el24.kz Telegram мессенджеріндегі «жеңіл жұмыс» туралы хабарландыруға сенген 20 жастағы елордалық тұрғын алаяқтық қылмыстық схемаға араласқан. Ол Петропавл қаласында үш тұрғынды алдау арқылы жасалған қылмысқа қатысып, сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қылмыстық схемаға қатысушылар егде жастағы адамдарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде телефон соққан. Олар жәбірленушілердің жақындары жол-көлік оқиғасына кінәлі болғанын айтып, оларды қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет деп сендірген.
Алаяқтардың сөзіне сенген үш Петропавл тұрғыны қолындағы қолма-қол ақшаларын берген. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін жеткен.
Қылмыстық топтың мүшелері ақшаны өздері алмай, оны курьерлер арқылы жеткізуді ұйымдастырған. Алаяқтық схемаға қатысы барын білмеген такси жүргізушілері ақшаны «сәлемдеме» ретінде алып, белгіленген мекенжайларға жеткізген.
Ал бұл ақшаны қабылдап, кейін оны қылмыскерлер көрсеткен орындарға жасыратын адам қажет болған. Осы рөлді Telegram арқылы «жеңіл жұмыс» іздеген 20 жастағы елордалық атқарған.
Жас жігіт осы мақсатпен арнайы Петропавлға келген. Өткен жылдың 8 және 9 қыркүйегінде ол үш «сәлемдемені» қабылдап, оларды алдын ала белгіленген орындарға — бұталардың арасына және қоқыс жәшіктеріне жасырған.
Петропавл полициясына алғашқы арыздар түскеннен кейін жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тергеу барысында жиналған дәлелдер оның алаяқтық схемаға қатысын растады.
Сот жас жігітті қылмысқа қатысы бар деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған жәбірленушілерге келтірілген залалды ішінара өтеу міндеті жүктелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі «жеңіл жұмыс», «жоғары табыс» немесе «тәжірибесіз жұмыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық схемаға тікелей қатыспай, тек ақша немесе басқа да заттарды алып, көрсетілген жерге жеткізу сияқты әрекеттердің өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
