Өмірде адам басына не келіп-кетпес? Кейде шыңға шығасың, кейде етекке құлдилайсың. Бірде сен – өзгелер үшін күнсің, ал кейде берерің таусылады, құмыраң бос қалғанын сезесің. Кейде сөзің мен ісің қабысып жатады.

Ал кейде – бір қателіктің үстіне екіншісін жамап аласың. Кейде – шектен шыға өзімшілсің, біраздан соң – иіліп жастық, жайылып төсек боп құрдай жорғалайсың. Әр адамның синусоиды әр түрлі – амплитудасы ойнамалы.

 Тұтынушылық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Көп адам қарым-қатынасқа да солай қарайды: тұтынатын бірдеңесі болса, «тәтті» болса, онда тартылады. Егер айналаңдағы адамдар саған тойып болса, дәм татып көрдім, жетеді десе – сен қызықсыз болғаның. Сен жүрегіңді аштың, шынайы болмысыңды көрсеттің – толық ашыламын деп «құпиясыз адамға» айналдың, яғни түсінікті, зерттелген, жаттанды кітапсың. Ет жақының үшін осынша түгелісіп, таусылғанда – сол жақындарың басқа біреуді іздеп бастайды. 
Құмыраң босап, рухани күйзеліп, өмірден қуаныш таппай, жасампаздықты көрмей, бойыңдағының бәрін үлестіріп бердім, жаңа ештеңе тудыра алмай қалғанда - кімге керексің, кім сені байқай ғойсын? Әлдекім кеп жан жадыратып, қолдап, асын алдыңа тосып, қасыңнан табылар ма? Жаның жалғызсырап, өмірден түңілгенде осылай ойлайсың. 
Доспын дегендер байқамайды, сезінбейді, түсінбейді, жауап қатпайды, олар үшін сен мүлде жоқ сияқтысың, байланыстырып тұрған жіп үзіліп қалғандай... Шын сүйгендер ықылассыз боп, арадағы тұнық, сәулелі, ортақ іңкәрлік жоғалады. 
Өмірін өз ісіне арнаған атақты әртістер, танымал діндарлар, ұлы жазушылардың - бұл фәнимен қоштасарда қатты абдырап, жалғыздықтан жан тыныштығын таппағанын жиі еститін болып жүрмін. Өмірден түңілгенде бәрі бекер дейсің, қолдан келгеннің бәрін жасадым дерсің, алайда сен күткен сол ғажап орындалмады. Өкінішті. Қайтпек керек? 
Интернеттен не кітаптан «мен туралы ең шынайы пікір мені бәрінен артық жақсы көрген адамдікі» дегенді оқырсың, бірақ сол сәтте осылай риясыз сүйетін, қабылдайтын, түсінетін адам жаныңда жоқ екенін сезінесің. Ешқашан болмайды да. Яғни, ондай адам жоқ. Сол үшін ерте тұрғың келетін, бірдеңе істегің келетін, өмір күресінге лақтырғанда сені қолдайтын, қолпаштайтын, көмек қолын созатын адам мүлде жоқ.
Жан дүниеңнен бір вертикаль сызасың, өзіңнің алтын діңіңді іздейсің. Ішіңдегі Құдайды іздейсің. Сенің тұрақты Тұрақсыздығыңды... Баяғыда осы жолға түсуге келістің ғой. Солай болғаны сен үшін дұрыс болды емес пе? Солай. Қабылда. Бірде-бір адам бұл ізденіске тоймайды. 
Отты жолға түскен адамға өзінің Меніне сену керек. Соның дегеніне көну қажет. Сырттан бұнысы қалай әбес көрінсе де. Сен кісікиік, мұңлы, оқшау адам боп көрінсең де. Өзгенің сені «тірілтіп», «қол жеткізу» амалдарына алданба. Өзіңе өзіңді қайтар. Өзіңнің қаншалықты құнды екеніңді сезін. Сенің өміріңнің баға жетпес сый екенін біл. Жан дүниеңнің кілтін өзіңе қалдыр. Бұл елмен араласудан шығып, өзіңе оралатын сәт. Сағым болған дүниені қума, қолға түспес бақты іздеме. Өзіңді өзіңе қайтар. Жан дүниеңді тірілт. Жүректегі мұхиттың толқындары кері толқып жатқанын біл.
Жан дүниеңдегі бір қопарылыс. Жүрекке жазылар жаңа бір тарау. Жаратқанның сыйы деп біл. Ризалықпен қабылда. 
Игумен Евмений
Аударған: Шынар Әбілдә