Ғасырдан да ұзақ жасаған адам
Мен мектепті бітірдім. Бірақ жұрттар сияқты сөмкемді арқалап үлкен қалаларға барып, оқуға түсейін деп талпынғаным жоқ. Өйткені, өз шамам өзіме белгілі еді. Сондықтан текке арамтер болғанша, ауылда қалып мал бағып, егін егіп, жұрт қатарлы қарапайым тірлік кешуді ойладым. Көкем бұған онша қарсы бола қойған жоқ.
Менің ендігі бар жұмысым үйдегі оншақты қой мен үш сиырды күнұзақ жайылымға апарып бағу. Көкем осындағы серіктестікте механизатор. Жалақы бермейді. Бірақ күзде егін жиналған соң малға шөп пен бес-алты қап күріш беретіні бар. Бар табысы сол.
Үйдегі малдың бабын жасау түгел менің мойнымда. Күнұзақ мал бағу өз алдына, ара-тұра жасайтын қысқа қажет шөп шауып, кепкен соң оны ат арбаға тиеп тасымалдау сияқты жұмыстарым тағы бар. Қысқасы, жұмыс бастан асады.
Бойымдағы дерт (қасиет дегеннен гөрі солай деген жөн сияқты) күннен күнге асқынбаса, жазылар болмады. Енді мал соңында жүріп, күндіз де тәнімнен шығып кететін болдым. Тәнім құданың құдыретімен есектің үстінде отырады (малды жаяу емес, есекпен бағамын), ал өзім болсам аспанға көтеріліп, айналаны шолып ұшып жүремін. Бәрі алақанға салғандай анық көрініп тұрады. Мал бір жаққа кетіп қалар-ау деп еш қорықпаймын. Өйткені кез-келген сәтте тәніме қосылып, малға иелік жасай аламын.
Содан бір күні ауылдан алыстаңқырап кетіппін. Қабырғасы жартылай қалқайып тұратын бір ескі там болатын. Соның жанында құданың құдыретімен бір елес-әруақты көрдім. Үстінде өткен ғасырда қазақтар киетін жаман жалбыр шапаны бар, сақалы жалбырап өсіп кеткен. Басында ескі жымырайған бөрік. Құдды сонау бір жылы ауылға келіп, әртістер қойған спектакльдің кейіпкері сияқты. Қызығы сол, Есберген де дәл сол қайтыс болар кезіндегі киімімен жүретін. Ол киімі ешқашан тозбайды да, үстінен шеше де алмайды екен.
Жалбыр шапан кигеннің елес-әруақ екенін тәнімнен шығып, әдеттегіше айналаны шолып аспанда қалықтап тұрған мен бірден сезе қойдым. Тірі адам бұл жерде жүрмесе керек-ті. Үстіндегі киімі де оның елес-әруақ екенін айқындап тұрғандай. Төбесі жоқ, қалқайған жапырайған қабырғасы ғана бар тамда отырған ол көкте қалықтаған мені көрген жоқ.
Оның әрекетін аңдып, біраз тұрдым. Қалғып отырғандай бүгжиіп отырған жалбыр шапан бір кезде орнынан тұрып, сыртқа шықты. Қимылына қарап, оның осы тамды көптен бері қоныс етіп келе жатқанын бағамдауға болатындай.
Сол сәт төбеден түскен мен «ассаламағалейкум» деп дауыстадым. Шошып кеткен ол маған бақырая қарады. Көздері шарасынан шығып кетердей аларып кетіпті. «Кі..кімсің, жынбысың?» -деді ол. -Жоқ, адаммын.
-Адам болсаң қайдан жүрсің, үстіңдегің не?
Тәнімнен шыққан менің үстімде күрте, басымда кепкі, аяғымда ескі крассовка. Мұндай киімді өмірі көрмеген болса керек, ол маған таңырқай қарады.
-Бұл менің киімім. Қазір адамдар осылай киінеді, -дедім мен.
–Өзіңіз кімсіз, айдалада неғып жүрсіз?
-Неғып жүргені несі, менің мекенім осы ғой, –деді ол енді маған таңырқай қарап.
-Осы төбесі жоқ жаман тамды мекен етесіз бе? –дедім мен де таң-тамаша қалып.
-Төбесінің бар-жоғын қайтем, қабырғасы болса болды емес пе?
Елес-әруаққа осындай жаман тамдар да жарайтын сияқты. Есберген де төбесі жапырылып құлап қалған есі үйді қоныстанады.
-Есіміңіз кім? –деймін мен.
-Қасқырбай.
-Менің атым Бостан.
-Бостан деген де ат болады екен-ау, астапыралла -деді ол таңырқап. -Өзіңіз мұнда көптен тұрасыз ба?
