el24.kz Жетісу облысы Ақсу ауданында екі ауыл тұрғыны өз әкесіне күш көрсетіп, қорлады деген күдікке ілінді. Оқиға ауданға қарасты ауылдардың бірінде тіркелген.
62 жастағы қария әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрап, ұзақ уақыт бойы өз ұлдарының қысымына ұшырап келгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, екі ұлы үнемі ақша талап етіп, бас тартқан жағдайда күш қолданған.
«Менің төрт ұлым бар. Соның екеуі өз отбасымен осы ауылда тұрады. Үнемі менен ақша сұрайды. Қазір заман қиын, менде артық қаражат жоқ. Қолымнан келгенше өсірдім, оқыттым. Бірақ соған қарамастан, қыстың басында олар мені ауыл шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен, аяқта тек үй шәркейімен тастап кетті. Әрең дегенде үйге жетіп, бір айдай ауырып жаттым», – дейді қария.
Зардап шегушінің сөзінше, ұлдары тек үйде ғана емес, оның жұмыс орнында да тәртіпсіздік жасап, құралдарын сындырып, ақшасы мен құжаттарын тартып алған. Қазіргі уақытта ол жоғалған құжаттарын қайта қалпына келтіру үшін полициядан көмек сұраған.
Белгілі болғандай, қария 2013 жылы отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Қазір ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді.
Ол бұған дейін де бірнеше рет полицияға жүгінген. Құқық қорғау органдары оның екі ұлын жауапкершілікке тартып, сот шешімімен олар бір айға дейін қамауға алынған. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін де қысым тоқтамаған.
«Бір жарым-екі жыл бұрын болған жанжал кезінде үшінші ұлым мені қорғап жүріп, пышақ жарақатын алды. Биыл ақпанда екі ұлым мені буындырып, ұрып-соқты. Көршілер араласпағанда не боларын білмеймін. Қазір олар тағы да қамауда. Бірақ кейін не болатынын ойласам, қорқамын», – дейді ол.
Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында бұл әрекеттерді 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталған. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгілеп, жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда отыр. Бостандыққа шыққан соң олар профилактикалық есепке алынады.
Құқық қорғау органдары мұндай жағдайларда азаматтарды дер кезінде полицияға жүгінуге шақырып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін ескертті.
