el24.kz Батыс Қазақстан облысында қайғылы жағдай болды. Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде 10 жастағы бала электр қосалқы станциясында тоққа түсіп, көз жұмды.

БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 1 қыркүйек күні болған. 2015 жылы туған бала электр қосалқы станциясына кіріп, электр тогынан зардап шеккен. Ол оқиға орнында қайтыс болған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Полицияның хабарлауынша, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жергілікті тұрғындардың қосалқы станция аумағы қоршалмағаны және нысан есігінің құлыпталмағаны туралы айтқаны жазылды. Алайда бұл ақпарат әзірге полиция тарапынан ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан нысандағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы тергеу аясында анықталуға тиіс.

Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерге балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру қажеттігін ескертті. Ведомство электр қосалқы станциялары мен электрмен жабдықтаудың өзге де нысандары адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті екенін атап өтті. Мұндай нысандардың аумағына балалардың кіруіне жол бермеу қажет.

Қайғылы оқиғаның нақты себептері мен оған қатысты барлық мән-жай тергеу нәтижесінде белгілі болады.