el24.kz Қазақстанда 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық аясында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін материалдық көмек көрсетіледі. Биыл бір балаға берілетін ең төменгі көмек мөлшері 50 851 теңгені құрайды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылына дайындық үшін жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының есебінен 400 мыңнан астам оқушыға қолдау көрсету жоспарланып отыр.

Көмек кімдерге беріледі?

Материалдық көмек мына санаттағы балаларға көрсетіледі:

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балалары;
  • жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • төтенше жағдайлар немесе өзге де қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың балалары;
  • қажет болған жағдайда мектептің Қамқоршылық кеңесінің шешімімен өзге де әлеуметтік осал санаттағы оқушылар.

Ақша қалай төленеді?

2022 жылдан бастап бұл көмек ата-аналардың немесе заңды өкілдердің банк шотына тікелей ақшалай аударылады. Бұл ата-аналарға баласының жасына, өлшеміне және қажеттілігіне сәйкес мектеп формасын, аяқ киімін және оқу құралдарын өздері таңдауға мүмкіндік береді.

Көмек мөлшері қалай есептеледі?

Заңнамаға сәйкес, материалдық көмектің нақты көлемін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Дегенмен, бір балаға бөлінетін қаражат ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы тиіс. 2026 жылы бұл көрсеткіш 50 851 теңге болып белгіленген.

Мамандар ата-аналарға қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріндегі білім бөлімдеріне немесе баласы оқитын мектеп әкімшілігіне жүгінуге кеңес береді. Қолдау шарасы балалардың жаңа оқу жылына толық дайындалуына және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған.