el24.kz Қазақстанда концерттік қызметке қатысты жаңа талап күшіне енді. 2026 жылғы 16 сәуірде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қол қойған бұйрыққа сәйкес, енді әншілер фонограмма қолданатын болса, көрермендерді алдын ала ескертуге міндетті. Жаңа норма 2026 жылғы 2 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа талапқа сәйкес, концертте фонограмма пайдаланылса, бұл туралы ақпарат кемінде 30 күн бұрын жариялануы тиіс. Ескерту билет сататын орындарда, жарнамаларда, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде көрсетілуі қажет. Ал теле-радио жарнамаларда бұл мәлімет анық естілетін немесе көрінетін түрде берілуі керек.
Министрлік бұл өзгерістердің басты мақсаты – көрерменнің ақпарат алу құқығын қорғау және концерттердің ашықтығын арттыру екенін атап өтті. Енді тыңдарман билет сатып алмас бұрын концерттің жанды дауыста өтетінін немесе фонограмма қолданылатынын алдын ала біле алады.
Осылайша, жаңа ереже мәдени іс-шаралардағы ашықтықты күшейтіп, көрермен мен орындаушы арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.
