el24.kz Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында қазақстандықтардың қатысуымен болған жанжалға қатысты ресми түсініктеме берді.
ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетыбаев мәлім еткендей, оқиға 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысы аумағындағы Усть-Луга вахталық кентінде болған.
Министрлік дерегінше, жанжал тұрмыстық сипатта өрбіген және оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.
«Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тиісті процессуалдық шараларды, соның ішінде жанжалға қатысушыларды ұстау әрекеттерін жүргізді», — делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстанның құзырлы органдары жағдайды бақылауда ұстап отыр.
ҚР СІМ азаматтарға шетелде жүрген кезде жергілікті заңнаманы қатаң сақтауды және кез келген даулы жағдайдан аулақ болуды ескертті.
