Қайырлы күн, сайт ұжымы! Ішімдегіні шығару үшін сіздерден басқа ешкімді таба алмадым. Есімім - Закира. Жамбыл облысының тумасымын. Жамбылда жұмыс реті болмай, Алматыға келгелі - жеті жыл өтті. Бар жерде жұмыс жасадым. Асхана қызметкерінен бастап, кеңсе қызметкеріне дейін. Алла берген төрт балам үшін кез-келген жұмысты жасаймын. Арланбаймын. Балаларымның тамағынан арам ас өткізбесем болды.
Сол соңғы қызметімдегі басшылықтың беті қалыңдау болды. Жұмысқа итше жегіп, табан ақы маңдай терімді бермей қор қылды.
Кейбір санасы- соқыр, көңілі -нас бастық сымақтар кісі ақысын жеп, өз қарагөздерінің еңбегін қанап, қай пұшпаққа шығам дейді? Болмасты əңгіме етіп, кірлемегенді кірлетіп, болмағанды болдырып, заңды жұмысқа тұрсақта тапқан табысымыздан тартқылап қалуды əдет қылды. Əдеті- отыз пайыз ұстап қалу. Өзгермейтін қағида. Əр айда солай. Көндіккендер көндікті. Көндікпегендер жұмыстан кетті. Адамдық қайда? Əрбір үйде шикі өкпе балалар бар емес пе? Олардың аузынан жырып, олардың ырызығына қалай ортақ болуға болады? Жетісіп жүрмегеніміз көрер көзге аян емес пе? Жұмыссыз қалмас үшін ғана өзімді қинап жүрмін. Ай сайын бір себеп тауып, бірдеңе сынбаса да қысқартулардың бітетін түрі көрінбейді. Жеке меншік жұмыс орны болған соң айлығымызда əрқилы болатыны да түсінікті ғой. "Белі ауырмай тапқан ас қорытылмай қалады, кісі ақысын жегеннің пейілін тəңір алады. Демесін пенде адасып, арам ас бойға жағады. Арамдық жасап алданба,
Бір күні сұрақ болады"-деген Бұқар бабамыздың сөзін іштей күбірлеп қоямын. Адамдығын тірідей өлтіріп, теңге деп талтаңдап жүргендер менің сөзімді қайтсін?!