырып-шақырып, мазамды алғасын қайнымның үйіне кетіп қалып едім. «Бутылкам» толып, соны ауыстыру керек болғасын үйге қайтып бара жатырмын. Ендігі ұйықтап қалған болса жақсы болар еді», –  деген сөздерін естідім. 

Оның жанынан озып өте бергенімде: «Сіңлім, әлі біраз жүрсең, серік боп бірге жүрейікші, иттерден қорқып келе жатырмын», – деді әлгі әйел. Мейлі деп жүрісімді баяулаттым. «Базарда тұрасың ба?» –  деп сұрады. «Жоқ, жұмысым бар», –  дедім. «Онда дұрыс екен. Жұмыс орның жылы ма? Жаурап жүрген жоқсың ба?», –  деді тағы да. «Жоқ, жаурамаймын. Жылуды да беріп қойған», – дедім оның қамқор көңіліне риза болып. «Ауруды суықтан табады екенбіз ғой. Оны білмей, жастық шақта, денсаулықтың барында ыстыққа да, суыққа да қарамай базарда желдің өтінде тұрып сауда істеп, бүгінде ешкімге керек емес мүгедек болдық. Байға да, балаға да деніңнің сауында керек екенсің. Денсаулықтан бір айырылып қалғасын оны қайтып қалпына келтіре алмайды екенсің ғой», – деп күрсінді. «Ауырып жүрсіз бе?» – деп сұраған едім, кекесінмен мырс етіп: «Қашан өлетінімді күтіп жүрмін дегенім дұрыс шығар», –  деді. «Қойыңызшы, қайдағыны айтпай. Ауырған адамның бәрі өледі деп кім айтты сізге?» –  дедім оған дем бергім келіп.

«Ауру өтіп кеткесін айтам ғой, –  деген әйел әңгімесін әрі қарай жалғады. – Талай жыл базарда тұрып сауда істедім. Ауырсам да дәрігерге көрінген жоқпын. Емделуге уақытымды да, ақшамды да қимай жүре бердім. Қуығым шаншып ауырғанда жаным көзіме көрінетін. Одан белім ауыратын болды. Өстіп-өстіп кесел көбейе келе ауыру үйреншікті әдет болып қалды. Түнімен ыңқылдап-сыңқылдап шығамын да, таңертең сауданы қимай, базарға кетемін. Үлкен үй салып жатыр едік, алдымен сол бітсін дедім. Кейін ұлымды үйлендіріп, той істейін деп жүгірдім. Бір күн саудадан қалсам түсіп тұрған ақшадан айырыламын. Үйде менің ғана табысым тұрақты. Күйеуім табылса істейді, табылмаса жатады.

Тойға санаулы күн қалғанда денсаулығымның нашарлап бара жатқанын байқадым. Түзге шығу қиындап кетті. Дәрігерге көрінсем ауруханаға жатқызып қояды деп қорқып, сонда да емханаға бара қоймадым.

Әупірімдеп жүріп тойды да өткіздік. Ертесіне есімнен танып құлап, үйдегілер жедел жәрдем шақырыпты. Дәрігерлер шұғыл түрде операция жасап, тік ішегімді алып тастапты. «Злокачественный рак» пайда болған, оны алмаса болмайды екен. Операциядан шыққасын талай рет химия қабылдадым.

Содан бері екі жыл болды, түзге шыға алмаймын, «бутылка» ауыстырып отырамын. Кісінің үйіне қона алмаймын, түнделетіп болса да үйге қайтуым керек. Әйтпесе иісі әлемді алып кетеді. Бұлай қашанға дейін сүйретіліп жүретінімді кім білсін?»

Әңгімесін аяқтаған кезде оның үйінің тұсына келіп қалған екенбіз. «Мен үйіме жеттім. Сен әлі біраз жүресің бе?» –  деп сұрады. «Иә, әлі бірталай бар», –  дедім. «Жақсы, айналайын, денсаулығыңды күтіп жүр», –  деді қоштасып тұрып. Мен әрі қарай жүріп кеттім.

«Адамның жаны неткен сірі! – деп қоямын жүріп келе жатып. – Қалай өзіне қарамай, денсаулығын күтпей, үй бітсін, той өтсін деп жүре беруге болады? Денсаулыққа осылай салғырт қарауға бола ма екен?»

Ертесіне күн сенбі еді. Жасы үлкен көрші әйел бас аурудың дәрісін сұрап келіпті. «Ауырсақ дәрі ішіп қоя салмай, доқтырға көрінуді де ұмытпайық», – деп, кешегі көрген әйелдің әңгімесін айтып едім, көршім оны танитын болып шықты.

