el24.kz Түркістан облысында әкімшілік құқықбұзушылықты фото немесе видеоға түсіріп, оны анықтауға көмектескен азаматтарға ақшалай сыйақы беру тәртібі бекітілді. Сыйақының ең жоғары мөлшері 10 АЕК немесе 43 250 теңге болады.
Бұған дейін осындай жүйе Астана қаласында енгізілген еді. Енді Түркістан облысында да азаматтарды құқықбұзушылықтың алдын алуға және оны анықтауға белсенді қатыстыру мақсатында жаңа тәртіп күшіне енбек.
Тиісті қаулыға 3 тамызда қол қойылып, 4 тамызда Әділет министрлігінде тіркелген. Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Жаңа ереже 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енген «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға негізделген.
Әр видео үшін ақша төленбейді
Азамат құқықбұзушылықты видеоға немесе фотоға түсіріп, полицияға жолдағанымен, бірден сыйақы ала алмайды.
Алдымен хабарланған құқықбұзушылық фактісі расталуы керек. Сонымен қатар бұл жағдайдың автоматты камералар арқылы, полиция қызметкерлері, лауазымды тұлғалар немесе басқа азаматтар тарапынан бұрын тіркелмегені анықталады.
Одан кейін әкімшілік іс бойынша шығарылған қаулы заңды күшіне енуі және құқықбұзушы салынған айыппұлды толық төлеуі қажет.
Осы талаптардың барлығы орындалғаннан кейін ғана материалдар арнайы комиссияның қарауына жіберіледі.
Сыйақы мөлшері қанша?
Түркістан облысында азаматтарға берілетін сыйақының ең жоғары мөлшері 10 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 43 250 теңге болып белгіленген.
Алайда әр азаматқа міндетті түрде 43 250 теңге төленбейді. Нақты соманы арнайы комиссия құқықбұзушылықты анықтауға азаматтың қосқан үлесіне қарай белгілейді.
Жаңа тәртіпте сыйақының өндірілген айыппұл сомасына қатысты нақты пайызы көрсетілмеген. Сондықтан төлем көлемін комиссия белгіленген ең жоғары шектен асырмай анықтайды.
Салыстыру үшін, Астанада құқықбұзушылықты анықтауға көмектескен азаматтарға берілетін сыйақының ең жоғары мөлшері 20 АЕК-ке немесе 86 500 теңгеге дейін жетеді.
Сыйақы алу үшін қалай хабарлау керек?
Құқықбұзушылық туралы ақпарат берген азамат жасырын түрде өтініш бере алмайды. Сыйақы алу үшін арнайы өтініш толтырып, өзінің ЖСН-ін, жеке куәлік деректерін, мекенжайын және банк шотын көрсетуі қажет.
Құқықбұзушылық туралы ақпаратты бірнеше жолмен хабарлауға болады:
- «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы;
- «102» мобильді қосымшасы арқылы;
- полицияның кезекші бөліміне жүгіну арқылы.
Бұл ретте жіберілген фото немесе видео құқықбұзушылықты анықтауға мүмкіндік беретіндей нақты болуы тиіс.
Комиссия өтінішті қанша уақытта қарайды?
Сыйақы беру мәселесін аудандық және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері жанынан құрылатын арнайы комиссиялар қарайды.
Комиссия құрамында кемінде бес адам болады. Оның құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді. Комиссия жұмысына әкім төрағалық етеді.
Өтінішті қарау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы 10 жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
Егер комиссия сыйақы беру туралы шешім қабылдаса, қаражат азаматтың банк шотына 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей аударылуы тиіс.
Алайда маңызды шарт бар: сыйақы жергілікті бюджетте осы мақсатқа қаражат қарастырылған жағдайда ғана төленеді.
Азамат сыйақыдан бас тарта алады
Ережеде азаматқа өзіне тиесілі ақшалай сыйақыдан бас тартуға да мүмкіндік берілген.
Құқықбұзушылықты анықтауға көмектескен адам қаражатты өзі алмай, оны Қазақстанда тіркелген қайырымдылық ұйымына аударуды сұрай алады.
Ақшалай емес марапаттар да қарастырылған
Құқықбұзушылықтың алдын алуға немесе оны анықтауға үлес қосқан азаматтарды ынталандыру тек ақшалай төлеммен шектелмейді.
Ережеге сәйкес, белсенді азаматтарға алғыс жариялау, құрмет грамотасымен марапаттау, оқуға жіберу немесе жұмыс орны бойынша марапатқа ұсыну сияқты ынталандыру шаралары қолданылуы мүмкін.
Ал ерекше жағдайларда азаматты мемлекеттік наградаға немесе құрметті атаққа ұсыну мүмкіндігі де қарастырылған.
Осылайша, Түркістан облысында тұрғындардың құқықбұзушылықтарды анықтауға қатысуын ынталандыратын жаңа жүйе енгізілмек. Дегенмен сыйақы алу үшін құқықбұзушылықтың бұрын тіркелмеген болуы, деректің расталуы және әкімшілік іс бойынша барлық қажетті рәсімдердің аяқталуы сияқты бірқатар талап орындалуы қажет.
