Мен студент кезімнен бір жігітті қатты сүйдім. Соны көрсем есім шығып, ақылымнан адасатынмын. Ал ол мені тіпті көзге де ілген емес. Өйткені оның сүйікті қызы бар еді. Соны біле тұрып менің бар ойым оны өзіме қарату болатын.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бәріміз жан-жаққа жұмысқа кететін болдық. Мен ұнатқан жігіттің жүретін қызы "Дипломмен ауылға" атты бағдарламамен біраз уақытқа жұмыс істеуге кетті. Ал жігіті қалада қалды, мен де сол жігіт үшін қалада қалдым. Қалада тұратын жерімнің ыңғайы жоқ болса да, дайын тұрған жұмысым болмаса да, мен үшін сүйген жігітімнің қасында қалу маңызды болды.

Менің қолым жетпей жүрген жігіттің есімі Айдос. Ол өзінің жүріп жүрген қызын жан-тәнімен сүйетін. Оған уақыт өте келе көзім әбден жетті. Бірақ қыздардан айла аспаған ғой. Қызының қашықта жүргенін пайдаланып, оны өзіме өйтіп-бүйтіп қаратып алдым. Жалғызсырап жүрген кезінде жанынан табылып, тіпті түнді бірге өткізуге өзім ұсыныс жасадым. Бірақ ол мен қанша тырысқанмен сүйген қызын бір сәт естен шығарған емес. Үнемі ол жұмыс істейтін ауылға оны іздеп барып тұратын. Ол да жігіті үшін қалаға келіп тұрды. Айдос өзінің жолдастарының тойына, кез келген мейрамдарға сүйіктісін ертіп баратын. Қызы жанында жоқ кезде, өзім іздегенде ғана болмаса, өмірі бірінші болып маған өзі хабарласқан емес.

Өзім қатты сүйгендіктен Айдостың барлық қылығына шыдадым. Ол мені сүймейтінін, ешқашан сүйе алмайтынын бетіме ашық айтатын. Мен сонда да ол мені ұнатып кетер деген үмітпен жүре бердім. Мен оған: "мен сүймесең де, жаныңда болума рұқсат ет, мені өзіңнен алыстатпашы" деп жалынатынмын.

Бірақ өте келе менің шыдамым таусылды. 

Бірде Айдсотың сүйген қызы қалаға келгенде оған білдірмей әлгі қызбен кездесіп, Айдоспен арамыздың жақын екенін, екеуміздің кездесіп жүргенімізді айтып салдым. Ол қыз өзін сондай салқынқанды, сабырлы ұстады. Ол маған: "Мен жігітке таласпаймын. Жүрем десең жүре бер. Жігітіңмен қоса құры. Бірақ есіңде болсын! Мені сүйетінін біле тұра жүріп жүрсің ғой, түбінде өкінесің" деді де кетіп қалды.

Менің ол қызбен кездескенімді Айдос бііліп қойып екеуміз қатты ұрсыстық. Ол қызының артынан сонша жүгіріп, кешірім сұрағанымен ол Айдосты кешірмеді. Содан кейін ол қыз менің жігітіммен ат құйрығын кесісті. Екеуі жүрмей қалған күні Айдос түнімен ішіп жол апатына да ұшырады. Аман қалды құдай сақтап. Ол қатты қиналған кезде мен оның жанынан табылдым.

Сүйген қызы қарамаған соң, ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Мен Айдостың əдейі қызына ерегесіп маған үйленуге ұсыныс жасағанын білдім, сонда да келістім. Сөйтіп ол мені аяқ астынан алып қашты. Сөйтсем Айдостың барлық туыстары да ана қызды таниды екен. Ұлының өзі жүріп жүрген қызын емес, басқа қызды алып қашып келгенін көріп мамасы шу шығарды. Баласына ұрысып, өз қызың қайда, мына қыздың обалына қалмай апарып таста деді. Айдос мамасына мән-жайды түсіндіріп жатқысы келмей: "ол басқа біреуге күйеуге шығып кетті" деп құтылды.

Айдос екеуміздің бірге тұрып жатқанымызға 3 жыл болды. Арамызда қызымыз бар. Күйеуіммен бір шаңырақта тұрып жатқаным болмаса, ол менен алыста. Ол әлі күнге сол қызды сүйеді және оны жасырмайды. Ол қыз да Айдосты қатты жақсы көрді. Мен сол қыздың мықтылығына таңғаламын. Сүйе тұра жігітінің опасыздығын кешірмей кетіп қалды. Ал Айдос болса, әлі күнге дейін сол қызды іздейді. Сол қызды тауып алады əйтеуір. Тіпті үйде оның суреттері де бар. Суреттерін ешкімге тиіскізбейді.

Жиі ішіп келіп сенің кесіріңнен сүйіктімнен айырылдым деп қинайды. Сондай кезде не істерімді білмеймін. Мен бəріне саналы түрде бардым. Бірақ қазір қатты өкінемін. Күйеуім мені мүлде жақсы көрмейді. Менімен тек бала үшін тұрып жатыр. Отбасы болып қол ұстасып ешқайда шығып көрген емеспіз. Кейде кетіп қалғым келеді. Жолдасымның жүрегінен ойып тұрып орын алған екен ол қыз. Мен не істеймін? Өкініштен өзегім өртеніп барады.

 

Алуа, Алматы

alashainasy.kz/