el24.kz Павлодар қаласында зейнеткер алаяқтардың айласына түсіп, 10 мың АҚШ долларынан айырылып қала жаздады. Абырой болғанда, қылмыстың алдын алу мүмкін болды.
Полицияның мәліметінше, белгісіз адамдар зейнеткерге қоңырау шалып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері ретінде таныстырған.
Алаяқтар зейнеткерді бұрынғы жұмыс орны кезінде қылмыстық жолмен алынған қаржыны аударуға көмектесті деп айыптап, оған қатысты қылмыстық іс қозғалатынын айтып қорқытқан.
Қатты үрейленген зейнеткер алаяқтардың барлық талаптарын бұлжытпай орындағанын айтады.
«Қатты қорқып кеттім. Олар екі күн бойы қайта-қайта қоңырау шалып, бұл туралы ешкімге айтпауымды талап етті. Кейін такси шақыртып, банктен жинаған ақшамды шешіп алуды, оны долларға айырбастап, шетелге аударуды бұйырды», – дейді жәбірленуші.
Алаяқтар ақшаны Грузияға аударуды жоспарлаған. Алайда дер кезінде күдік туындап, құқық қорғау органдарының араласуымен қаржыны жіберу тоқтатылған.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Құзырлы органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша талап етпейді, қорқытып-үркітпейді және қаржыны шетелге аударуды сұрамайды. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда бірден полицияға немесе жақындарыңызға хабарласу қажет.
