el24.kz Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

ІІМ мәліметінше, әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген.

«ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында қызметіне салғырт қарады деген күдікпен Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады», – деп хабарлады ІІМ.

Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Каспийдегі қайғылы оқиға қалай болды?

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған.

«Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы барысында әскери қызметшілер Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындаған. Сол кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Нәтижесінде бірқатар әскери қызметші теңізге ағып кеткен.

Алғашқы ақпаратта теңізге 19 әскери қызметшінің кеткені айтылған. Кейін бұл мәлімет нақтыланып, оқиға салдарынан 14 әскери қызметшінің қаза болғаны белгілі болды. Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды.

Бірнеше әскери лауазымды тұлға ұсталған

Бұған дейін ІІМ Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты Қарулы күштердің бірнеше жоғары лауазымды әскери қызметшісі ұсталғанын хабарлаған болатын.

Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары әрі штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасы мен катер командирлері бар. Барлығы күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Олардың бірі – Данияр Хайрушев. Қорғаныс министрлігінің ашық деректеріне сәйкес, ол бұған дейін Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Әскери қызмет барысында жауынгерлік даярлық бағытына жауап берген.

Бұрынғы бас қолбасшы қызметінен босатылған

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Әскери-теңіз күштерінің басшылығында өзгерістер болды.

Оқу-жаттығу кезінде Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметін 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков атқарған. Кейін ол және Қорғаныс министрінің екі орынбасары қызметтерінен босатылды. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов та қызметінен кеткен.

27 қыркүйекте Президент жарлығымен Айдос Мырзахметов Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Тергеу не анықтады?

Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Бас прокуратура оқиға орны қаралғанын, әскери қызметшілерден жауап алынғанын және бірқатар сараптама тағайындалғанын хабарлаған.

Қылмыстық іс аясында қызметіне салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу нұсқалары қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар оқу-жаттығуды дайындау мен жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында кемшіліктер болғаны айтылды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.