«Ей, байғұс-ай, ауырып жүріп алқаш байымен алысып жүр ғой ол сорлы. Ішіп алып төсекке шақырып, тыным бермейді екен жынды байы. Жатыры мен ішектерінің бірталайын алып тастаған ғой оның. Сүйретілген шлангілері мен шишасын сүйретіп жүрген сорлы байды неғылсын? «Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы» дегендей болып тұр ғой олардың жайы», – деп көршім бірталай әңгіме айтып тастады. 

Тағы біраз күннен кейін сол көршімнің үйіне барсам, бөтен бір кісі отыр екен. Көршім былай шыққасын ана отырған еркек өткенде екеуміз әңгіме қылған науқас әйелдің күйеуі екенін айтты.

Уақыт өте келе ол кісіні көшеде, дүкен алдында, карта ойнап отырған еркектер арасынан жиі көретін болдым. Әр көргенде көшеде бұлай сенделгенше ажалын күтіп жатқан әйелінің жанында отырып көңілін ауласа, жылы сөзін арнаса болмай ма екен деп ойлайтынмын. Өйткені ауылдағылардан сол әйелдің төсек тартып жатып қалғанын, жақын-жуық ағайындары келіп бақұлдасып жатқанын еститінмін.

«Адам ит жанды» деген рас екен ғой. Әлгі әйел содан кейін де бір жылдай аурудың азабын тартып төсекте жатты. Ал күйеуі болса, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сықылды көшеде жүреді. Жүзінен қайғының табы білінбейді.

Біздің үйдің жанында ішкілікке үйір жалғызбасты кісі бар еді. Әлгі кісі сол үйге жиі-жиі келгіштейтін. Қараша күздің бір жексенбісінде есік алдында кір жуып отыр едім, жалғызілікті кісінің үйінен шулаған дауыс естілді. Не болып қалды деп көшеге шығып қарасам, қабақтары қатыңқы үш-төрт кісі науқас әйелдің күйеуінің басына тақия кигізіп, өздерімен ертіп кетіп барады екен. Әйелінің өмірден озғанын түсініп, көзімнен жасым ырықсыз шығып кетті. Өзім қараңғыда түрін анықтап көрмеген сол әйелдің денсаулығыңды күт деген бір ауыз сөзі құлағымда қайта жаңғырып, солығымды баса алмай ұзақ жыладым. «Отбасының тасын өгіздей өрге сүйрелеймін деп жүріп опат болған сорлы әйел-ай! – дедім іштей қынжылып. – Үлкен үй мен балаңның үйлену тойын өміріңнен де артық көргенің бе? Не қызық, не жақсылық көрдің екен өмірден? Сені солай етті екен деп жүрген күйеуің де жоқ, кім үшін сабылдың соншама?»

Осы оқиға ойыма оралса әлі күнге жыларман халге түсемін. Көшеде кетіп бара жатып, сол әйелдің үйінің тұсына қарасам, үйлеріне тағы да бөлмелер жамап қосып, есік алдында қыбырлап жүрген адамдарды көремін. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», «тірі адам тіршілігін қылады» ғой. Дегенмен үйімнің жыртығын жамаймын деп өзін соншалықты құрбан қылған әйелді аяймын. Ол өлген соң да үйі құлаған жоқ, балалары мен күйеуі аштан қатып қалмай, тіршілік етіп жатыр. Осыны көргеннен кейін ең бірінші өз денсаулығымды күтуім керек, қалғаны екінші орында деген ой түйдім. Өйткені күйеуіңнің көңілінен шығып, балаларыңа жақсы ана болу үшін де алдымен денсаулық керек қой.

Соққыға жығып мерт қылған

Бұл оқиғадағы әйелді өз басым көзіммен көргенім жоқ. Бірақ оның тағдыры жайлы естігенімде екі-үш күнге дейін өзіме өзім келе алмай жылап жүрдім. «Неге?» деп өзіме мың қайтара қойған сұрағыма жауап таба алмадым. Мүмкін бұған оқырмандардан жауап табылып қалар.

Туыс әпкем бір шаруаларымен келіп, үйге қонып қалды. Көптен бері көріспегендіктен түн ортасына дейін әңгімелестік. Алдымен өзіміз бен туыстардан басталған әңгіме қыза келе жора-жолдас, көз көрген таныстарға қарай ойысып кетті. Ортақ тақырыбымыз  – маскүнем еркек пен шырылдаған әйел жайлы. Мен жоғарыдағы оқиғаны айтып жылап отырсам, әпкем одан да өткен сорақы әңгіме айтып еңіретіп жібергені.