-Иә, біраз болды ғой. Мен Баймырза байдың малшысы болғанмын. -Қашан қайтыс болдыңыз?
-Қайтыс болғаны несі? Есің дұрыс па өзіңнің?
Мен оған таңырқай қарадым. Елес-әруақтың өзін тірімін деп түсінгені қызық көрінді.
-Сонда сіз тірісіз бе?
-Иә. Өлсем молада жатпаймын ба?
-Ау, жан-жағыңызға қарап көрдіңіз бе? Басқа ауылдастарыңыз, өзіңіз малын баққан Баймырза бай қайда қазір?
-Қайдам, жүрген шығар бір жерде.
Мені оның мына жауабы онан әрі таңырқата түсті.
-Ауылдастарыңызды іздеп, ауылға бармадыңыз ба? –дедім мен.
-Барғанмын. Бірақ неге екенін білмеймін мені ешкімнің тыңдағысы келмеді. Бірдеңе айтсам, ешкім тыңдамайды. Содан біраз күн жүрдім де, осында келдім. Ол кезде төбесі бар там еді. Кейін жаңбырдан езіліп, құлап тынды.
-Сонда қалай күн көресіз? Тамақ ішпейсіз, ұйықтамайсыз, солай ма?
-Иә, -деді ол.
–Құданың құдыретімен осылай болды. Бұрын тамақ ішетінмін. Басқа малшылармен қоста жатып қой бақтық. Содан бір күні қойға қасқыр шапты. Қойды арашалаймын деп жүргенде дәу сұр арлан өзіме тап бергені. Ұзындығы кісі бойындай күжірейген арлан мені алып ұрып, жәукемдеп тастады. Онан арғысы есімде жоқ. Қараңғы үңгірдің ішімен жүйткіп ұшып барамын. Бір кезде жарыққа шықтым. Содан жан-жағыма қарасам, малшылар тым-тырақай қашып кеткен. Қасқырлар қойларды қуып тамақтап жатыр. Зәрем ұшты. Содан мен де алды-артыма қарамай «аш пәледен қаш пәле» деп қашып құтылдым.
-Кейін ауылға бардыңыз ба?
-Жоқ. Оған жүрегім дауаламады. Қойды қасқырға алдырып, ауылға барсам, бай үйітіп жер деп қорықтым. Содан осы маңдағы ескі тамды бойтаса қылып, біраз күн жүрдім. Мені іздеген жан болмады. Сосын ақырындап кешкілік ауылға бардым. Мен өз үйіме барып, әке-шешеммен сөйлескім келген еді. Әлгілер мені мүлде тыңдамай қойды. Тіпті, бар-жоғымды да елемейтін сияқты. Тыңдамағасын ызаланып, бар даусыммен айқайға басайын. Бірақ құлақтарына мақта тығып алғандай, ешқайсысы естімейді. Содан тәуекел деп байдың үйіне бардым. Аяғына жығылайын, мүмкін кешірер деген үміт қой менікі. Әке-шешем байдан қорқып, менімен сөйлескісі келмеген шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, бай да, оның бәйбішесі де мені адам келді-ау деп елең қылмады. Ақыры ауылдастарымнан күдерімді үзіп, осында келдім. Содан бері далаға шықпаймын. Осы қыстауды паналап, жүріп жатқан жайым бар.
-Кейін ауылға, әке-шешеңізді көруге бармадыңыз ба?
-Барғанмын. Ол бейбақтар менен әбден күдер үзіпті. Бірер күн үйде болдым. Менің бар-жоғымды олар елеп-ескермеді. Тек бір жолы «байғұс, Қасқырбай, қасқырға жем болып, денесі де көмусіз қалды ғой» деп күрсінді. Мен оның не себепті бұлай дегенін түсіне алмадым. Қасқырдың шапқаны рас, бірақ қашып құтылдым ғой. Өлгенім жоқ.Мен оның әңгіме әуенінен оқиға кеңес үкіметі орнамай тұрғанда болғанын түсіндім. Сонда бұл кісі осы жаман тамда бір ғасырдан астам уақыт бойы тұрып келген болды ғой деген ой келді. Таңғалмасқа амалың жоқ. Өмірде неше түрлі нәрселер болады екен. Тағы бір қызығы, ол сонша уақыт тұрып келе жатса да, өзінің өлі екенін әлі сезінбеген және басқа жаққа шығып, айналадағы ел-жұртты араламаған.
