«Мен бұл оқиғаны басымнан кешірмесем, мұндайға еш сенбес едім» деп бастады әңгімесін Рақымжан аға. – Баяғыда қазір сүйегі қурап қалған Қаңтарбай шал бір нәрсені көңірсітіп айтып, отырушы еді.

Сонда «осы алжыған шал өлер алдында болмас дүниені айтып, елдің басын қатыратыны несі?» деп ренжуші едім. Ал енді өз басымнан кешкенді айтпас бұрын, сендерге Қаңтарбай шалдың айтқан әңгімесін айтып берейін. Өздерің білесіңдер ғой, ол кісі – өмір бойы қойшы болып өткен адам.

Бірде қойды (Қаңтарбай шалдың әңгімесі) түс әлетінде өзен бойына иіріп, шай-пайымды қайнатып іше қояйын деп, тезек тере бастадым. Тұрған жерім – Мұқаншы өзенінің бойындағы ертеден қалған жалғыз теректің маңы. Ауылдан жырақ жер. Күн ыстық, қырда бұралып сағым еріп жатыр. Тезек теріп кішкене дөңге шыға келгенім сол еді, таңғалғанымнан шалқамнан түсе жаздадым. Алдымда он-он бес шақты киіз үй тігілген шағын ауыл жатыр. Оның бірнешеуі ақ шаңқан болып көз тартады. Алдарында топтасып, әңгімелескен біраз еркеккіндіктілер тұр. Ақжаулықты қыз-келіншектер үйге бір кіріп, бір шығып абыр-сабыр. Төрт-бес тайқазан асылып жатыр. Әріде ауыл балалары ойнап жүр. Бір аңғарғаным, ауылда той болғалы жатқанға ұқсайды. Жұрттың біразы қырға әлсін-әлсін көз салып әлдекімді күтетін сияқты. Кенет аппақ киіз үйлердің бірінен жанына екі-үш адам ерткен, қолына домбыра ұстап, үстіне жібек шапан киген шоқша сақалды бір мырза шықты. Домбыра ұстаған адамның өңі маған тым таныс секілді көрінді. Домбырасы, шоқша сақалы, жібек шапаны әлдекімді еске түсіргендей. Бұл баяғы атам айта беретін, төртінші атамыз, осы Тарбағатай өңіріне белгілі, иісі Сыбанның сал-серісі атанған Мамытжан атам сияқтанды. Той қайда болса, ол сонда жүреді деуші еді, көзін көргендер. Сол болса, сол да шығар. Домбыра ұстаған адам жанындағы серіктерімен сыртта сөйлесіп тұрған адамдарға қосылып, қыр жаққа қарап қол сілтеп, бірдеңені айтып жатыр. Арқан созым жерде тұрсам да ешқайсысының дауысы естілмейді. Төбелерінен үңіле қарап тұрған мені ешкім аңғармақ тұрмақ, назар да аудармады. «Апыр-ау, бұл елес пе, әлде жын ба?» деп есеңгіреп қалған мен теңселе басып, ілгері бірер қадам аттап едім, әлгі көрініс лезде жоқ болды. Көз алдымда күнге күйіп, сарғайған дала мен шоқым-шоқым шилер ғана жатты. Біссімілләмді жиі қайталап, әлгіндегі елес ауыл отырған жерді аралап шықтым. Дым жоқ. Ешнәрсе болмағандай. Әлгінде қазан-ошақ тұрған жерді де барып көрдім. Тек әлдебір шұқырдың сұлбалары бардай көрінді. Бірақ оны да жусан басып, ши өсіп кеткен. Кешке дейін өзіме-өзім келе алмай жүрдім. Болмаған соң, ауыл молдасына келіп көргендерімді айттым. «Көзіңе көрінген жын-шайтан ғой. Ол жерде баяғыда ескі ауылдың жұрты болған. Мойныңа тағып жүр» деп дұға жазып берді. Кейін дәл сол жерде, сол елес ауылды, дәл сол адамдарды бірнеше мәрте көрдім. Олар үнемі көкжиекке қарап, қол сілтеп, әлденені әңгімелеп жатты...

– Дәл осы әңгімені айтқанда: «бұл бір алжыған Қаңтарбай шалдың қырық өтірігі ғой» деп жүре тыңдаушы едім, – деп сабақтады әңгімесін Рақымжан аға. – Дәл осы жағдайды жақында өз басымнан өткізбесем, мұндайға ешуақытта сенбес едім. Бірде үйдегі жалғыз сиыр табыннан келмей қалды. Кешкілік шапқылап, арлы-берлі іздегенмен табылдамады. Ертесінде тағы іздеп шықтым. Жұрт «Жалғызтерек жақтан бір қарайғанды көрдік» деген соң, соған қарай тартқанмын. Көкбестімен аңыратып келіп, баяғы Қаңтарбай шал айтқан дөңеске шыға келдім де, қаттым да қалдым. Баяғы анау алжыған шал айтқан елес ауыл алдымда жайрап жатыр. Өз көзіме сенерімді де, сенбесімді де білмей, дал болып тұрып қалдым. Сол ауыл... сол көрініс. Домбыралы мырза... түтіндеп жатқан қазан-ошақ... Бір киіз үйдің көлеңкесінде күйсеп сиырым жатыр. Баяғы қиқарлығыма салып, «неде болса жандарына барып көрейін» деп атымды тебініп қалып едім, елес-ауыл ыдырап жүре берді. Әлгі ауылдан із де қалмады. Тек бір шидің түбін көлеңкелеп біздің үйдің қарасанкелгірі жатыр екен. «Бәлкім, тағы көрінер» деп әлгі дөңге бірнеше мәрте шықтым. Бірақ елес ауыл қайтып елес бермеді. Бұл не жұмбақ?