el24.kz Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарына қатысты даулы мәселе қайтадан қоғам талқысына түсті. Экологтар мен жануарларды қорғаушылар «Честно Говоря» подкасты барысында Астанадағы кейбір танымал мейрамханаларда ұсынылған тағамдардың құрамына ит еті араластырылған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Белсенділердің сөзінше, бұл деректер бірнеше жыл бұрын сотта қаралып, белгілі бір фактілер ресми түрде тіркелген.

Қоғам белсендісі Сергей Снегиревтің айтуынша, Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарына арналған ит етін жасырын дайындайтын көлеңкелі жүйе ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген. Оның сөзінше, Астанадағы бірқатар танымал франшизалар құрамына ит еті араластырылған тартылған фаршты сатып алған болуы мүмкін. Белсенді бұл мәліметтер құқық қорғау органдары жүргізген тергеу материалдарында кездескенін алға тартты.

Снегиревтің айтуынша, бақылау сатып алуы кезінде сатушы ең аз көлем ретінде 100 келі ет ұсынған. Кейін күдіктінің үйінде жүргізілген тінту барысында шамамен 750 келі ет тәркіленген. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл ет басқа өнімдерге араластыру үшін дайындалған. Кейбір ақпарат көздерінде ол өнімдердің қоғамдық тамақтану орындарына жеткізілуі мүмкін болғаны айтылған.

Бұл мәселеге байланысты бұған дейін Ақмола облысында тіркелген оқиға да қайта еске алынды. 2023 жылы қаңғыбас иттерді ұстап, сойып, етін сатты деген күдікпен ер адам ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін бұл іс сотқа жетіп, күдіктіге айыппұл салынғаны хабарланған. Алайда нақты қандай мейрамханалар немесе мекемелерге ет жеткізілгені ресми түрде жарияланбаған.

Подкаст барысында зообелсенді Темірлан Тоспаев Орал қаласындағы жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, қаңғыбас жануарларды аулау тендерін жергілікті ет өңдеу кәсіпорны жеңіп алған. Бұл жайт қоғамда түрлі күмән туғызған. Өз кезегінде қала әкімдігі мұны мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарымен түсіндіріп, конкурсқа қатысуға өтініш берген жалғыз мекеме осы болғанын мәлімдеген.

Белсенділер Алматы облысында бірнеше жыл бұрын болған оқиғаны да еске салды. Ол кезде еріктілер жаппай ұсталған иттер сақталған орынды анықтаған. Олардың арасында қаңғыбас жануарлармен қатар мойнында қарғыбауы бар үй иттері де болғаны айтылған. Кейбір тұрғындар сол жерден өз жануарларын танығандарын мәлімдеген еді.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин туралы да сөз қозғалды. Ол бұған дейін бірнеше рет адам өмірі жануар өмірінен маңызды екенін айтып, қаңғыбас иттердің балалар мен әйелдерге шабуыл жасайтынын алға тартқан болатын. Сонымен қатар депутат қаңғыбас жануарларға қатысты эвтаназия мәселесін қолдап пікір білдірген.

Ал Сергей Снегирев жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға өзгерістер енгізу жұмысын дәл осы депутаттың басқаруына күмәнмен қарайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай маңызды мәселемен жануарларды қорғау саласын терең түсінетін мамандар айналысуы қажет.

Қазіргі уақытта Астана мейрамханаларына қатысты айтылған мәлімдемелер бойынша мемлекеттік органдар ресми тексеру қорытындыларын жариялаған жоқ. Сондықтан белсенділер келтірген ақпараттар қоғамда қызу талқыланып жатқанымен, нақты қандай мейрамханалар немесе мекемелер қатысы бар екені ресми түрде расталмаған.