el24.kz Алматыда өткен Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы ойында қазақстандық команданың жас қақпашысы Шерхан Қалмырза жанкүйерлердің назарын өзіне аударды.
Ойын 0:5 есебімен аяқталғанына қарамастан, 18 жастағы қақпашының бірнеше қауіпті соққыны қайтаруы ерекше атап өтілді. Чемпиондар лигасының ресми парақшасы Шерханның бір сейвін турдың үздік сәттерінің қатарына енгізді.
Негізгі қақпашылар жарақатына байланысты алаңға шыға алмағаннан кейін, негізгі құрамда дебют жасаған Қалмырза сенімді ойынымен көзге түсті.
Осыдан кейін кәсіпкер Ұлықбек Шарипов жас спортшыға қолдау көрсету мақсатында Exeed маркалы жаңа автокөлік сыйлады. Сый табыстау рәсіміне қақпашының анасы мен жақындары қатысты.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл қадам жас спортшыны ынталандыруға бағытталған:
«Бұл — сенің жеке көлігің. Сен бізге үлкен эмоция сыйладың. Ең бастысы — тоқтап қалма, алға жылжи бер», — деді ол.
Өз кезегінде Шерхан Қалмырза алғысын білдіріп, қолдаудың өзі үшін үлкен мәнге ие екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Шерхан Қалмырза «Қайраттың» негізгі құрамындағы ойыншы ретінде қарастырылып отыр.