el24.kz Ақтауда сот қала жағалауында қызбен болған жанжалға байланысты жергілікті тұрғынды 30 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы соттың ресми баспасөз қызметі хабарлады.

Сот мәліметінше, әкімшілік іс 3 тамыз күні қаралған. Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушылық 2 тамызда қала жағалауында болған. Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындаған.

Соттың хабарлауынша, құқық бұзушының кінәсі полиция қызметкерінің рапортымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, №9649 медициналық куәландыру қорытындысымен және оқиға орнындағы бейнежазбамен толық дәлелденген.

Ер адамның әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 2-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша сараланған. Аталған бапқа сәйкес, құқық бұзушыға 60-тан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.

Істі қараған сот ең жоғары жаза түрін таңдап, ер адамды 30 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды. Сонымен қатар сот шешімі қазіргі уақытта заңды күшіне енбегені атап өтілді.

Еске салайық, 2 тамыз күні әлеуметтік желілерде Ақтау жағалауында түсірілген бейнежазбалар кеңінен тараған болатын. Кадрларда ер адамның қызды ұстап тұрғаны, оған қорқыту сипатындағы сөздер айтқаны және артынан аңдығаны көрінеді. Осы оқиғадан кейін полиция тексеру жүргізіп, әкімшілік іс сотқа жолданған еді.