el24.kz Атырау облысы Жангелдин ауылында төрт адамның қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс қоғам назарында қалып отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, аталған іс бойынша тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, негізгі күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев. Тергеу барысында оған тағылған айыптар тізімі кеңейтілген.
Бұған дейін адам өлтіру дерегі бойынша күдікке ілінген азамат енді жәбірленушілердің малын сатып, мүлкін иемдену әрекеттеріне қатысы бар деген күдікпен қосымша «ұрлық» және «алаяқтық» баптары бойынша да жауапқа тартылуда.
Іс аясында күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева да тексеріліп жатыр. Сот санкциясына сәйкес, ол стационарлық сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге орналастырылған. Қажет болған жағдайда оны Сот сараптамалары институты (Алматы қаласы) базасында қосымша тексеруден өткізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазіргі уақытта Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне нақты құқықтық баға берілген жоқ. Сондай-ақ оған қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасы әзірге таңдалмаған. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәліметінше, түпкілікті процессуалдық шешім сараптама нәтижелері шыққаннан кейін қабылданады.
Қадағалаушы орган тергеу мерзімі жүргізіліп жатқан іс-шаралардың ауқымына және сараптамалардың қорытындысына байланысты болатынын атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарға тек ресми ақпарат көздеріне сену қажеттігі ескертілді.
Қазіргі таңда іс бойынша барлық мән-жайларды толық әрі жан-жақты анықтау бағытында кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Ресми органдар істің барысы заң аясында қатаң бақылауда екенін мәлімдеді.
