Ғылыми жетістіктер өмірімізге етене енді. Қазір қалаған дүниені алу үшін дүкен аралаудың қажеті жоқ. Интернет дүкендер арқылы киім-кешек, азық-түлік аламыз. Сапарға шығу үшін де вокзалға барудың қажеті жоқ. Тіпті білесіз ғой, туған күн иесін құттықтау үшін де көлдей пост пен бір сурет шығару жеткілікті. Төмендегі кеңестер махаббатын ғаламдатордан іздейтіндерге арналады.
- Бір мезгілде бірнеше жігітпен сөйлеспеңіз
Танысу сайттары базамызда бәленше адам бар, олардың ішінен міндетті түрде екінші жартыңызды табасыз деп мақтанып жатады. Бір қарасаңыз, бұл жақсы нәрсе сияқты. Алайда мұнымен Швартмор колледжінің профессоры Барри Шварц келіспейді. Оның айтуынша, тым көп таңдаудың болуы әрбір үміткерді тереңірек зерттеуге кедергі келтіреді. Көп адамның ішінен ең дұрысын іріктеп алуға бар күшіңізді жұмсайсыз және біраз жақсы жанға жолығып үлгерсеңіз де, бұдан да тәуірірегін тапқыңыз келіп отырады. Шварц бұл феноменді таңдау парадоксы деп атайды. Ол мынадай қызық тәжірибе жасайды: дүкенде 24 тосап түрінің үлгісін сатып алушыларға ұсынып, ішіндегі ең дәмдісін таңдауды сұрайды. Сөйтсе әлгілер бұл тапсырманы қиынсынған екен. Ал, Шварц оларға 6 тосап түрін ұсынғаннан кейін мәселе оңайырақ шешіледі. «Махаббат анатомиясының» авторы антрополог Хелен Фишер мұндай сайттарда алдымен тек 9 адаммен танысып көріп, әрқайсысымен жақын араласып көруге кеңес береді. Егер бұлардан ештеңе шықпаса, келесі тоғыздықты асықпай қарастырыңыз дейді.
- Алаяқтар мұнда да бар
Жеке өмірін жөнге келтіремін деген салмақты оймен келген бойжеткендер әдетте тез танысқыш, аңқаулау келеді және кездесуге де оңай келісе кетеді. Мұндайды біліп алған алаяқтар желіде өзін де сондай жартысын іздеп жүрген адам етіп таныстырады. Әдемі сөздермен алдап бикештің әбден басын айналдырады. Өзін адал, ақылды, тәрбиелі етіп көрсетіп, сенімге кіреді де… бір күні ізім-ғайым жоғалады. Қыз әрі күтеді, бері күтеді, өзінше іздеп көрмек болады. Осылай төрт-бес күн өткенде, әлгі сабаз «кешір, бір қиын жағдайға тап болдым (туысым ауырып қалды, бизнестегі серіктесім тақырға отырғызып кетті), сенен басқа сенер адамым жоқ, көмек бере тұршы» деп, қомақты қарыз сұрап алады. Оқиға немен аяқталатыны белгілі. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, ешбір жағдайда ақшалай көмек беруші болмаңыз. Нағыз еркек өз мәселесін өзі шешеді және ғашық әйелге әлсіздігін көрсетуге намыстанады.
- Реал адам мен онлайн адамның айырмасы бар
Танысу сайтына тіркелу өте оңай, ал пайдаланушыларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампитар» дегендей, аз-мұз өтірігі бар деректер беріп, өзін жақсырақ етіп көрсеткісі келетіндер көп. Мұның үстіне ең сәтті түскен, анау-мынау өңдеуден өткен суреттерді қосып қойыңыз. Бой мен салмақ «ауытқуларына» көз жұмдыңыз дегеннің өзінде, сөйлесіп жүрген Бақытжаныңыз шын мәнінде желіде зеріккен Бақытгүл болып шықса не істейсіз? Кәсіби сайттар мұндайлардың жолын кесу үшін ақылы аккаунттарды ұсынады. Мұндай аккаунттар тым болмаса қызық қуып еріккендерге тап болудың алдын алады.