Зомбылық
Уақыт зулап өтіп жатты. Менің өмірімде анау айтқандай көп өзгеріс бола қойған жоқ. Күнұзақ мал соңында салпылдаумен өмірім өтіп жатыр. Апам мен көкем басқалар сияқты оқуға бармай, мал бағып ауылда қалғаныма еш ренжіген жоқ. Қайта қолдары ұзарып, малға ие болатын адам табылғанға қуанып қалған сияқты.
Бір күні отбасымыздың басына қара бұлт үйрілді. Ауылдағы бақуатты фермер Бақтиярдың жұмысын істеп, қысы-жазы тыным алмайтын көкемнің тракторы мұзға батып, әупіріммен өзі аман қалыпты. Оны шанамен қамыс әкелуге жіберген екен. Көлдің суы қатқанмен, орта тұсында бір жұқалау жері болған ба, содан трактор суға кетеді. Трактордан секіріп шыққан көкем мұзды судан әупіріммен әзер шығыпты. Үсті-басы малмандай су, ауылға жаяу келді.
Ол бір жетідей ауырып, төсек тартып тұра алмай жатты. Абырой болғанда, өкпесіне суық тимепті. Бірақ, жұмыртқадан жүн қырқатын, сараңдығымен, дүниеқоңыздығымен аты шыққан Бақтияр көкемнен трактордың құнын төлейсің деп құн даулауға кірісті. «Күштінің арты диірмен тартады» деген емес пе, ол әй-шәй жоқ бір күні келіп, трактордың құны деп жан бағып отырған үш сиырымызды, оған қоса бар қойымызды сыпырып айдап әкетті.
Малымызды айдап әкеткен Бақтиярдың жандайшаптары соқталдай жігіттерге жасар қайранымыз болмай, жер болып біз қалдық. Тек апам мына зомбылыққа шыдамай «әй, Бақтияр, күнкөрістік малымызды зорлықпен тартып алғаныңдай, жиған-тергеніңнен түгел айрылып, жер қауып қал» деп қарғады. Қолдан басқа не келеді. Осылайша, бар малдан айрылып, бір-ақ күнде жерге қарап қалдық.
Енді мен істейтін шаруа қалмады. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей, Бақтиярдың мына зомбылығы жаныма батса да, еш қайран жасай алмасымды ойлап, ызадан жарыла жаздар күйге түстім.
Осы жайды Есбергенге айтқанымда ол «сенің бойыңда елде жоқ қасиетің бар, соны пайдаланып, кегіңді қайтармаймысың» деп қалды.
-Қалай? –деймін мен. Сонда ол маған мынадай жайды айтты.
-Бірде мен шөлден қаталап, қатты қиналған кезімде, су іше алмайтыныма күйініп, шелекті теуіп кеп жіберген едім. Қызығы сол, аяғым тиген кезде су толы шелек жерге құлап төңкеріліп қалды. Мені көрмеген үй иелері шелекке жан бітті ме, неге құлады десіп, таң-тамаша қалған еді. Елес-әруақ мен ашуланған кезімде шелекті теуіп құлатқан болсам, елес сен де қаласаң сондай шаруа жасай аласың ғой.
Мына сөз мені ойландырып тастады. Құдай берген бұл қасиетті пайдаланып, жалғыз бізге емес, талайларға тізе батырып жүрген Бақтиярды неге тәубесіне түсірмеске?
Осыдан кейін мен Есберген айтқандай заттарға әсер етуге тырысып тәжірибе жасап көре бастадым. Бірақ алғашында еш нәтиже шықпады. Дегенмен, біраз күннен кейін ақылымды шоғырлап, жаттығып үйренсем керек, шағын заттарды қозғалта алатын деңгейге жеттім. Енді осы жаттығуымды онан әрі жалғастырып, келе-келе үлкен заттарды да қозғайтын болдым.
Біздің үйдің қазіргі бар күнкөрісі апамның зейнетақысы. Бес баласы бар әйелдің елу жаста пенсияға шығатын заңына орай, апам зейнеткерлікке шыққан. Көкем әлгі оқиғадан кейін Бақтиярдан күдер үзіп, жұмысын тастады. Тракторын суға батырған оған фермердің берер басқа жұмысы да болмады.
Мен бірнеше күн бойы Бақтиярдың үйін аңдыдым. Күндіз де, түнде де оның не істейтінін, ақшасын қайда жасыратынын аңдып, бәрін біліп алдым. Тірі жанға сенбейтін ол бар ақшасын төргі бөлмедегі темір сейфте сақтайды екен. Құм толтырылған дәу темір сейфті кран болмаса, қолмен көтере алмайсың. Есігі код арқылы жабылады. Оны тек Бақтияр ғана біледі.
