el24.kz  Таиландта қаза тапқан Ресей азаматтары – 17 жастағы Роман Назимов пен оның 22 жастағы әпкесі Диана Назимоваға қатысты қылмыстық іс жаңа мәліметтермен толықты.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, ұсталған күдіктілер қылмысты мойындап, мәйіттер жасырылған орынды көрсеткен. Тергеу барысында аталған жерден жалпы бес адамның денесі табылған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Роман мен Диананың денелерінен бөлек, тағы үш адамның сүйегі анықталған. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, олар қылмыстың куәгері болған бір отбасының мүшелері болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде толық расталған жоқ, олардың жеке басын анықтау және сараптамалар жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмысқа ресейлік ағайындылар мінген мотоцикл себеп болған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұрын сотталған жергілікті тұрғындар көлікті иемдену мақсатында Ресей азаматтарына шабуыл жасаған.

Кейін жәбірленушілердің бөлшектелген Honda ADV 150 маркалы мотоциклі күдіктілердің бірінің үйі маңынан көмілген күйде табылды. Тергеушілердің айтуынша, дәл осы айғақ күдіктілердің ізіне түсуге мүмкіндік берген.

Полицияның мәліметінше, қылмыстан кейін күдіктілер құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалу үшін полиция қызметкерлерінің формасын киіп, іздерін жасыруға әрекет жасаған. Алайда жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында олар ұсталып, қамауға алынған.

Қазіргі уақытта Таиландтың құқық қорғау органдары іс бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Мамандар табылған мәйіттердің жеке басын анықтау, өлім себептерін нақтылау және күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жұмыстарын жүргізуде.