Жалпы, үлкен адамдардың, қарттардың айтуынша, күн ұясына батып бара жатқан кезде, яғни бейуақта ұйықтауға, жылауға, сапарға аттануға, асығыс-үсігіс әртүрлі істер атқаруға және судың жағасына жалғыз баруға болмайды.
Бейуақ – күн қызарып батып, қараңғы түн әлі түсе қоймаған өліара шақ. Оны басқаша күнмен түн таласқан шақ, екі кештің арасы, апақ-сапақ, қызыл іңір, ымырт деп те атайды.
Бұл мезгілде жын-сайтандар көшеді, жүреді-мыс. Мәселен, олар ұйықтап жатқан кісіні түртіп кетуі мүмкін. Соның кесірінен ол адам айықпас дертке шалдығуы немесе мүлдем оянбай қалуы, яғни бақилық болуы әбден ықтимал дейді. «Қас қарайған, көз байланған шақта сақ болыңдар» деп қариялар үнемі ескертіп, сақтандырып отырады.
Осы ретте әжемнің айтқан бір әңгімесі менің есімнен кетпейді. Бұл – өткен ғасырдың бас кезінде болған оқиға. Әжемнің шешесі ол кезде жиырма жас шамасындағы жаңа түскен келіншек болыпты. Зайсан көлінің жағасындағы бір ауылда тұрған кезі екен. Күн батып бара жатқан уақта ойында ештеңе жоқ ол көл жағасына барып, шелегіне су алмақшы болады. Сол заманда құдық деген кез келген үйде болмайтын, ел ыдыс-аяқ не кір жууға суды қасындағы өзен-көлден алатын. Сөйтіп, жағаға барған апамның анасы су ішінде тырдай жалаңаш отырған бір қызды көреді. Әлгі ару теріс қарап, ұзын қара шашын тарап отыр екен. Ауылдың бір тұрғыны шығар деп мән бермеген ол шелегімен су алғалы жатқанда жаңағы қыз су ішіне сүңгіп, жоқ болып кетеді. Тек су бетіне ауа көпіршіктері ғана шығады. Аяқтарының орнына балықтікі секілді қабыршақты құйрығы бар екен. Көргені адам емес, су перісі екенін енді ұққан апамыз шелегін тастай сала, жанұшыра үйге қарай безе жөнеледі.
Келесі бір түсініксіз жайт – Қайырхан атамның басынан кешкен оқиғасы. Бұл жағдай өткен ғасырдың 50-ші жылдарында болыпты. Атам қызыл іңірде көрші ауылға салт атпен шығады. Жапан далада жалғыз өзі келе жатады. Жол бойында қараусыз қалған, қабырғалары құлағалы тұрған үй бар екен. Сол тамның иесіз қалғанына бірнеше жыл болыпты. Жанынан өтіп бара жатып, әлгі жаққа қараса, сол үйдің ішінде шам жанып тұр. Міне, қызық! Атам біраз түсінбей тұрып, қасына жақындап көргісі келеді, алайда астындағы аты үркіп, мөңкиді. Сонда да аттың басын үй жаққа бұрып, қасына таяйды. Қараса, үй ішінде қызылды-жасылды көйлек киген көп қыздар мың бұрала билеп, ән салып, сықылықтап күліп жүр екен. Өз көзімен осындайды иен далада көрген Қайырхан атамыз бұның жын-шайтанның ісі екенін сол кезде ғана сезіп, астындағы атын қамшылай шауып, әлгі маңнан қаша жөнеліпті.
Әжемнің айтуынша, бұрындары адамдар мұндай тылсым жайттарға, ақылға қонбайтын түсініксіз оқиғаларға жиі куә болған екен.
Иә, тылсымға біреу сенсе, енді біреу елемейді. Бірақ ел ауызындағы жоғарыдағы тыйым сөздердің астарында бір шындықтың жатқаны анық…
Таңиіс Зарипова