Көп жыл бұрын перзентханада жатқанымда қасымда бір қызық келіншек болды. Мен сақтану үшін жаттым.
 
Түрімізге қарап әйел деп айтудың өзі қиын еді. Бірақ біздерді солай атайтын. Бәріміз күніміз қашан екен деп күтіп жатырмыз. Бір палатада он екі әйелміз. Мұндайды сақтану үшін жатыр дейтін. Жаңағы айтқан қарны қапақтай Света деген көріксіз келіншек еді. Бәрінің де іші үлкен, бірақ Светанікі ерекше болды. Бәрі де бұл сәттерде көріксіздеу болатын. Онда айна да жоқ, душ та болмады. Света ісініп кететін. Түрі тіпті қорқыныштылау еді.
 
Палатамыз бірінші қабатта. Әйелдерге күйеулері келеді. Терезенің алдында тұрып сөйлесетін. О заманда телефон жоқ. Әйелдер бүгін күйеуім келе ме, келмей ме деп сәуегейлік жасап отыратын. Елдің бәріне келе бермейтін. Көбісі жұмыста, үй алыс, қаланың шетіне жетем дегенше қиын, қолайсыз... Кейбір әйелдер сол үшін түнімен жылап шығатын. Перзентханада көбіне көңілсіздік болатын. Ал оқта-текте күйеулері келе қалса, соның асты-үстіне түсіп, бәйек бола қалатын. «Тамағыңды іштің бе? Таза жейдеңді кидің бе?» деп.
 
Біздің Светаға жирен шаш сары жігіт кеп тұратын. Басынан кепкасы түспейтін. Бұты талтақ, түрі онша емес еді. Бірақ ол күн сайын келетін. Кішкентай кәстрөлін көтере келетін. Ескі көрпешеге орап әкелетін. Кәстрөлге картоп пісіріп әкеледі. Жып-жылы. Кейде макарон қосқан сорпа әкеледі. Ыстықтай. Ол зауыттағы жұмысынан шығып, үйіне барып тамақ жасап, кештетіп келетін. Палата бірінші қабатта болып, Светаның жаны қалатын. Күйеуі үнсіз кәстрөлін береді. Света үндемей жейді. Маған да беретін. Себебі, менің күйеуім армияда еді.
 
Сосын үндемес жирен шаш жігіт кәстрөлін алып, бір ауыз тілдеспестен үйіне қайтатын. Қаланың бір басынан екіншісіне екі сағаттай жүреді. Сосын мені перзентханадан шығарды.
 
Шамамен он бес жыл өткенде сол Светаны кездейсоқ көшеден кездестіріп қалдым. Ол тағы да жүкті екен. Қасында үш баласы бар. Өзі сондай ажарланып кетіпті. Бәденді, сұлу келіншек болыпты. Көлігі де әдемі. Балалары да сүйкімді. Өзі айтты. Өмірі де тамаша! Рөлде сол баяғы жирен шаш күйеуі отыр. Оның түрі өзгермепті. Сол күйі. Өзі сорпа таситын алюминий кәстрөл секілді мыж-мыж. Бірақ азаматтың азаматтығы – көркінде емес. Бастысы, жүрек тазалығында. Кәстрөлге сап әкелетін жылы картоптай ыстық ықыласында ғой...
 
Сол кәстрөлдегі картоп екі сағат жүрсе де түк суымайтын. Өмір бақи бірге жүріп те, жүректерін суытпайтындар бар.
 
Автор: Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда