el24.kz Қостанайда бұрынғы әйелін аңшылық карабинмен атып өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Қайғылы оқиға 2026 жылдың наурыз айында Қостанай қаласында болған. Сотта анықталғандай, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында қызғанышқа байланысты жанжал туындаған. Сол кезде ер адам аңшылық карабинін алып, бұрынғы әйеліне екі рет көздеп оқ атқан. Оқ әйелдің басы мен кеуде тұсына тиген. Алған жарақаттарының салдарынан 37 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапқан.

Қылмыс жасағаннан кейін ер адам оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда көп ұзамай полицияға өз еркімен барып, кінәсін мойындаған. Бұған дейін полиция оның өзіне тіркелген аңшылық қаруын тәркілегенін хабарлаған еді.

Іс Қостанай қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралды. Сотталушы сот отырысында өз кінәсін толық мойындаған.

Мемлекеттік айыптаушы оған 14 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал марқұмның туыстары барынша қатаң жаза тағайындауды талап еткен.

Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қасақана адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Бұл бап бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаза тағайындау кезінде сот оның полицияға өз еркімен келіп, кінәсін мойындағанын және шын жүректен өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Осыған байланысты сот 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталған азамат жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталған адамнан марқұмның жақындарына моральдық зиянды өтеу үшін өтемақы өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.