el24.kz Қазақстанның ірі қалаларында азаматтардың құпия деректерін заңсыз жинап, таратумен айналысқан қылмыстық топ анықталды. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың наурыз айында Астана және Алматы қалаларында жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз әрекеттер әшкереленген.

Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық іс фигуранттары интернет арқылы заңсыз жолмен алынған жеке мәліметтерді сатып отырған. Бұл деректерді сатып алушылар қатарында кейбір микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған.

Ведомство хабарлағандай, тінту барысында компьютерлік техника, электронды ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемдегі ақша қаражаты және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу), 208-бабы және 210-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Құзырлы органдар азаматтарға жеке деректердің қауіпсіздігіне мұқият қарауды және күмәнді сервистер мен үшінші тұлғаларға жеке ақпаратты бермеуді ескертеді.