- Қызмет бабымен жұмысқа қажетті зат іздеп бір мекемеге кіргенмін,- деп бастаған еді әңгімесін Еркін, - өкінішке орай іздеген затым табылмаған соң, шығар есікке қайта бетедім. Есіктің босағасында тұрған орта бойлы, жасы 30 - 40 шамасындағы азамат:
- Не іздедің? - деп мені сөзге тартты.
- Іздеген затым жоқ екен, - деп едім.
- Онда, қам жеме, іздеген затыңды тауып беремін, - деп бейтаныс адам менің оң жағымнан да, сол жағымнан да шығып кешке үйіне шақырды.
- Жұмыстарымды аяқтаған соң, міндетті түрде үйіңе соғамын «керек затты» дайындап қой, - деп ол кісінің мекен-жайын алып, өз жөніммен кеттім. Жұмыстарымды бітірген соң «бейтаныс» кісінің үйінің жанына келдім. Үйі менің махалама (квартал) қоңсы көрші махалада орналасқан көп пәтерлі үй екен. Ал, менің үйім төбенің беткейінде орналасқан болатын.
Машинамды «таныс» кісінің үйінің жанына қойып, алға жүре беріп едім, бір кезде атымды атап шақырған әйелімнің дауысын естідім. Дауыс шыққан жаққа қарасам келіншегім мен балам төбе үстінде маған қолын бұлғап щақырып тұр екен. Әйелім тұрған төбемен мен тұрған жердің ара қашықтығы әжептәуір жер. «Әйелімнің дауысы осындай зор ма еді, дәл жанымда тұрғандай естіледі ғой» деп таңғалып қалдым.
Зайыбым менің қарағанымды байқап, мені қайта – қайта өзіне шақырды. Мен оған ымдап «мына үйге кіремін» деп көрсетсем де, ол мені үздіксіз қолын бұлғап шақыра берді. Амалсыз машинамды қайта от алдырып, әйелім тұрған төбеге айналма жолмен бет алдым. Төбеге көтеріліп едім, келіншегім мен балам тұрған жерінде көрінбеді. «Әлгінде ғана осы жерде тұр еді ғой» деп жан-жағыма қарап едім, ешкім көрінбейді. «Олар әлгі екі ортада қайда кетті екен?» деп амалсыз үйдің жанына барып машинамды қойып, пәтеріме кірсем, жұбайым мен балам тамақтанайын деп отыр екен. Менің келгеніме қуанған келіншегім:
- Уақытында келдің, ауқаттан, - деп жатты.
- Сен төбе үстінде тұрып, мені қайта-қайта шақырғаның не, жұмысымды бітіре алмадым, - дедім ренжіп.
- Бүгін төбеге шықпақ түгілі үй жұмысынан қолым босамады, - деді әйелім менің сөзіме шамданып.
- О, тоба! Әлгінде ғана төбе үстінде балам екеуің мені қайта-қайта шақырған жоқсыңдар ма, - деп мен де бой бермедім. Ол маған ренжіп қалды.
«Сонда қалай, жұбайымды баламмен бірге төбе үстінде көрдім, ол анық. Ал, келіншегім бүгіндікке үйден шықпадым деп отыр. Бір қызығы төбе мен үйдің арасы әжептәуір қашық. Мен машинамен төбеге мінгенше олардың үйге тез жетуі де мүмкін емес еді. Ендеше төбеде тұрып мені шақырған әйеліммен, балама ұқсас кім болды екен?», - деп ойланып қалдым. Есіме мені
үйіне шақырған кісі түсті, бірақ оған ертең барармын деп баламның жанында қалдым.
Ертеңіне жұмысқа бара жатып керек затты ала кетейін деп «бейтаныс кісінің» пәтеріне соқтым. Есік қоңырауын қанша соқсам да, есік ашыла қоймады. Не істерімді білмей аңтарылып тұр едім, сол кезде көрші пәтерден шыққан кісіге не үшін келгенімді айтып едім «Келмегенің дұрыс болды, көршімнен секем алып жүретінмін. Сол күдігім расқа айналды. Кеше кешке үйінен шыққан алыс – жұлыстан көршілердің шырқы бұзылған соң полиция шақырттым, сол абырой болды, оңбаған көршім үйіне келген қонағын пышақтап тастапты. Полицейлер ол сұмды дер кезінде ұстап әкетті», - дегенде селк ете түстім: «Кеше бұл үйге менің келуім керек еді, бір ажалдан аман қалған екенмін ғой» деп шүкіршілік етіп, бәлелі жерден тез шығып кеттім.
Кеңсеге жеткенше: «қылмыскердің үйінің алдынан мені кері қайтарған әйел кім болды екен?» деп ойлап бардым. «Мүмкін әйелім бейнесінде көрінген періштем болды ма екен?» деп Аллаға шүкіршілік еттім.
Содан бері «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген бабаларымыздың даналық сөздерін қаперімде ұстайтын болдым, - деп аяқтаған еді әңгімесін Еркін.
Ерсін Ерғалиев