"Түріне сорпа құйып ішпейсің" деген рас екен...»
«Үйінен қырық қадам аттаса бойдақтықтың иісін сезіп, қыз-қырқынға көз тігетін еркектер көп. Асабалар әзілдегендей «өзіміздікі мұздай, біреудікі қыздай» көрінетін заман ғой қазір.
Мен де таяуда бір келіншекке әуес боп, қиялмен біраз жерге «барып» қалып едім. Дер кезінде ес жиып, аяқ тартқаныма қазір қуанам», - дейді Біржан есімді азамат.
Шымкенттегі базарлардың бірінде киім-кешек сататын жігіт ағасы басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді. «Он бес жылдан бері саудадамын. Басында әпкеме ілесіп, жанында жүк тасушы болдым, кейін сауданың қыр-сырын біліп, әбден төселіп алған соң өз алдыма бөлек шықтым.
Байып кетпесек те осы жерден нанымызды тауып, бала-шағаны асырап отырмыз. Сауда деген бірде бар, бірде жоқ.
Әсіресе қыста онша бола қоймайды. Ондайда біз не істейміз, уақыт өткізу үшін жанымыздағы көршілермен әңгімелесеміз, жиналып алып шай ішеміз. Аралас-құралас боп кеткеніміз соншалықты, бір-біріміздің той-томалағымызға, қуанышымызға ортақтасатындай жағдайға жеткенбіз. Арасында ойнап тұратын гәбіміз бар.
Жә, әңгіме ол жайлы емес. Таяуда жақын араласып жүрген әріптес әпкем денсаулығына байланысты біраз уақыт үзіліс алатынын айтты.
«Біржан, орныма бір құрбымның сіңлісін қойып кетемін. Бұрын сауда істеп көрмеген екен, өзің бас-көз боп, білмеген жерін үйретіп, жанашыр болшы» деп өтінді маған. Мен бірден келістім. Екі күннен соң әпкеміз айтқан сатушы келіп жайғасты. Үріп ауызға салғандай, келісті келіншек екен. Саудаға әбден төселіп алған дерсің, клиенттерге киімдерді майда тілімен мақтағанда, жанында тұрып мен «еріп» кетемін.
Сөзге ұста, көпшіл, бой-басына қарап қалған кербез жан екен. Бірте-бірте әлгі келіншекке менің есім ауа бастады. Ажырасқанын естігенде одан бетер маза кетті. Базарға соны көру үшін келгендей қайта-қайта бутигіне бара берем.
Өзімше әпкемнің тапсырмасын орындағансып тауарын көтерісем, сұрамаса да ақылымды айтып, айналшықтадым да қалдым. Сол әйел өткенде мені үйіне қонаққа шақырды. Мұндайда қуанбайтын еркек бар ма. Екі сөзге келмей үйіне жетіп бардым.
«Пәтерде тұрам, екі балам әке-шешемнің қолында» деген соң «керек-жарағымды» сайлап, өзімше жоспар құрып асыға жеткем ғой. Ол да мені қуана қарсы алды. Жүрегім лүпілдеп, алғашқы махабаттыма кездесуге бара жатқандай қобалжыған көңілім есігінен аттай бере су сепкендей басылды. «Желанием» қашып кетті. Өйткені екі бөлмелі пәтері кірден көрінбейді. Заттары ретсіз, шашылып жатыр. Бығып жатқан киім-кешектің ортасына стол қойып, дастархан жайыпты.
«Кел, төрлет» деп бәйек боп жатыр. Ана жерге отырғым келмеді. Оның үстіне үйден біртүрлі ащы иіс шығады. «Бұрын орыстар тұрған ба?» деген сөздің қалай шығып кеткенін байқамай қалдым.
«Жоға, менен бұрын да қазақтар тұрған. Екі жылдан бері өзім жалдап тұрып жатырмын» деп «ғашығым» сампылдап жүр. Көрпелері кірден көрінбейді. Жуылмағанына жылдар болған сияқты. Жас балалы әйел болса бір сәрі, екі баласы ержетіп кеткен. Бір өзі аядай ғана екі бөлмені ептей алмай жүргеніне іштей жыным келді. «Аппетит» мүлдем жоғалды. Соткамды шұқылап біраз отырдым да, «мен қайтайын, ауылдан ата-анам келе жатыр екен» деп шығып кеттім. «Сен үшін ет асып едім...» деген күйі аң-таң боп қалып кетті.
Ертеңіне базарда кездестік. Кешегідей емес, сыптай, боянып-сыланып алыпты. Бірақ түріне қарағанда қолқаны қабатын үйінің иісі мен кір-қоң есіме түсіп, қуана қоймадым. Ішімнен «мәссаған, менің қатыныма да осылай біреулер ғашық боп жүрген шығар» деп ойладым. Ол да үйде олпы-солпы киініп жүре береді. Бес бала тапқалы фигурасы да бұрынғыдай болмай қалған. Бірақ үйді тап-тұйнақтай етіп ұстайды, ол жағынан әңгіме жоқ.
Осы оқиғадан кейін "Түріне сорпа құйып ішпейсің" деген үлкендердің сөзіме есіме түсіп кетті. Өзімдікі өзгеден әлдеқайда артық екеніне көзім жетті. Айтпақшы, әлгі әріптес келіншектен әңгіме арасында үйінің неге шашылып жатқанын ақырындап сұрап алдым. «Ой, өз үйің болмағасын жинауға да желание болмайды екен» деп жауап берді. Тазалық деген жалдамалы пәтер немесе өз үйің деп бөлінбейтінін айта алмадым. Бәрі адамның өзіне байланысты. Беті жылтырағанымен үйі «қобырап» жатса, онда оның сұлулығынан не пайда? Дер кезінде өзімді ұстап, әйелімнің көзіне шөп салмағаныма қуандым.