el24.kz Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында мектеп қызметкері қайғылы жағдайда қаза тапты. Оқиға 25 мамыр күні Жосалы ауылында болған.
Бұған дейін бұл жағдай туралы жергілікті «Диапазон» басылымы хабарлаған.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, көз жұмған ер адам 59 жаста болған және мектепте слесарь қызметін атқарған. Соңғы қоңырау өткен күні ол отбасы мүшелері және достарымен бірге Қуағаш өзеніндегі бөгет маңына демалуға барған.
Алайда суға түсуге арналмаған орында қайғылы жағдай орын алған. Куәгерлер ер адамды құтқарушылар келгенге дейін судан шығарып алған. Сол кезде оның тыныс алмай жатқаны анықталған.
Оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ер адамның тынысы қалпына келтірілген. Кейін ол Бадамша аудандық ауруханасына жеткізілген.
Соған қарамастан дәрігерлердің барлық әрекеті нәтиже бермей, ер адам көз жұмды.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Мамандар тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана суға түсуге және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
