el24.kz Солтүстік Кипрдің астанасы Никосия қаласында орналасқан супермаркеттердің бірінде болған пышақ шабуылы салдарынан Қазақстанның 22 жастағы азаматы ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының және полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында Metropol Market супермаркетінде болған.

Белгісіз ер адам дүкен ішінде қазақстандық бойжеткенге бірнеше рет пышақ сұққан. Шабуылдан кейін күдікті сол пышақпен өзін де жаралаған. Екеуі де шұғыл түрде доктор Бурхан Налбантоглу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыстың нақты себебін анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда және полиция оқиғаның барлық мән-жайын тексеруде.

Солтүстік Кипрдің бірқатар басылымдары күдікті зардап шеккен қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін деген болжамды жариялаған. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Алдын ала жарияланған мәліметтерге сәйкес, зардап шеккен қазақстандықтың есімі – Жанерке Әбдіразақова, жасы – 22-де. Ол ауыр пышақ жарақаттарын алған және жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Оқиғаға қатысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде Қазақстан азаматымен болған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар оқиғаның мән-жайын анықтап, жергілікті құзырлы органдармен байланыста жұмыс жүргізіп жатыр. Ресми ақпарат түскен сайын қосымша мәлімет беріледі», – деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, жағдай министрліктің ерекше бақылауында. Қазақстандық дипломаттар жергілікті құқық қорғау органдарымен және медициналық мекемелермен тұрақты байланыста болып, оқиғаға қатысты барлық ресми ақпаратты нақтылап жатыр.

Қазіргі уақытта шабуылдың нақты себептері мен күдіктінің жеке басына қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тергеу аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары қосымша мәлімет ұсынатыны күтілуде.