Құрбым шақырған соң, үйіне шай ішуге барғанмын. Басқа қалада оқитын 19 жастағы қызы каникулға келіпті. Сөзден сөз шығып, тұрмыс құру қажеттігі жөнінде де әңгіме айттық.

Қазіргі қыздар отбасы құру жоспарын алдын-ала жасайтын көрінеді. Жар таңдағанда материалдық жағына баса көңіл бөлетіні таң қалдырмайды. Бұл жағы қыздардың санасына әлдеқашан сіңіп үлгерген.

Шешем ақымақ болыпты!

«Өмірімді өз әке-шешем сияқты құрғым келмейдіОлардікі – ескірген құндылықтар. Әзірге келбетім сұлу, дене бітімім тартымды болғандықтан төрт құбыласы түгел, жан-жақты қамтылған қалталы еркекті іздеймін. Яғни, сәтті шақты уыстан жібермеу керек деп есептеймін. Әке-шешем бір үзім нан үшін өмір бойы тыраштанып жұмыс істеді. Олар үнемі жұмыста болып, маған аз көңіл бөлгенАл мен өз балаларымның жанында жиі болғым келеді, болашағыма сеніммен қарағым келеді,ондай жағдайға тек бай еркек қана жеткізе алатыны анық.

Үйленгеннен кейін әдетте не болады? Уақыт өте махаббат, сезім, сүйіспеншілік жайына қалады. Әйелі мен балаларына лайықты өмір, жарқын болашақ ұсына алмайтын еркектердің ешкімге керегі жоқ, қадірі де жоқ. Сондықтан мен бай еркекті уысыма түсіргім келеді.

Бәз-біреулер парасатты, намысты, мықты болу керек, өз еңбегіңмен табысқа ұмтылу қажет”, – дейді. Әне, көрші әйел жүр, нағыз мықты әйел”. Есек сияқты екі-үш жұмыста, арқа еті арша, борбай еті борша болып жұмыс істейді, бірақ бәрібір анда тартса мұнда, мұнда тартса анда жетпей, өлместің күнін кешуде.

Кезінде солар махаббат деп, басқасына көз жұмып, балаларының әкесіне шықты ғой тұрмысқа. Не болды енді?

Ондай еркек те қалтасының таяздығына қарамастан көзге шөп салады, әйеліне қолын да көтереді. Ақыр аяғы ештеңесіз, балаларына да қарамай кете барады. Сосын әлгі мықты әйелдердің” түнде жастыққа басы тиген соң көз жасын ағызатынына сенімдімін.

Ерлі-зайыпты талай туған-туыс бар, олар қашан да таңдау жасауға мәжбүр. Қысқы аяқ киім аламыз ба, әлде қайсысымыздың тісімізді жөндетеміз? Пәтерді жөндейміз бе, әлде жазғы демалысқа Алакөлге барамыз ба, әлде Қапшағайға ма? Бұлар — қарапайым, өз еңбегімен ақша тауып жүрген қатардағы жұмыскер адамдар.

Көргенің кедейлік болса, қайдағы махаббат?

Екі әпкем ше? Екеуі де «ойбай, махаббат!» деп тұрмысқа шыққан. Ендігі өміріне жаным ашиды, балаларын бала-бақшаға берейін десе, ақша жетпейді. Пәтерденпәтерге көшіп жүр әлі күні. Оның несі жақсы?

Мен сұлу қызбын, әрі өте жаспын. Таңнан кешке кеңседе отырып, бас ауыртқым келмейді. Сәнді киініп, жиі саяхатқа шыққым келеді, қалаған кезде қалаған ресторанға кіріп, тамақтанғым келеді. Сұлулық салондарына, фитнес залдарға барғым келеді.

Өмірде ештеңеге қол жеткізе алмаған, мүмкіндігі шамалы, жаман жігітке қор болғым келмейді.

Мені қамтамасыз ете алмаған еркекке мен неге махаббат пен қуаныш сыйлауым керек?

Кімнің бақытты болғысы келмейді? Жылы да жайлы үйім болғанын қалаймын. Өз күйеуімді құрметтегім келеді, сүйгім келеді. Солай, менің жағдайымды жасауға толық әлеуеті жететін жігіт табылар.

Менің арман-тілектерім соншама ерекше ме? Меніңше, бұл қалыпты, ақылға қонымды тілек сияқты. Әлде менің оған қақым жоқ па?», дейді 19 жастағы студент қыз.

Аяжан Төрехан