el24.kz Соңғы жылдары ел ішінде өзін «коуч», «психолог», «мотивациялық спикер» деп таныстыратындардың қатары күрт көбейді. Әлеуметтік желілер мен түрлі тренинг залдарында «сәттілікке жетудің сырын» үйретіп, «бай болудың жолын» сатқан мамандар (немесе өзін солай атағандар) бүгінде қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр.

Алайда бұл салада нақты бақылаудың болмауы, лицензиясыз қызмет көрсетушілердің көбеюі көп азаматтың қалтасын қағып, психологиялық тұрғыдан да зардап шегуіне себеп болып жүргені жасырын емес.

Осыған байланысты Сенат депутаты Амангелді Есбай коуч-психологтардың қызметін қатаң тексеріп, лицензиясы бар мамандарды ғана заңды түрде жұмыс істеуге жіберу қажеттігін көтерді.

«Елімізде психолог атанып жүргендердің көбі арнайы білім алмаған, тіпті кейбірі қысқа мерзімді онлайн курстардан өткен. Бұл – қоғам үшін қауіпті. Себебі адамның жан дүниесіне араласу – жауапты іс. Сондықтан лицензиясы жоқ коучтар мен жалған психологтарға майшам алып түсу керек», – деді сенатор.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік желілердегі «коуч» тренингтерге қатысып, психологиялық дағдарысқа ұшырағандар саны көбейген. Олардың кейбірі қаржысын жоғалтса, енді бірі жалған уәделерге сеніп, өмірлік шешімдер қабылдаған.

Психология – нақты ғылыми білім мен тәжірибе талап ететін сала. Ал коучинг – бағыт-бағдар берудің заманауи түрі болғанымен, оны да кәсіби дайындықсыз жүргізу адам тағдырына теріс әсер етуі мүмкін.

Қазір Сенатта осы мәселе бойынша заңнамалық түзетулер қаралып жатыр. Егер ұсыныстар қабылданса, болашақта коуч-психологтар міндетті лицензия алуы тиіс болады. Бұл – бір жағынан халықты қорғайтын, екінші жағынан саладағы әділ бәсекені қалыптастыратын қадам болмақ.