Мен оны аңдып жүріп, сейфті ашып-жапқанын дәл жанында тұрып көрдім. Сейфтің кодын жаттап алдым. Ендігі қалғаны түнге қарай келіп, «қанды басың бері тарт» деп сараң Бақтиярдың жиған-терген бар ақшасын сыпырып әкету ғана еді.
Күндегі әдетімше мен төсекке ерте жаттым. Теледидар жоқ. Содан болар үйдегілердің бәрі ерте жатады. Жұрт ұйықтады-ау деген мезгілде тәнімнен шығып, Бақтиярдың үйіне қарай тарттым. Мұнда свет самаладай жарқырап жанып тұр. Түрлі түсті теледидарды көріп, асүйде Бақтияр әйелімен және балаларымен отыр. Оның үш баласы бар-тын. Үлкені бесінші сыныпта оқыса, кенжесі тәй-тәй басып тұр.
Түн ортасы ауған кезде әйел-баласы асүйде, өзі төргі бөлмеде ұйқыға жатты. Ол төсекті дәл сейфтің түбіне салғызды. Бірақ қалай сақтанса да, бұның бәрі елес-әруаққа кедергі бола алмасы анық. Мен төргі бөлмедегі диванға келіп жайғастым. Бір кезде Бақтияр қорылға басып, ұйқыға кетті.
Сол кезде сейфке келіп, өзім білетін кодпен есігін аштым. Шынын айтқанда сейф есігін қолмен емес (елес-әруақта қандай қол бар дейсің) ой арқылы аштым. Мен ойша кодты айтып, есікті ашуға бар назарымды шоғырлаған едім, сол-ақ екен, сейфтің есігі сырт етіп ашылды да кетті. Онан әрі ескті айқара ашып, ішіндегі пакетке салынған буда-буда ақшаларды алдым. Ақшаны кәдімгідей қолмен көтеріп ұстадым. Құданың құдыретімен менің елес қолым ой күшіне бағынып, ақша салынған пакетті жоғары ұстап көтерді.
Бірақ алдын-ала ойламаппын, өзім есікті көктей өтсем де, ақша салынған пакет үйде қалып қояды екен. Оны тек есікті ашып қана шығаруға болады екен. Содан амалсыз әуелі төргі бөлменің есігін аштым. Құдай оңдағанда есік сықырламай ашылды. Содан дәлізбен келіп, сыртқа шығар есікті аштым. Есік кілтпен жабылғандықтан, кілтті бұрап ашуға тура келді.
Сөйтіп мен пакетті алып сыртқа шықтым. Енді кете беруіме болар еді. Дегенмен, із қалдырмай, сараң Бақтиярды ақыл-есінен айырар амал ойладым. Ол үшін үйге қайта кіріп, әуелі сыртқы есікті жауып, ішінен кілттедім. Сосын Бақтиярды жататын бөлмесінің есігін жаптым. Онан әрі сейфке келіп, оны да жауып, код арқылы кілттеп тастадым.
Мен сараң Бақтиярдан алған ақшаны сол пакетімен апарып, өзім білетін сенімді жерге жасырып қойдым. Тіпті, пакетті ашып, қанша ақша бар екендігін қарап, санағаным да жоқ.
Ақшаның жоғалғанын Бақтияр араға екі күн салып қана біліпті. Сейф жабық тұрғасын ол қаперсіз жүре берген сияқты. Тек кезекті малды сатып (бәлкім біздің мал да ішінде бар болған шығар), соның ақшасын әкелгенде сейфке салмақ болған Бақтияр ақша салынған пакеттің ізім-қайым жоқтығын көріп, ойбайға басады.
Бақтиярдың үйінде болған айқай-шуды айтып жеткізу қиын. Ақша үшін жанын қияр сараң бейшара жанын қоярға жер таппай аласұрды. Милиция шақырып, ауыл үйді түгел тінткізді. Милиция біздің үйге де келіп, үй ішін, қора-қопсыны түгел қарап шықты. Одан ештеңе шықпағасын учасковой ауылдың кәрі-жасын түгел жеке-жеке шақырып, сөйлесті. Бірақ мол ақшаның ізі де табылмады.
Үйге ұры түспеген, сейф жабық. Сонда ақша қайда кетеді? Осы сауалдың жауабын таппай қиналған Бақтияр бар пәле өз үйінен, яғни әйелінен келген деген қортынды жасайды. Содан ол үш баласымен әйелін қуып шықты. Әйелінің ант-су ішіп, жылап-сықтағанына да қарамады.
Әйел, бала-шағасын аясам да, жұрттың қанын сорып біткен сараң Бақтиярға ішім еш жылымады. Мейлі, не істесе, о істесін, жұртқа жасаған зомбылығының бір қайтарымы болар бұл деп ойладым.
Жалғасы бар...