el24.kz Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі әуе тасымалы ережелеріне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Жаңа түзетулерге сәйкес, музыкалық аспаптарды алғаш рет ресми түрде ұшақ салонына қол жүгі ретінде алып өтуге мүмкіндік беріледі.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдаудың қолданыстағы нормаларына өзгерістер әзірленіп жатыр. Бұл бастама азаматтардан түскен көптеген өтініштер негізінде қолға алынған.
Жаңа талаптарға сай, музыкалық аспаптардың өлшемдері 110×35×30 сантиметрден аспауы тиіс, ал салмағы 10 келіден жоғары болмауы қажет. Бұл талаптарға домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптар да кіреді.
Егер музыкалық аспап жолаушының жалғыз қол жүгі болса, оны тегін алып өтуге рұқсат беріледі. Ал белгіленген нормадан асқан жағдайда, қосымша орын үшін әуе компаниясының тарифіне сәйкес ақы төленеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда музыкалық аспаптарды тасымалдауға арналған бірыңғай ережелер болмаған. Олар багаж немесе қол жүгіне қойылатын жалпы талаптар бойынша ғана тасымалданып келген еді.
Жаңа өзгерістер музыканттар мен шығармашылық өкілдері үшін қолайлы жағдай жасап, ұлттық аспаптарды тасымалдауды жеңілдетеді деп күтілуде.