- Алпамыс дегенің альфонс болса
Заман өзгерді. Әйелдер шалбар кигеннен бері, еркектер де әйел функциясына, қылықтарына қол сала бастады. Альфонстар бірақ бұрыннан бар сияқты. Күшік күйеу деген ұғым қазақтарда бұрыннан бар ғой. Олар – қазақшалап айтқанда намыссыз «күшік күйеулер», яғни жұмыс істегісі келмейтін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүруді қалайтындар. Әдетте олар ертеңгі күнін ойлап бас қатырмайды: бар тапқан-таянғанын күнделікті өткінші қызықтарға жұмсап жібереді. Өз «теңін» табу үшін мұндай сырбаздар көбінесе «бай әрі салтанатты» өмір атрибуттарына толы сықиған суреттерін топырлатып іліп қояды. Өзін мол табысқа жеткен интеллигент етіп ұстайды. Қыздардың әлсіз тұстарын жақсы біледі және комплиментті де орынды айтады. Арасында «маған мансапқор және тәуелсіз қыздар ұнайды» деп әңгімені қыздырып қояды. Ол сізге ұнап үлгерсе, әрине, сіз бар жетістігіңіз жөнінде жайып саласыз. Ал өзінен бұл турасында сәл артықтау сұрақ қойсаңыз, «сонда менің ақшам қызықтырады екен ғой. Эхх, сенен әбден көңілім қалды, басқалардай емес ақылды, жаны таза деп жүрсем…» деп махабаттың құрбанына айнала қалады. Егер жігіттің ішкі ойында қандай да бір күдігіңіз болса, онда «мен әке-шешемнің байлығынан бас тарттым» немесе «жанұяда тек еркек қана ақша табуын талап етемін» деп көріңіз. Реакция көп күттірмеуі керек.
- Жеңіл форматта сөйлесіңіз
Желіде танысқан жігіт неше түрлі комплиментті жаудырып, қайта-қайта қызу әңгімеге тартқанына масаттанып, ол бүгін маған гитарамен серенада айтады деп ойлап қалмаңыз. Мұндайлардың көбісі біраз ұзақ-ұзақ сөйлескеннен кейін тым-тырс бола қалады. Себебі бұл − шынайы өмірдегі кездесу емес, интернеттегі жеңіл-желпі сұхбат. Ешкім ештеңеге міндетті емес, «әй, мені кіммен таныстырдыңдар?» деп ешкімге балтаңды ала шаппайсың. Жай ғана сөздеріңіз жарасып, шүйіркелесе кеттіңдер: барлығы айтылды, талқылайтын тақырып қалмады, осымен бәрі бітті. Бірақ күте-күте шаршағаннан «неге жоғалып кеттің?», «неге үндемейсің?» деген сұрақты қоюшы болмаңыз, бәрібір дұрыс жауап ала алмайсыз. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін келесіде ұнаған адамға барлығын бірден ақтарып салмай, «дозалап» сөйлесіп, әңгіменің шетін ғана шығарып қызықтыра біліңіз. Сонымен қатар біреумен тіл табыса кетсеңіз, дереу қиялдың қанатына мініп, иллюзияға берілмеңіз. Ол сізді кездесуге шақырмайынша және ойыңыздағы жігіт екеніне көзіңіз жетпейінше, салқынқанды болуды ұмытпаңыз.
- Желідегі тым дөрекі немесе бір түндік қатынасты қалайтын жігіттер көңіліңізді қалдырмасын
Жоғарыда айтылғандай, желіде барлығы тым еркін және тым ашық сөйлеседі. Оқта-текте танысқыңыз келген жігіт «кетшей әрі» дей қалса, жігіт атаулыдан бас тарта көрмеңіз. Ал жеңіл жүрістілер бір жақсысы көп уақытыңызды алмай, дереу іске көшеді: шығу тегіңіз, қызығушылықтарыңыз, жан-дүниеңіз туралы сұрап басты ауыртпай, бірден өз ұсынысын айтады. Ал оған қалай жауап беруіңіз өз еркіңізде.
- Толық танысып-біліспейінше, бөтен адамға сенбеңіз
Өкінішке қарай желіде танысқан адамның деректерін толық тексеру мүмкін бола бермейді. Ол кісі үйлі-баранды болып шығуы не өз өмірінің жайсыз қырларын жасыруы (тіпті қандықол қылмыскер де болуы) мүмкін! Сондықтан кездесейік дегенге бірден көне кетпей, алдымен оны-мұны сылтауратып, бір-екі апта онлайн-режимде ғана сөйлесіңіз. Кездесуді тек күндізгі және адамдар көп жүретін орындарда белгілеңіз. Достарыңызды бұл туралы құлаққағыс етіңіз. Кездесу барысында оның қандай да бір жолдасы «кездейсоқ» үстіңізден түсіп, мұндай керемет таныстықты басқа жерде атап өтуге шақырса, сыпайы түрде бас тартыңыз және мұндайда үйге «жаңа достарыңыздың» көлігімен емес, таксимен қайтқаныңыз жөн.
Дереккөз: arular.kz