el24.kz Алматы қаласында жалғыз тұратын 81 жастағы зейнеткерді ұрлап, оның жылжымайтын мүлкін өз атына рәсімдеуге әрекеттенген күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы полиция органдары ресми мәлімдеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Түрксіб ауданында тұратын қарияның жоғалып кеткені туралы оның танысы хабарлаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында зейнеткер қала маңындағы елді мекендердің біріндегі жеке тұрғын үйден табылды.

Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның әлсіз жағдайын пайдаланғаны анықталған. Алдын ала деректерге сәйкес, олар қарияны еркінен тыс ұстап, психологиялық қысым көрсету арқылы оның мүлкін өз атына аударуға мәжбүрлемек болған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде екі ер адам мен бір әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға және күмәнді жағдайларда дереу полицияға жүгінуге шақырады.