Әпкемнің оншақты жыл бұрын қайтыс болған көршісінің басынан өткен оқиға. Бірақ ол әйелдің күйеуінің табысы мол болған. Күйеуі жақсы жерде жұмыс істейді, әйелі балаларының қараушысы, үйлерінен қонағы үзілмейтін, бір қарағанда бақытты боп көрінетін отбасы екен. Дегенмен еркектің ішіп алып, әйеліне жұдырық ала жүгіретін дөрекі мінезі болыпты. «Әйелі қанша таяқ жеп, денесі көкала қойдай болып жүрсе де ағайын-туғанын шақырып, күйеуін ортаға салып көрмеген жан еді», – дейді әпкем. Кейде орнынан тұра алмайтын халге де түсіп қалатын жағдайлары боп тұрады екен. Сондайда әпкемді көмекке шақыратынға ұқсайды. «Әй, сорлы-ау, мұның не? Сөзіңді сөйлейтін ешкімің жоқ па? Біреуін шақырып, мынаны құтырта бермей, бір басып қоймайсың ба?» –  деген әпкеме: «Азаматымның абыройын түсіріп нем бар? Өзі емес, ішіне түскен жынды судың әлегі ғой. Балдарым өссе ұялып, қояр», –  дейді екен. «Ой, тоба-ай, әйел емес, әулие шығарсың дейтінмін», – дейді әпкем. Сөйтіп жүргенде бір күні әлгі әйел өмірден озыпты.

«Таңертең ерте соның үй жағынан балаларының азан-қазан боп жылағанын естіп, жүрегім су ете қалды, –  дейді әпкем.  – Жаным қалмай жүгіріп барсам, үлкен қызы: «Тәтем мас боп келіп, апамның басын цементке әбден соғып ұрды. Бізді сыртқа қуып жіберді. Бір кезде апам жанымызға кеп жатып бәріміздің басымызды сипалап, әбден жылады. Таңға жақын қарасам, апам қиналып жатыр екен. Қолынан ұстап едім, маған бір қарады да, өліп қалды», –  деді еңіреп. Інісі: «Апам өлген жоқ, талып қалды. Тәтем доқтырға әкетті. Қазір келеді екеуі де», –  деп жылайды. Анасын өлімге қимағаны ғой.

Оның сол күні түстен кейін ауруханада жатып жан тапсырғанын естідік. Кейін ауыл-аймаққа байғұсты байы ұра беріп миын су ғып жіберіпті деген әңгіме тарады. Бірақ күйеуі бәрін ақшамен жауып тастады ма, сотталған жоқ әйтеуір».

Осыны айтқанда әпкемнің даусы тарғылданып кетті. «Екіқабат еді байғұс. Балаңды аман алып қала аламыз десе, байы қайтіп бағам, керек емес депті ғой», –  дегенде тамағына өксік тығылып, көзінен жас ыршып кетті.

Қысқасы, азаматымның абыройына дақ түсірмеймін деген сорлы әйел жарық дүниенің есігін ашпаған сәбиімен бірге ажал құшып кете барыпты.

Осыны естігенде әлгі еркекке соншалықты қатыгездік қайдан келді деп ойладым. Әлде, марқұм әйелі айтқандай, еркекті емес, оның ішіне жын боп түскен арақты кінәлаймыз ба? 

Басқаға үйленгісі келеді

Тағы бір оқиға туралы айтайын. Бұл оқиғадағы әйелдің баласы қояншық ауруымен ауырады екен. Апарып қаратпаған жері қалмапты. Бірақ емі табылмапты әлі күнге. Баласының ауруының кесірінен тіпті түнде де тыныш ұйықтай алмаймын дейді әлгі әйел.

Ауру адамды күтіп-бағу да оңай емес. Алайда осы әйелді күйеуі мен енесі екі жақтан талайтын көрінеді. Күйеуі осы жындың адам болады дейсің бе деп күйдірсе, енесі ұлына басың жас, сау бала туып беретін әйел тауып үйлен деп мазасын алатын көрінеді. Үйленсе үйленсін деп төркініне келсе, шешесі: «Бір байың мен енеңнің тілін тауып, алдап күн көре алмасаң неғып жүрсің?» – деп қуып жіберіпті. «Сонымен үш жақты алысып күн кешіп жатырмыз, не істеймін енді?» – дейді әлгі әйел шарасыз күйде.

Мұндай оқиғаларды тізе берсем, өте көп. Мақсатым – біреудің тағдырын жазып жұрттың аяныш сезімін ояту емес, отбасындағы еркектің ролі, жауапкершілігі қайда деген сұраққа жауап іздеу, оқырманға ой тастау болатын.  Неге еркектер бәрін әйелдің мойнына іліп қойды? Науқас әйелді ажал сағатын күткізіп, төсекке таңып қоймай, дәрігерден дәрігер қоймай ізденіп, аман алып қалуға болмас па еді? Әйелім үндемейді екен деп ұра беріп міндетті түрде өлтіру керек пе? Аурушаң баланы бағып отырған әйелдің жанын жаралайтын сөз айтпастан, өз баласына бірлесе қарау қиын ба? Бүгінде еркек неге отбасының асыраушысы емес? Неге жауапсыз? Ойланып көрейікші...

 

Г. ҚАРАТАЙ.