el24.kz Франция аумағында хантавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Стефани Рист мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, вирус жұқтырған әйел бұған дейін аурудың өршуі тіркелген MV Hondius круиздік кемесінде болған. Ол кеше Францияға оралғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, хантавирусқа тапсырған ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен.
Қазіргі уақытта науқас жұқпалы ауруларға мамандандырылған медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр.
Франция билігі әйелмен байланыста болған 22 адамды анықтап, олардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Үкіметтің ресми өкілі Мод Брежон инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермеу үшін барынша қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданып жатқанын айтты.
«Дүрбелеңге бой алдырудың қажеті жоқ. Соңғы жылдары орын алған оқиғаларды ескерсек, азаматтардың алаңдаушылығын түсінеміз», – деді Мод Брежон.
Бұған дейін MV Hondius кемесінен эвакуацияланған Францияның бес азаматы мінген ұшақ Париж маңындағы Ле-Бурже әуежайы әуежайына қонған болатын. Олардың төртеуінің ПТР-тест нәтижесі теріс шыққан.
Францияның денсаулық сақтау органдары жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
