el24.kz Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Ұлыбритания астанасындағы ең беделді әрі тарихи аудандардың бірі саналатын Сент-Джеймс (St James’s) округінде өткен жергілікті сайлауда жеңіске жетті.
Қандасымыз Sanjar Abishev Ұлыбританияның Conservative Party атынан сайлауға түсіп, Westminster City Council құрамына кеңесші (councillor) болып сайланды.
Ресми сайлау нәтижелері
2026 жылғы 7 мамырда өткен жергілікті сайлау қорытындысы бойынша Санжар Әбішев Сент-Джеймс округінде ең көп дауыс жинаған кандидаттардың қатарынан көрінді. БАҚ мәліметінше, ол негізгі қарсыласынан шамамен 350 дауыс артық жинаған. Жалпы сайлауда 2,3 мыңға жуық дауыс тіркелген.
Сайлау нәтижелері Westminster City Council-дың ресми сайтында жарияланды.
Сент-Джеймс – Лондон элитасының тарихи орталығы
St James's – London қаласының ең мәртебелі аудандарының бірі. Бұл аумақта Buckingham Palace, 10 Downing Street, Palace of Westminster және Westminster Abbey сияқты Ұлыбританияның маңызды тарихи және саяси нысандары орналасқан.
Санжар Әбішев туралы не белгілі?
Санжар Әбішев Сент-Джеймс ауданында он жылдан астам уақыт тұрып, еңбек етіп келеді. Ол қоғамдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын жергілікті бастамаларға белсенді қатысып, тұрғындар мен полиция арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқан.
Оның кандидатурасы туралы мәлімет Westminster Conservatives сайтында жарияланған.
Қанат Көпбаевтың пікірі
Қазақстандық кәсіпкер, Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Kanat Kopbayev әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жетістікке жоғары баға берді.
«Британдық элита ортасында ешқандай таныс-тамырсыз, тек білімі мен табандылығының арқасында Лондондағы мәртебелі ауданның басшылығына келді. Бұл – оның үлкен жолының бастамасы ғана деп сенемін», – деп жазды ол.
Қазақстандықтар үшін маңызды жетістік
Санжар Әбішевтің жеңісі – шетелде білім алып, қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында жоғары нәтижеге жеткен қазақстандықтардың жарқын үлгісі. Оның Лондонның ең тарихи әрі беделді аудандарының бірінде жеңіске жетуі Қазақстан азаматтарының халықаралық аренадағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
