el24.kz Алматыдан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызында қайғылы оқиға тіркелді. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі ресми мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, 2026 жылғы 27 сәуірде №033 «Алматы – Ақтөбе» бағытындағы пойыз жол үстінде келе жатқан кезде 1966 жылы туған жолаушының денсаулығы күрт нашарлаған. Пойыз бастығы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасын шақыртқан.

Алайда оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері жолаушының қайтыс болғанын растады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыздағы барлық вагондар белгіленген талаптарға сәйкес әмбебап медициналық қобдишамен жабдықталған. Сонымен қатар, ауа баптау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақ екенін жеткізді.

Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.