el24.kz «Қазақстан халқына» қоры талапкерлерге арналған білім беру гранттарының санын қосымша 350 орынға арттырды. Қосымша гранттар негізінен ауылдық елді мекендерде, сондай-ақ шағын және моноқалаларда орналасқан мектептердің түлектеріне арналған.
Бағдарлама жастардың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтуге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін талапкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған.
Грантқа кімдер қатыса алады?
Қосымша білім гранттарына ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда орналасқан мектептердің түлектері үміткер бола алады.
Конкурсқа қатысу үшін талапкердің жасы 25 жастан аспауы тиіс. Яғни 25 жасқа толған азаматтар да грант конкурсына қатысуға құқылы.
Бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттарға жататын жастарға басымдық беріледі.
Атап айтқанда:
- жетім балаларға және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
- мүгедектігі бар азаматтарға;
- мүгедектігі бар балалар тәрбиеленетін отбасылардың балаларына;
- ата-анасының бірі мүгедектігі бар балаларға басымдық беріледі.
Грант иегерлеріне шәкіртақы төленеді
Грант иегерлері жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.
Бұл қолдау жастардың оқу кезеңіндегі қаржылық жүктемесін азайтып, білім алуға толық көңіл бөлуіне мүмкіндік беруді көздейді.
Ауыл жастарына жаңа мүмкіндік
Қосымша 350 гранттың бөлінуі ауылдық жерлерден, шағын және моноқалалардан шыққан жастар үшін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін қосымша жол ашады.
Әсіресе әлеуметтік жағдайына байланысты мемлекеттік білім грантына түсу мүмкіндігі шектеулі талапкерлер үшін бұл бағдарлама маңызды қолдау болмақ.
Қордың бастамасы арқылы ауылдық жерлердегі талантты жастардың білім алуына жағдай жасап, олардың болашақта кәсіби маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру көзделіп отыр.
Талапкерлерге конкурс талаптарын, қажетті құжаттар тізімін және өтініш қабылдау мерзімдерін алдын ала нақтылап алған жөн.
