Менің есімім – Айымгүл, үстіміздегі жылы отыз жастан астым. Құдайға шүкір, өзімнің отбасым бар, бауырымда балаларым өсіп келеді. Әрине, біреудің отбасында несі бар, қанша жерден бірге туған бауыры болса да деп сөкпейтін шығарсыздар.

Өйткені, біз ағамызбен араласамыз, жиын-тойларда бірге боламыз. Сонда ағамыздың мәнсіз-мағынасыз сөздерін көргенде жүйкең еріксізден жұқарып кетеді. Еріксізден тілімізді тістеп қаламыз. Оның барлығына кінәлі – жеңгеміз.

Жеңгеміз өзінше бізді менсінбейді. Түк көрмеген деп тілдейді. Шындығында, өзінің дым көрмегенін байқалып қалады. Себебі, жүрген жерінің барлығы ұрыс-керіс. Тіпті, өзінің тойы болса да, біреумен ұрсысып жатқанын көзіміз көрді.

Қазір ағам екеуінің отасқанына қырық жылға тақап қалды. Ағамыздың басын әбден айналдырып алған. Ағамыз ол не айтса да басын шұлғудан әріге бара алмайтын дәрменсіз күйін көргенде, оған қанша жерден айтсақ та, сол баяғы қалпынан айнымайтынын аңғарамыз. «Ақымаққа қанша айтсаң да, ақылы кірмейді» дегене есті әңгімені ойға ала отырып, Құдайдың алдында ұялғаннан ол кісімен бір тойда ешкімге білдірмей, жарасып жүрген адамға ұқсаймыз. Шындығында, әрбір бауырының ішінде оған деген өкпе-реніш бар. Бізге айтқан мәнсіз сөзінің жазасын Жаратушы иеміз береді дейміз де қоя саламыз.

Отбасың дұрыс болмаса бәрі бекер. Ағамыздың осы жағынан дұрыс болмаған. Ауызын аштырмай отырған әйелі оны мен адам еттім дегеннен танбайды. Бұл жөнінде ағамыздың алғашқыда айтары басқа еді. Әйелін тыйып тастауға тырысатын. Бірақ, мәнді сөзді түсінбейтін жеңгеміз оған ешбір қысыла қоймайтын. Аузына келгенді көкіп сала беретін. Оның шынайы бейнесін көргенде сыртқары адамның өзі «Өмірде мынадай да адамдар болады екен-ау» деп жағасын ұстайтын. Жағасын ұстағанды былай қойғанның өзінде өздерінің өмірінде ондай жағымсыз жанның кездеспеуін қалайтын. Осыдан кейін-ақ, жеңгеміздің қандай деңгейдегі адам екенін түсіну ешкімге де қиынға соға қоймас.

Қай кезде де отбасында ер адамның орны биік болғанына не жетсін? Ағамыз жас кезінде талай қыздың арманы болған жігіттің бірі еді ғой. Қай жағынан алып қарасаңыз да, жігіт деген атқа тең келетін. Жоғары оқу орнын үздік бітірген. Өзінің мамандығы бойынша біраз жылдар бойы қызмет атқарды. Тоқсаныншы жылдардан бергі уақытта сауда-саттықпен де айналысты. Тасының өрге домалаған кезі де болған. Бір қызығы, қолында ақша бар кезде ешқандай бауырына бір тиын ақша берген емес. Ағамызды бұрын байқамағанбыз ба, дүниені бірінші орынға қоятын тәрізді. Құдайға шүкір, ешқайсысымыздың біреудің қолына қарап отырған күніміз жоқ. Берген несібеге шүкірлік етіп жүрген жайымыз бар.

Тіпті, ағамыз өзінен кейінгі бір бауырына 100 мың теңге ақша беріп, соны айға жеткізбей қайта сұрап алды. Әрине, оның барлығы шайпау жеңгеміздің ақылымен жасалған деп ойлаймын. Өйткені, жеңгеміздің біреуге қайырымы жоқ адам екенін біздер жақсы білеміз. Біреуге артық ақшасы кетіп қалса, соны қаншама уақыт жыр етіп, сол адамның әбден мазасын алатынын жұрт жақсы біледі. Сондықтан кім-кім болса да, жеңгемізбен аралас-құралас болудан бойын аулақ ұстайды. Алыстан сыйласқанды дұрыс көреді. Өкініштісі, бұрынғы кездері ағайын-туыстың ішінде абырой-беделі бар ағамыз сол жеңгеміздің кесірінен бізден мүлдем алшақтап, арамыз суып бара жатқанын несіне жасырамыз?

Шындығын айтқанда, адам баласы қай кезде де өзінің абырой-беделін жоғалтып алмағаны дұрыс деп санаймыз. Алайда, ағамыз өзінің қадірі кетіп қалғанын сезбей ме? Оны білмедім. Әйтпесе, шайпау жеңгеміздің ығына жығылып, өмір бойы ағайыннан алшақ жүре бере ме екен? Жасы болса бір әулетке уәлі сөзін айтатын уақытқа келіп қалды. Қынжылатынымыз, ағамыз әлі күнге дейін есін жия алмай келеді. Соның кесірінен бүгінгі күні олардың үйіне ағайын-туыс ат ізін сала бермейтін болып алды.

Ілгеріде ер азаматтың мәртебесі мұндай түсіп көрген емес еді? Қазіргі күні ағам секілді ынжық адамдардың көбейіп кеткені қынжылтады. Егер осылай кете берсе, келешекте ертеден сақталған ер азаматты сыйлау деген жақсы қасиетіміз адыра қала ма деп ойлаймын.

Рас, қазір ешкім біреудің алдында басын төмен түсіріп жүре алмайды. Әрбірі өзін жоғары санайды. Ағамыз бұлай жүнжіп жүре берсе, соңынан ерген іні-қарындастары одан қандай үлгі алады? Соны түсіне алмай жүрген жайымыз бар. Ағамызға өзіміздің пікірімізді жеткізгіміз келгенде “Сендер маған ақыл айтатын кім едіңдер? Әзірге ондай жасқа жете қойған жоқсыңдар” деген секілді әңгіменің басын шығарады. Бізді бірге туған бауыры есебінде сыйлап, өзінің қателігін түсінсе деген ойымыз бар еді. Өкінішке қарай, сондай түсіністікке жете алмай келе жатқан жайымыз бар. Алдағы күнде қалай болады? Біз оны біле алмай отырған жайымыз ба? Ағамызға ақыл-сана берсінші деп тілейміз...

Автор: Айымгүл, Талдықорған 

alashainasy.kz/