Тоқтаған бетте қу отын теріп әкеп, ас қамына кірісіп кеткен Ахат қас қарайғанша қазан да көтеріп үлгерді. Күндізгі қапырықтың беті қайтып, Сауыр жоталарынан жайлауға тән салқын самал еседі.

Дастарқан басында: - Біз тоқтаған мына сайды жергілікті халық Иенсай атап кеткен – деп Едіге ақсақал тағы бір әңгіменің ұшын шығарды. Шырт-шырт етіп жанып жатқан отқа бір уақ үнсіз қадалған қария бұл жолы бұрын-соңды естімеген оқиғаны ортаға салды.

– Ертеректе осы өңірді Айтөре деген ауқатты адам жайлапты. Айтөренің шаш ал десе, бас алатын алты ұлы бар екен. Әке дәулетіне дандайсыған даңғой ұлдарға Алла тағала ұлағат бермесе де, ұрда-жық мінезді аямай-ақ берсе керек. Күндердің күні құдандалы Керей елінен: «Кенже ұлыңның айттырып қойған қалыңдығы жалшы жігітпен әуейі боп, сүйекке таңба салып жүр» деген суыт хабар жетеді. Мұндай қорлыққа әкелері көнсе де, ұрынарға қара таба алмай жүрген алты ұл көне ме? Сол күні дереу атқа қонып, абырой-беделдеріне нұқсан келтірген екі жасты жазалауға аттанып кетеді.


Көптің аузына кім қақпақ болмақ. «Әуейі болды» деп түймедейді түйедей етіп жүргендері – екі жас бар болғаны алтыбақан басында бірер мәрте қосылып ән шырқаса керек. Әрі кетсе, әзілдескен болар. Өсекті өрттей өршітетіндерге осыдан артық не керек. Айттырып қойған келінді азғырып жүрген әлгі «жүзіқараның» қартайған шешесі ғана бар, Оразбайдың жылқышысы екен. Бірақ, екпіндері жолындағының бәрін жапырып жіберердей боп келген жиырма шақты кек алушыға бұл уәж тоқтам бола алмады. Жайбарақат жатқан ауылға жау шапқандай дүрліктіре кіргендер айыптыны да тез тауып, бүкіл ауыл жұртының көз алдында өлімші етіп соққыға жыққандарымен қоймай, мойнына шылбыр сап, сүйретіп әкетеді.


Жалғызының жазығы жоқтығын айтып, жалбарынған ананы көзі қанталаған есерсоқтардың бірі қамшымен маңдайынан тартып жібереді.


Осы сәтте қызба мінезді Ахат: - Әй, ана сыйлап көрмеген найсаптар-ай! – деп сол қолының сыртымен оң алақанын сарт еткізіп соғып жіберді.


Әңгімеші оны естімегендей. Жанып жатқан отқа қу қарағайдың бұтағын салды да, үзілген әңгімесін қайта жалғады. - Сол тұста осы сайда аумағы киіз үйдің орнындай, биіктігі аттың омырауынан келетін қызыл құмырсқаның илеуі болыпты. Ірілігі бас бармақтай немелердің көптігі сонша, илеуге жақындаған мал атаулыны әп-сәтте қызылшақа етіп талап, жеп қояды екен. Содан бұл маңға ешкім қоныстанбай, ел Иенсай атап кетсе керек. Күн екіндіге еңкейген шақта әлгі әпербақандар денесінің сау тамтығы жоқ, ес-түссіз қалған бейшара жігітті сүйрегеннен сүйреп әкеп, илеудің үстіне бір-ақ атады...


...Кейінірек осы маңда отырған малшылар сол түні сай жақтан жан ұшыра шырқыраған адам дауысын естігендерін айтып жүріпті. Келесі күні жалшы да болса азаматын іздей келген ел адамдары илеу маңында шашылып жатқан адам сүйектерін ғана теріп әкетіпті...


Көнекөздердің айтуынша, осы күнге дейін оқиға болған түні сай аңғарынан шыбын жаны шырқырап, шыңғырған адам дауысы естілетін көрінеді...

 

 


Серік Құсанбаев, Өскемен

alashainasy.kz