el24.kz Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Сенат депутаты Амангелді Нұғманов азаматтарды зейнетке шығару тәртібін қайта қарауды ұсынып, еңбек өтіліне негізделген жаңа үлгіге кезең-кезеңімен көшуді көтерді.
Сенатордың айтуынша, қазіргі қолданыстағы жүйе толықтай заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Әсіресе, жаңа конституциялық өзгерістер аясында зейнетақы саласын қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.
Ол зейнетақы тағайындауда тек жас мөлшерін емес, азаматтардың еңбек өтілі, еңбекке қабілеттілігі және еңбек нарығындағы жағдайлар ескерілуі тиіс екенін атап өтті.
«Зейнетақыға шығу тәртібі тек жасқа байланысты болмауы керек. Азаматтың қанша жыл еңбек еткені, оның жұмысқа қабілеті мен нарықтағы рөлі негізгі факторлардың бірі болуы тиіс. Сондықтан бұл бағытта кезең-кезеңімен еңбек өтіліне негізделген модельге көшу орынды», – деді сенатор.
Оның пікірінше, қазіргі таңда кейбір санаттағы азаматтар әлеуметтік тұрғыдан қорғалмай отыр. Мәселен, созылмалы немесе кәсіби аурулары бар адамдар ресми түрде мүгедектік мәртебесі болмаса, мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігінен қағылған. Бұл мәселе де жаңа реформа аясында қарастырылуы тиіс.
Сонымен қатар, сенатор елімізде кейбір мамандық иелері үшін арнайы зейнетақы жүйесі бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері еңбек өтілі жеткілікті болған жағдайда өздеріне қолайлы уақытта зейнетке шыға алады. Бұл тәжірибені басқа салаларға да бейімдеу мүмкіндігі қарастырылуы қажет.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүктемесін азайту да ұсыныстың маңызды тұстарының бірі. Сенатордың айтуынша, жаңа тәсіл мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты төмендетіп, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге, бұл өзгерістер азаматтардың еңбекке деген жауапкершілігін күшейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ұсынысты іске асыру үшін арнайы жұмыс тобын құру жоспарланып отыр. Оның құрамына мемлекеттік органдар, ғылыми сарапшылар, кәсіподақтар және азаматтық қоғам өкілдері кірмек. Нәтижесінде, халықтың мүддесіне сай келетін, тұрақты әрі әділ зейнетақы жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай реформалар кешенді талдауды қажет етеді. Себебі зейнетақы жүйесіндегі кез келген өзгеріс елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді.
